Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Алматы қаласы, Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры аясындағы «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі

 Мұратхан ШОҚАН

13 – ші маусымда ақынның «Алаш үндемей –ақ сүйем сені» атты жыр кеші өтетінін хабарлаймыз. Болатын жері : Көксу аудандық мәдениет үйі ,сағат 18:00

 

"Сөз - көңіл кілті". Бұл - өзбек халқының халық нақылы.  Нақылды қалай жалғар едіңіз?

Әуелі сөз пайда болған деп жатады. Меніңше, сөзден бұрын ой пайда болған. Сосын сөз дүниеге келген. Бұл - логикаға сыяды. Адам сөйлерден бұрын ойлайды. Біз көбінде қалыптасып қалған қағидалармен өмір сүреміз. Кейде үңіліп қарасаң, қағидалардың қабырғасы қақырап тұрады. Ал сөзге келсек, сөз жайлы сөздер өте көп. Халқымыз «сөз сүйектен өтеді», «сөз- көңілдің айнасы» деп жатады. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел»,- дейді Абай. Ой түзелсе, сөз түзелсе, тыңдаушы түзелсе, заман түзелсе тамаша болар еді.

 Алғаш жазған өлеңіңіз қашан жəне кімге арналған еді?

Алғашқы өлеңім 10 жасымда мейірімсіздікке, қатыгездікке қарсы жазылды. 10 жасымда қоғамда теңсіздік барын, жоқшылық барын, қайырымсыздық барын сезіндім. Менен нан сұрап алақан жайған бала, ана тілі сабағындағы «тамақтың иісі мен ақшаның сылдыры» деген әңгіме маған өмірдің керемет емес екенін түсіндірді. Сол күннен бастап өлең жазып кеттім.

Ақын болудың сіз білген қиындығы қандай?

Ақындық- құдайдың сыйы. Құдайдың сыйына ие болған адам құдайға жақын ғұмыр сүрсе, қиыншылыққа ұшырамайды. Ақын пенделікке жақындаса, құдайдан алыстайды. Пенделіктен алыстаса, құдайға жақындайды. Құдайға жақын болуға құлшынып ғұмыр сүріп жүрмін.

 Кез келген адамның риясыз əңгімелесетін адамы болады. Сіз əңгімелесетін адам кім?

Адамдарға сеніп өмір сүргенге не жетсін?

"Ұрынам-ау деп ойламай қар-мұзға,

Мен сенемін бар жігітке, бар қызға.

Бүгін сеніп ғұмыр сүрген дұрыс қой,

Кім біледі ертең жоқпыз бармыз ба? “- бұл менің ұстанымым. Сырласатын, сыйласатын адамдарым көп. Қазір ұлы жаратылыс дүниесімен риясыз сырласып жүрмін.

 Аға, рухты əлсіретпейтін хəм үмітті өлтірмейтін адам бойындағы  қандай қасиеттер деп ойлайсыз?

Адам баласының рухын әлсірететін, үмітін өлтіретін нәрсе- «көрпесіне қарай көсілмеу», өз мүмкіндігін шамаламау.

Үміттерің жолға салса шырғалаң,

Алға емес, шегіне біл бір қадам.

Арман кейде өз-ақ іздеп табады,

Аңсағанда саған мойын бұрмаған...

Үнемі бір армандардың соңына түсіп алмау керек.

Кейде арман етеміз тау алысын,

Қарапайым көп істің жауабы шын.

Кейін білдім, бақытсыз емес екем,

Бақытты екем бір жұтым ауам үшін!..

Орындалмас армандар үмітіңді өлтіріп, рухыңды әлсіретеді.

 Сіздіңше,  бүгінгі қоғамның келбеті қандай?

Біз ақшалық арпалысқа толы ғасырда жасап жатырмыз. Мен әр күні күнелту үшін жанталасқан адамдар шоғырының арасында кетіп бара жатам. Менің де санам тіршілік үшін әр түрлі жоспарларға толы... Адамдардан ізігілік шегінді. Қоғамның ізгілік пен мейірімді бағалап жатқаны шамалы. Жұртшылық күнелтудің күдір жолына түсіп алған, басқаны ойлауға мүмкіндіктері аз. Бұл жағдай адамдардың табиғатында бар өзімшілдігін одан ары өршіте түсуде... Қазір көп орындарға ылғи да бір жарты адамдар отырып алған. Парақорлық асқынып тұр. Халықтың көзіне бидай болып көрінетін бидайықтар бидайдың орнын басып алды. Ақ пен қара араласып, миша былықты. Миша былыққан ортада өзіңді таза ұстап қалуға талпынасың. Тазалықтың жолы жалғыздық, қалың шоғырдың ішінде қадау-қадау жалғыздар кетіп бара жатыр. Қоғамның бет-бейнесін өзгерту үшін жалғыздардың бірігіп, көп болғаны дұрыс. Біздің қоғамға расымен де рухани жаңғыру керек. Рухани жаңғыру үшін рухы биік тектілерді көтерген жөн. Сәулелі жандарға биіктен орын берген қоғам, тез кемелденеді. Қарапайым мысал, маңайды жарық қылу үшін фонарларды бағандардың басына іліп қояды емес пе..?

 "Адам құны арзандамаса, өлең түсінетіндер де азаймас" деген Марина Цветаева. Ал, дəл бүгін адам құнын ұғатындар қатары аз сияқты. Сіздіңше қалай?

Халық әлі де өлең оқиды. Өлең – жан дертінің емі. Ғылымға сүйенген кез-келген мықты дәрігер жан дертін емдей алмайды. Адам құны арзандаған жоқ. Ақын еместі ақын, арзан өлеңді құнды етіп көрсеткісі келетіндер көбейді. Бұл жағдай халықтың өлеңге деген махаббатына сызат салуда. Бірақ бәрібір халық жан дертіне ем іздейді. Өлең халықпен бірге жасайды. Өлең адам барда өлмейді.

Аға, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!Алдағы болатын шығармашылық кешіңізге сәттілік тілейміз!