Фариза Амангелдіқызы

Үйден атып шыққан Данеля қолындағы қан жалаған пышағын шөп арасына лақтырып жіберді де сыртқы есікке қарай жүгірді. Жете бергені сол кілт тоқтады. Тоқта, тоқтаааа… Қазір мына түріммен сыртқа шықсам елдің көзіне түсемін ғой. Енді қайттім? Бағланның келуіне әлі екі күн бар.
 
Бағланнан басқа мені ешкім түсінбейді. Сенбейді де. Қазір милицияға ұстатып жіберсе қайтем? Не істеуге болады? Не болса да үйде жатқан хайуанды көрейін, өліп қалмады ма екен, деп ойлады да үйге қайта беттеді. Ақырын есікті ашып еді, ешкім жоқ. Қанның аз ғана тамшылары жатыр. Дереу еден сүрткішпен ысқылап сүртті де шелектегі суға тастай салды.
 
Қайда кетті екен? Қайда кетсе де дін аман ғой әйтеуір. Құрысын, өлмей өмірі қатсын иттің. Қазір бәрін жарияға жар салып айтса маған ешкім сенбес бәлкім. Тыныш отырайын. Бағланым келгенде бәрін айтып беремін деген Данеля телефонын қолына алды.

Данеля қаланың қызы болса да, ауылдың жай-жапсарын, тұрмыс-тіршілігін толықтай біледі. Себебі, бала күнінен жазғы демалысқа шықса болды, нағашы атасының үйіне құстай ұшатын. Кең дала, таза ауа, күнде бітпейтін серуен, неше түрлі ауыл балаларының ойындары бәрі-бәрі Данеляны баурап алған болатын. Демалыс жақындағаннан тынысы тарылып, қаладан қашқысы келетін. Тіпті, жаз айларына әлі 1 ай бар болса да, заттарын жинап түгендеп дайын жүруші еді. Нағашы атасының үйі де бұған үйреніп кеткен. Жиен қыздарының қай күні келетініне дейін біліп отыратын.
 
Мұндағы нағашы жеңгесі де Данеляны қатты күтетін. Жылма жыл туып, бала-шағасының арасы 1 жастан болғанға, оларға қарауға уақыты болмай, бала қарауға көмекші болады деп қуанатын. Солай Данеля еті қаланыкі, сүйегі ауылдыкі болып өсті. Сондықтан да, ауылға тұрмысқа шыққанда еш қиналмады. Бірге оқитын ауыл жігітінің еңбекқорлығы мен ақылдылығы тәнті еткен болатын. Сөз салғанда да қарсылық білдірмеді. Дүркіреп той да өтті. Бәрі керемет. Бәрі жақсы. Тек Данеляның анасы жалғыз қызының ауылға тұрмысқа шыққанына көңілі толмаған болатын. Ал мына жағдайды естісе, анасы сөзсіз алып кететіні анық.

Данеля сыртта біраз отырды да, бағанағы лақтырған пышағын іздей бастады. Шөп арасынан тауып алды да, дереу суды ағызып жуып алды. Үйге кіріп есікті ішінен іліп алды да кереуетке отыра кетті. Іштегі ашу-ызасы көз жанарынан шығып жатыр. Өз-өзін тоқтата алмай еңкілдеп жылаған ол, өткен өмірін есіне алды…

… Өмірлік жұбым деп таңдаған жігітімен ауылға қол ұстасып келген күні бұларды бір топ ағайын-туыс күтіп алды. Барлығы тойға дайындалып келін келеді деп асыға күтіп жүр екен. Беташар тойы өтіп, қуғыншылар да келіп кетті. Бір қызығы қуғыншы болып Данеляның өз анасы келді. Жалғыз қызының ауылға тұрмысқа шыққанына риза емес екені анық. Сондықтан да, өз көзіммен көріп-біліп, үй-жайларын байқап қайтайын деген оймен келген болатын. Ауыл адамдарына бұл әрине қызық көрінді. Себебі құдағидың қуғыншы болып келгені осы уақытқа дейін болмаған жайт еді. Құдағи келген соң да, шарт қойып кетті. Қызыма ақ көйлек кигізіп той бересіңдер деп кетті. Ұялып қысылып тұрған Данеля “қойсаңшы мам” дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Келіндік өмір басталып та кетті. Ауыоға келін болған қалалық қызды көруге бәрі құштар болатын. Аппақ үкілі орамалымен ақ келін үй тірлігін істеп жүр. Келіншегіне тамсана қараған Бағлан таңғы асын ішті де, егістікке әкесіне көмекке кетті. Ауылда ешкімнің артық уақыты жоқ. Барлығы өз тірлігімен шығып кетті. Үйде жалғыз қалған жас келін алаңсыз үй тірлігін жасап жүрген. Есіктің ашылған дыбысын естіді де орамалын дұрыстап кіре беріске беттеді.

