Әсия апа жастайынан төрт бала мен жесір қалып, оларды ешкімнен кем етпей елге сөз болмай өсіріп бағып қақты. Енді міне ұлдарының рахатын көрер кезде тұңғыш ұлы Ғазиз үйленіп қызды болған шағында жол апатынан көз жұмып, келіні Мөлдір жесір қалды.
 
Мөлдірдің жан күйзелісін Әсиядан артық ешкім түсіне қоймас сірә. Мөлдір жылағанда жұбаныш, құлағанда қуаныш, болып үнемі жанын табылатын да Әсия еді. Төрт ұлын жалғыз өзі өсірсе де ұлдарының бәрі де ер мінезді өжет, арыстандай айбатты, қайратты ештеңеден тайсалмайтын нағыз ер азамат. Әсіресе Ғазизын ерекше жақсы көріп жүрегі елжіреп тұратын.
Артынан қалған жалғыз ізбасары қызы Лаураны көзінің қарашығындай қызғыштай қорғап, мәпелеп өсіріп бағуда. Мөлдірді келін емес өз қызындай көріп еш бір қалауына қарсы шықпай, әр бір шешіміне құрмет пен қарап түсініп отырған жөні бар. Мөлдір жолдасынан кейінгі қайын інісі Шерхан мен бір сыныпта оқып өскендіктен, әзілдері жарасып ойнап күліп жүреді.

«Қойшы көңілі жарым ғой. Үйде отырса күйеуін жоқтап сары уайымға салынып ауырып қалар» деп, Әсия келінін анда мұнда қыдыртып тұрады. Араға жыл салып Шерханның сыныптастары үйленіп, қыздары ұзатылып бірінің артынан бірі той жасап жатты.

- Шерхан, балам-ау бүгін анау Қарашаштың ұлының тойы емес пе?
- Иә, анашым солай.
-Ендеше жеңгеңді де алып бар. Бірге барып бірге қайтыңдар. Аздап көңілі сергіп қайтсын.
Міне осылай үнемі келінін еш бір бас қосудан қалдырмай Шерханмен бірге ілестіріп жіберетін.
 
