Мароккодағы жойқын зілзала салдарынан қаза тапқандар саны 2901-ге, зардап шеккендер 5530-ға жетті. Корольдіктің ішкі істер министрлігі осындай дерек келтіріп отыр.
Еuronews-тің мәліметінше, тірі қалғандарды табуға үміт сағат сайын азайып барады.
Табиғи апаттан анағұрлым көп зардап шеккен Марракештің оңтүстігіндегі Аль-Хауз өңірінде қуатты жерасты дүмпулері әлі де сезіліп жатыр.
Санитарлық жағдай күрделене түсуде, инфекциялық аурулардың туындау қаупі бар. Сәрсенбіден бастап Жоғарғы және Орта Атлас таулары аудандарында жаңбыр жауатыны күтіледі. Билік пен халық бұдан жағдай одан әрі қиындап, тірі қалғандарды табу мүмкіндігі азаяды деп үрейленіп отыр.
Еске салайық, Мароккода 7 балл қуатымен жер сілкінісі 8 қыркүйек күні, жергілікті уақытпен сағат 23:10-да болған еді.
Мерт болғандар саны күн санап артуда. Марокконың Ұлттық геофизика институтының хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Марракештегі Аль-Хауз өңірінде орналасты. Тереңдігі – 8 шақырым. Тербелістер эпицентрден 400 км радиуста сезілді. Қуатты дүмпуден кейін жүздеген афтершок тіркелді, магнитудасы ең үлкені – 6,0.
Дереккөз: ҚазАқпарат