Егер әйел қыз туа берсе, баланың жолдасын босанған әйелдің басынан үш рет айналдырса ұл туады деп ырымдайды.
Келін бала көтермесе, нағашы жұртының бір баласын қойнына алып жататын ырым бар.
Жүкті әйел шашын кессе, іштегі бала кемтар болып туады, бақыты кесіледі деп ырымдайды.
Жаңа түскен келін киім-кешегін қысқартса нәрестесі кем туады немесе түсік тастайды деп рұқсат етпеген.
Жас келіншек аяғы ауыр кезінде түйе етін жемейді. Себебі, баласын түйе сияқты көп уақыт көтеріп, мезгілінде тумайды деген ырым бар.
Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса – ол екіқабат екен деп ырымдайды.
Жүкті әйел қоян етін жесе немесе оған жерік болса – баласы қоянжырақ болып туады деседі.
Әйел екіқабат кезінде жерігі қанбаса, одан туған баланың аузынан су ағып жүреді.
Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады деп ырымдаған.
Сәби анасының төсін ұстап отырып емсе – сараң болады, еркін емсе – жомарт болады дейді.
Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – болашақта батыр болады, бұл – кемеңгерліктің белгісі.
Шөбересінің алақанынан су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
Бесіктің бас жағына пышақ, қайрақ, қамшы қояды немесе үкінің тұяғын, кірпінің терісін, жыланның бас сүйегін тағады. Мұндайда шайтан, жылан, жәндік, тышқан келмейді деп жорыған.
Балаға асық етін мүжітпейді. «Алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме» деген сөз бар.