Агенттік мемлекеттік қызметшілердің жұмысы мен жеке өмірі арасында баланс сақталуына қол жеткізуге күш салады.
Барлық мемлекеттік органда тиімді кесте мен сегіз сағаттық жұмыс күнінен соң компьютерлерді автоматты түрде өшіру жүйесін енгізуді қарастыру керек. Мемлекет басшысы тарапынан сын айтылғанын өздеріңіз білесіздер. Бүгінде бұл мәселе көптеген мемлекеттік органда пилот түрінде шешілді – сағат 18.30-да компьютерлер орталықтандырылған жүйемен өшіріледі, – деді Алик Шпекбаев.
Агенттік басшысының айтуынша, жұмыстың белгіленген уақытта аяқталуы қалыпты жағдай болуы керек.
Біз мемлекеттік қызметшілерде жұмыс пен жеке өмір арасында оңтайлы баланс сақталуына қол жеткізуге міндеттіміз, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
Ол сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің электрондық құжат айналымы жүйесіне қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін қарастыру туралы да айтты.
Әріптестеріміздің іссапарларда, баспасөз мәслихаттарында және басқа да шараларда жүріп, жұмыс процесінен тура мағынасында ажырап қалатыны жиі кездеседі. Ал қазір барлық жерде бұлтты технологиялар енгізіліп жатыр. Біз әлі күнге дейін қызметкерлерді кабинеттерге байлап қоямыз, сөйтіп, басқару шешімдерін қабылдауда дүрбелең, басы артық әуре-сарсаң туғызамыз. Бұл стереотипті жоюымыз керек. Инновациялық мемлекеттік қызмет – ол ең әуелі процестердің мобильділігі мен рационалдығы. Міндетіміз – мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі үшін барлық жағдайды жасау, – деді Алик Шпекбаев.
Айта кетейік, осы және басқа да талаптар қазір Парламентте қаралып жатқан “Мемлекеттік қызмет туралы” заңға енгізілетін түзетулерде болады.