Келіні мұндай сәтте «Лаураны кімге қалдырамын? Оған кім бас-көз болады» деп, еш бас қатырған емес. Әсия немересін өз анасынан да жақсы күтіп баптайтын. Өзі жанына алып жатушы еді.
Мөлдір еш уайым қайғысыз ештеңеден таршылық көрмей үш қайын інісінің тапқанына жеп ішіп киініп өмір сүріп жүрді.
Уақыт өте келе етегі қысқарып, кеудесі ашылып, шашы жиналмай жүргені енесі Әсияға ұнамай бастады. Желпілдеп көшеден бері келмейді. Бірдеңе айтқысы келсе де « әуелі баста өзім еркіне жіберіп, аяғына тұсау салмай еркінсітіп жібердім. Енді несі ұрсамын» деп, үндемей тілін тістеп қалатын. Алғашында рұқсат сұрап қана баратын жеріне барып, жалғыз кетсе күн ұясына батпай тұрып үйіне оралатын жесір келін түн ортасына дейін қыдыруды әдетке айналдырған соң ене байғұс үндемей қала алмады.
- Қызым, сен енді жас емессің. Мені дұрыс түсінші. Мен сенің қамыңды ойлап айтып отырмын. Бұлай жүргенің жөн емес. Сен жесір екеніңді ұмытпа. Егер ұлым тірі болса іш киім мен жүрсең де үндемес едім. Бірақ сен қамқоршысынан, қорғаушысынан, арқа сүйер азаматынан айырылған бейбақ анасың. Саған сенген менен көшедегі ашкөз нәпсісін тежей алмайтын еркектерге сенбеймін. Сенің мына жүрісің қызыңныңда атын ластайды. Сондықтан да ұстамды бол, салиқалы сабырлы бола біл. Міне ұлымның арамыздан кеткеніне үш жылдан асты. Ес жиатын кезің жетті. Атаңнан айырылып жесір қалғанымда үш күннің өзінде төрт ұлым үшін еңсемді тіктеп міне содан бері өмір атты қара қазанның сорпасында қайнап арпалысып келемін. Ұлдарым үшін отқа да түстім, суға да баттым. Аллаға шүкір енді міне солардың рахатын көріп жүрмін. Сенің де дәуренің келер.
- Апатай, мен артық кетсем кешірім сұраймын. Тым еркінсіп кеткен секілдімін.
Әсия келінінің екі беті ұяттан қып қызыл болып, көзін төмен қаратып отырғанын көріп ұяттан безбегеніне қуанып қалды. Мөлдідің аз да болса жүрісі азайып, басынан орамалы түспей ибалы келінге айнала бастады. Алайда Әсия орамалдың астына жасырынған арсыз келінінің істерінен бейхабар еді.
Жақын әрі туыс болып келетін сыныптасы үйленіп үйіне кеш жасап Шерхан мен Мөлдір бірге барды. Абыр сабыр кіріп шығып жүрген адам көп. Туыс болған соң Мөлдір мен Шерхан қонақ болып отырмай ары бері шапқылап қызметте жүрді. Тек жастар ғана қалған соң Әсия немере қызы екеуін үйіне жеткізіп салуға Шерханға өтініш жасады. Ал Мөллірге жинап жууға көмектес деп қалдырып кетті. Шерхан анасы мен қарындасын көлігі мен үйіне жеткізіп қайта келсе адамдардың көбі кетіп азы қалыпты. Жеңгесі Мөлдір көзіне көрінбеген соң ары бері іздей бастады.
Кеш өткен үйдегі жеңгесі Шерхан әлденені іздеп жүргенін байқады.
-Қайным, не іздеп жүрсің?
-Мөлдір жеңгем көрінбейді ғой. Алып кетуге келген едім.
- Ол әлдеқашан қайтып кеткен.
- Қалайша? Қайда кетті?
- «Үйге қайтамын сені алып кетеді»-деді ғой. Не болды екеуің жасырынбақ ойнап жүрсіңдер ме?
Жарайды онда.Мен де қайтайын.
Шерхан жеңгесінің бұл әзіліне күлімдеп жауап қайтарған мен, көңілі күпті. Жеңгесінің бұл әрекетін еш түсіне алмай есеңгіреп қалды. Көлігін өте баяу айдап жол жөнекей жеңгесін іздеу мен үйіне жетті. Жол бойы « мүмкін үйге жеткен болар» деп ойлау мен келді. Үйге кіріп олардың жолына қарап ұйықтамай отырған анасын көріп абдырап қалды.
-Ұлым, неге жалғыз қайттың? Жеңгең қайда?
- Үйге келмеді ме?
- Әй балам, менен сұрағаның қалай сенің? Мен сені жеңгеңді алып келу үшін жіберген жоқпын ба?
Әсия шошып, ұлы анасын қорқытып алмау үшін не деп жауап берерін білмей тұрғанда Мөлдір де кіріп келді.
- Апа, мен келдім. Алаңдамаңыз аман есенмін.
- Келін, сенің мұның не? Қайда жүрсің?
- Апа, бағана ана үйде әр нәрсені араластырып жеп асқазаным жаман бүріп ауырды. Жеген тамағым қорытылсын деп жаяу жүріп келдім. Егер сізді алаңдатсам кешірім сұраймын.
- Түн ішінде жалғыз жүргенің не? Асқазаның ауырса дәрі ішсең болар еді ғой.
- Жалғыз емес, Бағлан мен бірге қайттым.(Шерханнан бір жас үлкен үйленген жігіттің араласатын досы. Әсия мен көрші тұратын үйдің баласы).
- Жарайды онда. Шаршаған боларсыңдар. Жатып демалыңдар. Бағланның қыз құмарлығынан хабардар Шерхан ашулана жеңгесіне қарап тісін қайрап ашудан жарыла жаздады.
 
Алайда анасына «жеңгем мен қарындасыма қамқор боламын. Ағамның орнын жоқтатпаймын, көз жастарының төгілуіне жол бермеймін» деп серт бергендіктен үнсіз жұдырығын жұмып қала берді.

Мөлдірдің бұлай жоғалып кетуі мұнымен біте қойған жоқ. Үнемі бір себеп тауып сытылып шығып кетеді. Ел арасында ол жайлы түрлі пікірлер жайыла бастады. Шерхан мен екі бауыры Берік пен Алихан жеңгесіне тіл тигізген жігіттердің бәрімен жаға жыртысып шаршады. Түн ортасында Мөлдір шырт ұйқыда жатқан болатын. Кенет біреу ауызын бүркеп, тұншығып дем жетпей өліп қала жаздады. Көзін ашса тас төбесінде Шерхан тұр.

