el24.kz Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған резонансты жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Александр Пакты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот мәліметінше, 33 жастағы Александр Пак Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша – алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болғаны үшін жауапқа тартылған.
Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сотталушы өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Сот барысында жол апатының мән-жайы жан-жақты зерттелді. Судья Еркін Майшиновтың айтуынша, ұсынылған дәлелдер Zeekr автокөлігінің жоғары жылдамдықпен қозғалғанын және қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткенін растаған. Нәтижесінде бетпе-бет соқтығысу орын алып, үш адам қаза тапқан.
«Сотта ұсынылған дәлелдердің шынайылығына күмән келтіруге негіз жоқ. Сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактісі және үш адамның қаза болуына әкелген ауыр зардаптар ескерілді», – деді судья.
Бұдан бөлек, сот қаза тапқандардың бірінің әкесінің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Александр Пак моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Айта кетейік, талапкер бастапқыда 100 миллион теңге өндіруді сұраған.
Қалалық соттың баспасөз қызметі сотталушының кінәсін ішінара мойындағанын хабарлады. Қорғаушы тарап істі Қылмыстық кодекстің 345-бабына қайта саралап, алкогольдік масаңдық белгісін алып тастауды және жеңілірек жаза тағайындауды сұраған. Алайда прокурор ең қатаң жаза қолдануды талап етті.
Соңғы сөзінде Александр Пак өз әрекетіне өкінетінін айтып, қоғамда тараған ықпалды таныстары туралы ақпараттарды жоққа шығарды.
Сот процесі кезінде сотталушы апатқа көліктегі техникалық ақау себеп болуы мүмкін екенін де алға тартқан. Оның айтуынша, оқиға алдында көліктің аспаптар панелінде ескерту белгілері жанған. Дегенмен сот ұсынылған дәлелдер негізінде оның кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар іс материалдарын зерттеу барысында Александр Пактың жол апатына дейін алкоголь ішкені және бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны анықталған.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
