Балтабек Нұрғалиев  ақын,Т.Жүргенов  атындағы  қазақ  ұлттық  өнер академиясында "Музыкалық театр артисі" мамандағы  бойынша "Актер шеберлігі" пәні мұғалімі

 

-Балтабек,  қайырлы күн! Сіздің ақындығыңыз бар екенін білеміз. Басқа қандай қырларыңыз бар?

 

        -Қайырлы күн! Рас айтасыз!

         Мен – ақынмын,

        Ақиқат айту үшін жаратылдым.

        Мақсатым орындалды деп білемін,

        Жақсы атын үстем етсем ана тілдің.

 

       Ақындық – Алла сыйы, мен – ақынмын,

       Ақ нұрдан жаратылған қанатым мың.

       Шөлің де көл болады – мен сөйлесем,

       Төрінде күн шығарам қара түннің.

Сонымен қатар, орыс тілінен әдеби аудармалар жасаймын. Мектепте 9-шы класста оқып жүргенімде Пушкиннің бірнеше өлеңдерін аударғанмын.

 

-«Мен қазір съемкадамын» деп қалдыңыз. Жалпы, мамандығыңыз қандай?

 

-2013 жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын «Драма театрының режиссері» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіргенмін. Ал, 2016 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша тәмамдадым. «Өнертану» ғылымдарының магистрі атандым. «Мен қазір съемкадамын» деген себебім, менің өлеңдерімді  халық  іздеп жүріп оқиды. Барша жырларымды жатқа білмеймін. Оқырмандарым өз жырымды өзіме жатқа айтып бергенде, таңданып қалатын сәттерім аз емес. Мені бүгін «Алматы» телеарнасына арнайы дайындалып жатқан «Жұлдыздар поэзия оқиды» атты поэтикалық жоба түсіріліміне шақырған болатын. Бұл жобаны Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино және телевизия» факультеті әзірлеу үстінде екен. Бұйыртса, жақында теледидардан көріп қаларсыздар.

 -Өлеңді қанша жастан бастап жаза бастадыңыз?

 -Өлеңді жеті жасымнан бастап жаза бастаппын. Алғашқы өлеңім «Әртістер» деп аталыпты.

«Алдамшы қылықтары,

Толып тұр былықтары,

Сатқындықты көргенде, аһ ұрасың.

Дарынсыз әртістерім,

Білмейді әл-күштерін,

Тоздырып жүр саясат сах(ы)насын», - деп жырлаппын сол кезде. Неге бұлай жырлағаным өзіме де жұмбақ. Одан кейін Бетховен туралы кино көріп, әдемі әсерге бөленіп, композитор өміріне арнау жазған едім. Бәрі осылай басталды.

-Жақында ғана «НЕМЕРЕСІ ӘЖЕНІҢ ӘЛЖАНДАЙЫН!!!» деген өлеңіңіз  әлеуметтік желі қолданушыларының біраз сынына қалды. Бұл идея қайдан келді? Күні кеше «ӘНІНДЕЙ ӘБІШ ӘКЕ ӘДІЛЕТТІҢ!!!»  деп тағы өлең жаздыңыз. Мұндай арнауларыңыз бір мақсатқа көзделген бе?

   -Бұл өлеңдерім  Егемендігімізге  ерен  еңбектері сіңген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ,1991 жылы Алматы  қаласы, «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Әділеттің ақ жолы» атты кітабының «Қара нанның дәмі» атты тарауын оқығаннан кейін туындады. Әлемдік дәрежедегі парасатты саясаттың пайғамбары атанған Президентіміздің жан сөзі менің жүрегімді шын тебірентті. Жаным толқып кетті, шабытым шалқып, көңілімді бір ерекше шаттық биледі. Осы кітапты оқып отырғанымда Елбасы менімен тікелей сырласып, ақылдасып отырғандай күй кештім. Оның шыншыл, турашыл, ашық, адал сөздері менің жанарыма жас үйірді. Менің ойлау жүйем, өмірге деген  көзқарасым Елбасымыздың пікірлерімен үндесетініне көз жеткізіп, қуанышым қойныма сыймады. Оның балалық, жастық кезеңдерінде орын алған  кейбір  өмірлік оқиғалары менің де басымнан кешкен жағдайлармен егіз екендігін түйсіндім. Елбасымен бірге сол өмірді мен де сүргендей, сол заманның  бейнесін  мен де көргендей бір ғажап сезімде болдым. Әбіш ата мен Әлжан әженің кісілік келбеттері менің атам мен әжемнің келбеттерін көз алдыма әкелді. Өлеңдерім ешкімнің нұсқауынсыз, тапсыруынсыз жазылды. Нақтырақ айтсам, бейне бір кәусар бұлақтай атылып, жан түкпірімді жарып шықты. Дұрыс айтасыз, әлемде мақсатсыз жаратылыс жоқ. Жаратушы  Иеміз әр жаратылысты белгілі бір мақсатқа бағыттаған. Сіздің «Мұндай арнауларыңыз бір мақсатқа көзделген бе?» деген сауалыңызға  жауап беру «Көк жүзіне күн не мақсатпен көтеріледі?», «Жерде гүл не мақсатпен жайқалып өседі?», «Не мақсатпен жеміс ағаштары күзде жеміс береді?», «Не мақсатпен өзендер арқырап ағады?», «Не мақсатпен көктемде қар-мұз ериді?», «Не мақсатпен ағаш атаулы көктемде бүр жарады?» деген сұрақтарға жауап бергенмен бірдей құбылыс. Арнауларымның  мақсаты айқын – қазақстандық  қоғамдағы негативпен күресу, нұрлы энергияны насихаттау, елді үйлесімділікке үгіттеу. Адамдар арасындағы сыйластық, татулық, бауырластық, ынтымақтастық, бейбітшілік секілді ұлы сезімдерді ояту. Әбіш ата мен Әлжан әженің тектілік тұнған тәрбиесі болмағанда Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи тұлға ретінде де, адамзат бас иген азамат ретінде де қалыптаспас еді. Ал, Қазақстан болашағы Елбасы есімімен баянды болғаны рас.

