Жайна Сламбек

Астана арнасы “Біздің уақыт”апталық сараптамалық бағдарлама жүргізушісі

Жайна ханым, сұхбатымызды эфирге келу жолыңыз жайлы айтудан бастасақ... 

Журналист болғаныма 22 жыл. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін 1996 жылы аяқтағасын барып кіріскенмін. Жұмысқа оқуды тәмамдағасын тұрғанымды айтып отырғаным, журфакта білім  алып жүргенде жұмыс істеп бастайтындар көп.

Оны «жақсы» немесе «жаман» деп, кесіп тастай алмаймын. Менің сол кездегі ойым – нақ студент шақта оқитын кітап, еңбек көп. Жұмыс істесем, жайына қалады. Жалпы, еңбек жолымның басым бөлігі кадр сыртында өтті.

 

 "Біздің уақыт" бағдарламасы -  отандық арналардағы ең өзекті ақпараттық сараптамалық бағдарламалардың бірі десек артық емес. Аз кем бағдарламаның тарихына тоқталсаңыз...

 

«Хабар» арнасында істеп жүргенімде «жаңалықтар» жүргізгенім бар. Ал студиядан тұрақты сөйлеп жүргеніме 5 –ші жыл. «Астана» арнасынан сараптамалық бағдарлама дайындап, жүргізу жөнінде шақыру алғалы бері. Шақырту алғасын, келістім. Себебі сараптамалық бағдарлама жасауға тәжірибем жетеді деп ойладым. Бұрын да айтқам – қоқыс полигондары немесе жазалау орындарынан бастап мемлекеттердің басшылары жиналатын ірі жиындарға дейін түсірдім. Барлық дерлік сала бойынша материал жасадым. Сөйтіп бағдарламаны «Біздің уақыт» деп атап, біздің уақыттың көріністерін беруге кірістім.


 "Эфир - ізденіс пен ізгілік ұғымынан тұрмаса, көрерменге қызмет етпегені" деген француз телевизиясының девизі бар. Сіздіңше қалай? 

 

Автор ретінде тақырыптарды өзім іздеймін, тапсырма жүктелген тілшіге материалды қандай ракурстан көргім келетінін айтамын. Сөздің түйінін көп ретте өзім жазамын. Иә, журналистика ережелеріне сай, ақылсып, көсемсуге болмайды. Бірақ шенеп, ирониялап, сарказмға салуды ешкім жоққа шығара алмас. Екіншіден, біздің әлсіз азаматтық қоғамда, бюрократия мен коррупция  дерттерінің «шегінетін» түрі көрінбей  тұрғанда салқынқанды бола алмайды екем...

 

  Бүгінгі эфирге не жетпейді?

Бүгінгі эфирге танымдық, ағартушылық, интеллектуалдық бағдарламалар жетпейді. Екінші жағынан, жалпы көпшіліктің cұранысы «шоу» болып тұр. Ондай талапты да түсінесің, себебі күйкі тіршіліктен шаршаған адам көп. Олар аз уақытқа болса да, көңілсіз күйден арылып, «лашық-өмірді» ұмытқысы келеді...

 

 Сіз үшін көрермен деген кім?
 

Көрермен менің ата-анам, бауырларым, жақыным, ұстаздарым... бір сөзбен қайырғанда, көрерменге осы призмадан қараймын.

 Эфир көшіндегі сіз ұстанған ұстаным?

Бағдарламаны 100 процент жақсы ғып шығара алмайсың. Және бірінші кезекте өзіңнің көңілің толуы керек.Ал егер 70 процент ойлағандай болса, жаман емес.

 

- Сізді жиі азамат ретінде қоғамдағы нендей мəселе ойландырады?

 

 Толғандыратын мәселе өте көп. Бірінші кезекте жемқорлықтан шошимын.

 

  Бүгінгі қазақ эфирінің алтын қазығы нендей құндылық болуы керек деп санайсыз?

 

Қазақ эфирінің ғана емес, қазақ қоғамының құндылығы - мемлекеттілікті нығайту. Скептик ойларды басым түсіретін факторлар көп болғанымен, ең басты байлық - Адам, адам өмірі болатын заманға ұмтылу.

 

 Қолымнан келмеді «әттең –ай!» деген өкінішіңіз бар ма?

Адам баласының өкінетін сәттері аз болмайды. Ал кәсіпке байланысты өкініш... «Өкініш» деп дабырайтуға келмейді, дегенмен өзімдегі ұнатпайтын дүние - бәрін түсініп тұрсам да, өзгермейтін қалыптарды, дәл қазір шешілуі мүмкін емес мәселелерді әлі күнге дейін жүрегіммен қабылдайтыным.

 

 Әйел адамға үй тірлігімен қоса, журналистиканы қатар алып жүру оңай емес.Ал эфирде жүру екі есе жауапкершілікті талап етеді. Эфирдегі  Жайнамен, өмірдегі Жайнаның айырмасы бар ма?

Эфирдегі Жайна мен өмірдегі Жайна дейсіз бе? Болмысыңды жасыру мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Айырмашылық - эфирге боянып шығатыным ғана шығар. Мені жаратпайтын біреулер «даусын түрлендіріп сөйлейді», дейді екен. Ақталғым жоқ, дегенмен – ол менің Үнім. Әрбір дерлік материалды миымның әр талшығымен «жазамын». Сөз қылып отырған мәселені қалай көремін, солай оқимын. Мен әртіс емеспін. Мен журналист болуды 3-сыныптан армандаған Сламбектің қызы Жайнамын.      

 

Уақыт  тауып сұхбат бергеніңіз  үшін рақмет! Қазақ эфирінде  халықтың  үні мен көзі  болып жарқырай  беріңіз.