Алматының тергеу изоляторында ұрлық жасады деген күдікпен қамауға алынған адам қашуға әрекет жасады.
Ол қабылданған шаралардың арқасында ұсталды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, сондай-ақ қызметтік тергеу басталды, - деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 2024 жылдың 21 қазанында Алматы облысы Талғар қаласындағы уақытша ұстау изоляторынан күдікті қашып кеткен еді. Ол кәмелетке толмаған туысқанын зорлады деген айыппен қамауда болған. Қашқынды ұстау үшін "Сирена" жоспары енгізіліп, негізгі жолдарға блок-бекеттер қойылды. Іздестіру шараларына полиция қызметкерлерімен қатар, төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, қоғамдық көмекшілер, еріктілер және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты. Нәтижесінде, 25 қазанда күдікті Тереңқара ауылының шетінде ұсталып, қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған негізгі қылмысына қосымша қамаудан қашқаны үшін айып тағылды.
Бұл оқиғадан кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп, 12 қызметкер жауапқа тартылды. Олардың ішінде уақытша ұстау изоляторының бастығы мен жауапты қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылды, ал басқа қызметкерлер қатаң тәртіптік жазаға тартылды.