Түлеп ұшқан далада гүл қаптаған,
Құдiрет деп халқымыз құндақтаған
Қорқыт ата, Ықылас арасында
Мың жыл бойы күй төгiп, үн қатпаған;
Соңғы ғасыр тағы да алға қарай
Күңiренiп жасаған құрғақ қадам —
Қасиеттi, о, қобыз, тарих-дастан,
Қолға алудан дарынсыз ғарiп қашқан.
Кешегi күн сотталсаң кешiре гөр,
Кешiр бiздi өспесек танып бастан.
Кешiр бiздi соқырдың соңына ерсек,
Пiкiрлерден жан-жаққа алып қашқан.
Душар болып тар кезең, қилы ағынға,
Ата-баба рухын қинадың да...
Саған надан шығарды сырттай үкiм,
Ойламастан ар, ұят, иманын да.
"Қобыз — дiннiң қалдығы" дедi өктем,
Тән екенiн бiлместен күй дарынға.
Қасиеттiм, толғаған абыздар көп,
Сақтамайды көңiлiне нағыз нар кек.
Демi үзiлер сәтiнде әкем айтқан:
"Тұқымыңда, балам-ау, қобыз бар!" — деп,
Ұрпағының алдында кетпеу үшiн
Бұл жалғанда ақырет қарыздар боп.
Қасиеттiм, о, менiң қос құлақты,
Шанағыңның үстiне тас құлапты.
Бүгiн тылсым үнiңдi тiрiлтсем деп,
Өмiр құмар бұл кеудем тасқын атты!
Сен де ордаға айналдыр жаңа отауды,
Құйғыза гөр теңiзге жас бұлақты...
Хамза Көктінді (Əмзе Қалмырзаұлы)