Алматы облысында қарулар мен оқ-дәрілерді және ірі көлемде ақша ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Оқиға 29 қазан күні Талғар ауданында болды. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланған қылмыскерлер пластикалық терезені керіп ашып, арнайы сейфте сақтаулы қару-жарақтар мен оқ-дәрілерін, ірі көлемдегі қаржыны жымқырған», - деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 
 
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтады. Талғар ауданы полициясының жеке құрамын жұмылдырып, қылмыс жасаған топ мүшелері ұсталды. Қолға түскен  28-35 жастағы Алматы қаласының 3 тұрғыны да бұған дейін қылмыстық әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған болып шықты.
 
 «Полицияға дер кезінде хабар берілгенінің нәтижесінде қылмыскерлер із суытпай қолға түсті. Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының  3-тармақшасына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қылмыскерлерден жауап алынды. Сондай-ақ, олардың басқа да қылмыстарға қатысы анықталу үстінде. Күдіктілер Талғар ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», - деп атап өтті облыстық полиция өкілдері. 
 
Айта кетейік, облыстық полицияның ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда өңірдегі қару-жарақ иелеріне қойылатын талаптарды тәртіп сақшылары қатаң бақылауға алған. Жыл басынан бері полицейлер заңсыз айналымнан 90-ға жуық қару тәркілеген. 
 
Олардық ішінде аңшы мылтықтары, шолақ мылтықтар, газ және травматикалық қарулар бар. Осындай жағдайлар орын алмауы үшін қару иелерін еліміздің заңнамасын қатаң сақтау қажет екенін ескертеді.  


                                                              Дереккөз:inform.kz