Ақпарат және коммуникациялар министрінің бүгінгі бекіткен ережесіне сәйкес, енді қолыңыздағы смартфонды жылдың соңына дейін бірыңғай базаға тіркеп үлгеруіңіз тиіс.

Ол үшін қолданыстағы телефонның IMEI кодын және жеке куәлік нөмірін білсеңіз болғаны. 

Тіркеу онлайн немесе байланыс операторының кеңсесінде жүргізілмек. Ал егер ұялы телефонның нөмірі тіркелмеген немесе басқаның атында болса, өзіңізге ауыстыру керек. Әйтпесе, IMEI-код басқаның атына жазылып немесе байланыс құрылғыңыз бұғатталып қалуы мүмкін. 
 
Мұндай база ұрланған, болмаса контрафактілі жолмен келген ұялы телефондарды анықтауға, лаңкестіктің алдын алып, қылмыскерлерді табуға таптырмас көмек дейді мамандар. 
 
Өйткені, қазір смартфонның IMEI коды болғанымен, оның кімге тиесілі екенін анықтау қиынға соғады. Егер базаға тіркеліп тұрса, иесін бірден табуға болады. Ал тіркелмеген телефондар жаппай бұғатталады. 
 
Олжас Бибанов, ұялы байланыс компаниясының өкілі: -Бірінші кезекте SMS-xабарлама жібереміз. Егер келісімін берсе, тіркеу жұмыстарын бастаймыз. Азаматтар осы жылдың аяғына дейін өз құрылғыларын тіркеп үлгеруі керек. Себебі, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді.