Жәбірленушінің өзі жезөкшелікпен айналысқан!

Зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым деп тілшілерімізге шағымданған бойжеткенге қатысты бүгін Алматы полициясы жаңа дерек айтты. Оңбай таяқ жеген қыздың өзі жеңіл жүріспен табыс тапқанын тергеушілерге жайып салған. Десе де, анықталған  жайт жабыла ұрғандарды жазадан құтқармайды дейді тәртіп сақшылары.


Жанболат Зиадин, Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы: - Қазір 126-баптың 2-тармағы, 1-бөлімі, «алдын ала сөз байласып, адам ұрлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы дерекке қатысты 4 адам күдікке ілінді. Оның екеуі Аида мен Камила есімді қыздар уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Жәбірленуші өзін құлдықта ұстады деген үй жезөкшелердің ордасы болды деген ақпарат расталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Полицияның мәліметінше, жеңіл жүрісті қыздар арасындағы жанжал ақшадан туындапты. «Жәбір көрдім» деп шағымданған 25 жастағы бойжеткен күдіктілерге ақша қарыз болып, қайтармай жүрген көрінеді.

Кейін ашуға булыққан әлгі Аида мен Камила жәбірленушіні бір жігіт арқылы пәтеріне шақыртып, оны тепкінің астына алып, үйіне қамап қойған. Жәбірленуші өзін «күшпен ұстады» деп көрсеткен үйдің иесін бір ай бұрын да арнамыздан көрсеткенбіз.

Ол кезде Айгүл Оралбаева баласына іздеу салған болатын. Ол ұлының зағиптар мен көзі нашар көретін балаларға арналған интернат қызметкерлерінен қысым көріп, қашып кеткенін де айтқан. 15 жасар жасөспірім он күннен кейін табылды. Ал қызды құтқару операциясында полицейлерге тап берген үй иесі бұл істе тек куәгер ретінде көрсетілген.   

Дереккөз : ktk.kz