Он жыл құлдықта болған келіншекті жезөкшелікке сатпақ болған. Бұл туралы тағдыр тәлкегіне түскен жанның өзі айтып берді. 2000 жылдары жұмысынан қысқарып қалған Алматы облысының тұрғыны Өзбекстанда айлығы 400 доллар жұмыс бар дегенді естіп, сонда он шақты адаммен бірге аттаныпты.
Алайда алаяқтардың құрбаны болғанын көршілес мемлекетке барғанда бір-ақ сезген.
Бұл туралы Еуразия арнасы хабарлайды.
«Олар менің көзімше паспортымды жыртып, аузына келгендерін айтты. Біріккен Араб Әмірлігіне жезөкшелікке сатпақ болды. Бұл ойлары жүзеге аспаған соң, белгісіз сектаға сатып жіберді. Қара киінген сақалды адамдар. Жазда мақта жинап, қыста жылыжайда жұмыс істедім. Аш болған жоқпыз, бірақ бостандығымыз болмады», - деді Қызғалдақ Байсақанова.
Он жыл бойы құлдықтың қамытын киіп жүрген келіншек Ауғанстан шекарасына жақын маңда болған екен. Қашуға талай талпынғанымен, ұстап алып соққыға жағыпты. Салдарынан сынбаған жері қалмаған. 2008 жылы мақта алқабында қыз босанып, баласы екі жасқа толғанда қашып шығуға мүмкіндік туған. 7 айдан кейін елшілік қызметкерлерінің көмегімен шекарадан бері өтіпті. Ал туған үйіне оралғанда тағы быр тосынсый күтіп тұрған. Туыстары көз жұмып, әкесінің үйі сатылып кетіпті. Бұл туралы көршілерінен естіп білген.
«2006 жылы сіңілім тұрмысқа шыққанымен, жолы болмай күйеуінен туберкулездің ашық түрін жұқтырып, ауруханада өзіне қол салған. Әкем оны көтере алмай миына қан құйылып көз жұмған. Екеуі де бір жылда қайтыс болған», - дейді Қызғалдақ.
Келіншек 10 жылдан бері Қарасай аудандық әкімдігінің табалдырығын тоздырумен келеді. Қызғалдаққа құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіп, пәтер кезегіне қойған. Аудан әкімдігінің өкілдері келіншектің жағдайынан хабардар екенін жеткізді. Баспана кезегінде 115 болып тұр екен. Үй алу үшін жұмысқа тұруға кеңес беріпті.
«Көмірмен де, ақшамен де, азық-түлікпен де көмектесіп отырмыз. Бүгінгі күні бақытты отбасы бағдарламасына ол кісіні қатыстыру үшін жұмыс жағын реттеп, зейнетақыларын түгендесін деп айттық», - деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Нағашыбаев.
Дәрігерлер Қызғалдақтың сүйегінің 60 жерден сынғанын анықтаған. Сондықтан жұмысқа жарамсыз екенін айтады. Қайырымдылық қоры ай сайынғы пәтерақысы мен азық-түлік, киім-кешекпен қамтуды өз мойындарына алыпты.
«Мен мемлекеттен оның үйін қайтарып бергенін не болмаса қайырымды жандар шағын үй немесе жер телімін сатып алып бергенін қалаймын. Себебі оның тағдыры өте ауыр. 10 жыл құлдықта болу деген өте қиын. Қызы жақсы, тап тұйнақтай, таза жүреді», - деді Оксана Маралова.
Тағдыр тәлкегіне түскен келіншектің бар арманы шағын болса да өз үйінің болғаны. Алайда әзірге арманын жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Себебі ресми жұмысқа тұруға денсаулығы келмейді. 10 жыл өмірін адам төзгісіз жағдайда өткізген ол шетелде қомақты жалақыға жұмыс бар дегендерге сенбеуге шақырады.