Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінің 42 жастағы сержанты Әділет Керімов сарбаздарды темекі тұқылын жеуге мәжбүрлегені және бір сарбазды ұрып-соққаны үшін сотталды-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Ақтөбе гарнизонының әскери соты оны билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.
Оқиға 2024 жылдың 29 ақпанында медициналық ротаның аумағын тазалау кезінде басталған. Сержант Керімов еденнен темекі тұқылын тауып, екі сарбазға оны жеуді бұйырған.
Сарбаздар бұйрықты орындағаннан кейін, олардың бірі өзін жайсыз сезініп, медициналық пунктке жүгінген. Келесі күні сержант жатақханадағы тәртіпсіздікке ашуланып, сол сарбаздардың бірін бірнеше рет тепкен.
Сот барысында сержант Керімов өзіне тағылған айыптарды мойындамады, ешкімді ұрып-соқпағанын және тек тәртіпті сақтау туралы ескерту жасағанын айтты. Алайда, сот оның билікті асыра пайдаланғанын дәлелдеп, тиісті жаза тағайындады.
Бұл оқиға әскери бөлімдердегі тәртіп пен әлімжеттік мәселелерін қайта көтеріп, қоғам назарын аударды.