 -Жалпы, сынды қалай қабылдайсыз?

 -Сынды мен үнемі үлкен үмітпен қабылдаймын. «Осы сын иесінің имандылығы иландыра алса екен» деген үмітпен.

 -Сынағандарды қара тізімге салып, жауап бермей отыра бересіз бе? Әлде, оқымаған кісіше мән бермеуге тырысасыз ба?

-Жоқ. Қара тізімге ешкімді қосқан емеспін, қоспаймын да. Мен сынды оқып отырғанда, сол сын иесінің ішкі мәдениетінің дәрежесіне бәрінен бұрын көңіл аударамын. «Мені мақтады екен, мені қолдап сөйледі екен» деп желпілдеп, жын ұрғандай есімнен айрылатын, «мені даттады екен, мені қорлап сөйледі екен» деп, еңкілдеп, еңсемді жын басқандай қайғыратын мен емес.

 -«Ол баланың шыдамдылығына таң қалдым. Қанша сын айтылса да, үн қатпайды. Жас болса да, сабырлы.Біреулерге  ұқсап аузына келгенін айтып,жаға жыртысып жатқанын көрген емеспін» деп ой айтыпты бір ағаң. Қаншалықты сабырлысыз?

 -Мені сабырлылыққа тәрбиелеген мектеп – кемеңгер ойшылдардың кітаптары. Олардың қатарында Жүсіп Баласағұнның, Кенен Әзірбаевтың, Махамбет Өтемісұлының, Абай Құнанбаевтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхтар Әуезовтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Мағжан Жұмабаевтың, Франсуа де Ларошфуконың, Ли Куан Юдің, Конфуцийдің, Немат Келімбетовтің, Нұрсұлтан Назарбаевтың, Лев Толстойдың, Антон Чеховтың, Шыңғыс Айтматовтың, Әбіш Кекілбаевтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Мұқағали Мақатаевтың, Сырбай Мәуленовтің, Жарасқан Әбдірашевтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырзалиевтің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Төлеген Айбергеновтің, Сағи Жиенбаевтың, Бердібек Соқпақбаевтың, Ғабит Мүсіреповтің, Бейімбет Майлиннің, Сәкен Жүнісовтің, Оралхан Бөкеевтің, Дулат Исабековтің, Бауыржан Момышұлының, Александр Пушкиннің, Михаил Лермонтовтың, Иван Крыловтың, Иван Тургеневтің, Уильям Шекспирдің, Гётенің, Байронның, Лорканың тағы да басқа тағылымды авторлардың кемел ойлы кітаптары бар.

 -Сынай білген халық ақындарын аялап алақанға да сала біледі. Елде болып жатқан әлеуметтік мәселелерді қозғап өлең жазу ойыңызда жоқ па?

 -Жазып жүрмін. Алдағы уақытта да, жазуды жалғастыра түсемін деген ойдамын. Мен елімізде дауасыз дерттей асқынып  тұрған  жемқорлық қиянатына қарсы күрес жолында көп жазуға, кең жазуға қолымнан келгенше күш салмақпын.

 -Дариға Назарбаеваға арнаған арнауыңызды ол кісі оқиды деп ойлайсыз ба?

 -Білмеймін. Адам баласы алдағысын болжап, біле алмайды ғой.

 - Өзімізді қызықтырған сұрақтарға тұщымды жауап алдық. Уақыт бөліп,  жауап бергеніңіз үшін көп рақмет!