Ақмола полицейлері СҚО-лық жоғалған мұғалімді Көкшетау қаласының қараусыз қалған орындарының бірінен белгілі тұрағы жоқ адамдар арасынан тапты-  деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ақмолалық тәртіп сақшылары СҚО-дан Көкшетауға келіп, жоғалып кеткен 32 жастағы мұғалімнің тұрған жерін анықтады. "Ол Көкшетау қаласындағы қараусыз қалған жерлердің бірінен табылды. Онда ол белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар арасында түнеп шықты.
 
Ер адам бұл әрекетін түсіндіріп бере алмады. Оған қатысты қандай да бір қылмыс пен құқықбұзушылық жасалмағаны анықталды", - деп атап өтті ведомстводан. Полицейлер тек жыл басынан бері Ақмола облысында 33 адам жоғалып кеткенін, оның 26-сы іздестірілгенін мәлімдеді. Жалпы облыс аумағында әлі 30 адам іздестірілуде.
Бұған еріктілер мен жергілікті тұрғындар жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.
 Еске салсақ, 10 мамыр күні сағат 17:17 кезінде Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне СҚО ауылдарының бірінен 53 жастағы тұрғын хабарласып, Көкшетау қаласына кеткен 32 жастағы ұлын іздеуге көмек сұраған болатын. Әкесінің айтуынша, 7 мамырда таңертең жас жігіт үйінен шығып, Көкшетауға кеткен, жақындары содан бері онымен байланысқа шыға алмай қалған.
 
Ер адамды табу үшін тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, барлық таныс және жақын адамдардан жауап алынды. Бүкіл камера қаралды. Іздеу жұмыстары өз нәтижесін беріп, ер адам табылып отыр.