- Тыныш, тыныш дыбысыңды шығарма жеңге. Тынышталсаң ғана жіберемін. (Мөлдір келіскенін білдіріп басын изеді)
- Сенің мұның не? Не істеп тұрсың.
- Не болды? Ұнамай қалды ма?
- Мен саған не істедім?
- Бері қара, мені жақсылап тыңдап ал. Мен сенің былықтарыңның бәрін білемін. Анам үшін ғана саған төзіп жүрмін. Әр жігіт пен бір аймаласқаныңды доғар. Әбден қара бет еттің бізді. Ағамның әруағын сыйлап саған тиіспей жүрмін. Әйтпесе бар ғой әйел екеніңе қарамас едім. Ертеңнен бастап есіктен аттап шығар болсаң ескертпедің деме, аяғыңды сындырамын.
Шерхан айтарын айтып бөлмеден шығып кетті. Мөлдір қайын інісінен мұндай іс күтпегендіктен есеңгіреп сасып қалды. Таңертең көзі көгерген, беті ісіп, аузы басы жара-жара Мөлдірді көргенде Әсия шалқасынан құлай жаздады.
Лаура болса анасын аяп жылап жіберді.
- Келін мына түрің не? Саған кім тиісті? Не болды?
- Апа, менің жазығым не? Айтыңызшы өтініш? Жесір, балалы әйелдің қыдырып, ойнап күлуге құқығы жоқ па? Сонда мен не істеуім керек? «Ешек не жемейді, ел не демейді» деген сөз бар емес пе? Жұрт айтты екен деп мені осылай сабау керек па еді?
- Кім, кім сабады сені?
-Төре бала. (Шерхан)
- Әй, қой ол бұлай жасай алмайды.
- Жеңге есің дұрыс па? Мен саған бұлай жасаған жоқпын. Неге өтірік алдап тұрсың? Апатай оған сенбеңіз.
- Келінжан рас айтып тұрсың ба? Кәне шыныңды айт маған!
- Иә, апа.
Әсия келінінің сөздеріне сенуге мәжбүр. Себебі бұған дейін де ұлының Мөлдірге сес көрсеткенін байқаған болатын.
- Менің саған берген тәрбием осы ма? Оңбаған, мені күйдіріп өлтірейін дедің бе?
-Қорғансызға қорған болудың орнына оны табалағаның не?
- Анашым, мүлдем олай емес. Ол өтірік айтып тұр. Жеңге осы күнге дейін істеген ісіңнің бәріне көз жұмып үнсіз келдім. Бұлай өтірік бейшара адамның рөлін сомдауды тоқтат. Сенің кесіріңнен көшеде жүзімізді төмен қаратып жүретін болдық.
- Мен ештеңе істеген жоқпын. Оның бәрі де жала.
- Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Жұрт солай десе демек сені әр қуыста еркектермен аймаласқаныңды көрген болар. Апа сізде бұл өсек аяннан хабардар емессіз бе? Қалайша үнсіз жүрсіз?
- Балам, осымен тоқтат. Болды үндеме. Жұрттың сөзіне еріп Ғазизімнің аманаты, жалғыз ғана мұрасы, жалғыз тұяғын Лауратайымды үйден қуып жіберуім керек пе? Әр түн сайын ұлым түсіме кіріп «апатайым менің қарлығашыма қамқор болшы» деп өтінеді. Ертеңгі күні оның сұрағына не деп жауап беремін. Жұрт не айтса да маған бәрібір. Ұқтың ба? Ендігі жерде жеңгеңе сес көрсеткеніңді көрсем аямаймын.

Әсия ұлының жан күйзелісін, жеңгесінің арсыз әрекеттеріне әрең төзіп жүргенін түсініп тұрсада, жұбатудың орнына жығылғанға жұдырық болып келінін қорғап ұлына жекіріп сөйлеп тастады. Әуелі басында келініне ақ батасын беріп еркіндікке жібергісі келген.
 
Алайда ана жүрегі ұлының жалғыз ізбасары немере қызы Лаураны қимай келінін өз үйінде еркіндікте ұстағысы келген еді. Бұл ойының жансақ екеніне талай көзі жетсе де немере қызының болашағына алаңдап ешқайда жібергісі келмей арсыз келінінің ісіне үнемі көз жұма қарады.
 
«Әсерлі әңгімелер» топтамасынан
Жалғасы бар...