⁃ Қалайсыңдар келін? Үйде кім бар?- деп бір кісі кіріп келді.
⁃ Саламатсыз ба?- деп сәлем салған келін үйде жалғыз екенін, барлығы сыртта екенін айтты.
- Мен көрші қарама-қарсы үйдегі қайнағаң боламын. Беташар тойға келе алмадым. Қалада жұмыста едім. Бақытты болыңдар, айналайын, деді де бұрылып сыртқа беттеді. Ойында ештеңе жоқ “рақмет” деп келін іште қала берді. Әлгі кісі есікке жете бергенде бұрылып тағы бір рет қарады да шығып кетті. Кешкісін кешкі дастархан үстінде жас келін әлгі көрші қайнағаның келгенін айтып еді, енесі жалт бұрылды да:
⁃ Саған ештеңе демеді ма?- деді.

- Жоқ, ештеңе демеді. Беташарға келе алмадым деп тілегін айтып шығып кетті,- деді Данеля.
- Аа ее… мейлі, - деп ары қарай тілін тістеп артық ауыз сөз айтпай енесі үнсіз қалды. Бірақ осы әңгімеден соң үй ішіндегілер өз ойларымен арпалысып ләм-мим деп тілдеспеді.
Кешкісін төсегіне келіп қисайған Данеля іші бір нәрсені сезгендей ары-бері аунап ұйықтай алмады. Неге ол кісіні жақтырмады екен. Әлде келгенін бекер айттым ба. Бағланнан сұрап көрейінші деп телефонын қолына алды. Күйеуі жолдастарымен отырамыз деп кеткен болатын. Аз ойланып тұрды да, келген соң сұрармын деп жастыққа басын қойып ұйықтап кетті.
Түс көріп жатыр екен, түсінде үй ішінде жалғыз өзі тігіс тігіп отырғанда кешегі көрші қайынағасы келіп есік аузында қарап тұр екен. Данеля орнынан тұрып сәлем салайын десе тұра алмайды. Бейне бір аяқтары жансызданып қалғандай. Әлгі кісі екі қолын жазып өзіне қарай жақындапты. Бар даусымен “Бағлаааан” деп айқайлағанда оянып кетті.
- Не болды-и сонша айқайлап? Бағана келгенмін үйге, теледидардан футбол қарап отырмын,- деп күйеуі есік алдында тұр.
- Бағлан, мен біртүрлі түс көрдім. Түсімде біреу мені қинап өлтірмекші екен. Түрі онша көрінбеді. Өзім әлгі көрші кісі екен деп ойлаппын.
- Ештеңе жоқ, күндіз келгенге ойлаған шығарсың немесе миыңда қалып кеткен шығар сол жағдай. Ұйықтайық енді, түн жарым болды.
- Жан, біртүрлі емес па сол кісі? Апа да онша жақтырмай қалды күндіз айтқанымда.
- Рас, ол кісі ауылға жақпас кісі негізі. Онша ұната бермейді.
- Неге? Ұры ма? Төбелескіш па? Алкаш па?
- Не ғой… Ол қаладан жұмыстан келдім дегені өтірік. Ол түрмеден келді. Қорқып қалма. Негізі тиіспейді. Тем более біздің үйге.
- Сонда неге қамалған?
- Ол ма?.. Точно білмеймін, бірақ қыздарға зорлық көрсеткен дейді. Бірақ ақталып шықты екі рет. Жала жабылған деп.
- Үйінде басқа ешкім тұрмай ма сонда? Әйелі, бала-шағасы жоқ па?
- Бар ғой, баласы келіп тұрады. Әйелі дүниеден өткен. Ұлы қалада тұрады, жұмыс жасайды. Қызы тұрмыста.
- Мен қорқайын дедім мына кісіден.
- Қорқатын ештеңе жоқ. Мен бармын ғой. Уайымдама, демалайықшы енді,- деді де төсегіне қисайды. Данеля әлі ой үстінде.

Таңертең ерте тұрып, жуынып, таңғы асқа кірісті. Шәй қойып, сол екі ортада сиыр саууға қораға келді. Жанына қарап тұршы деп Бағланды оятып еді, өзің бара берші, түнде кеш жаттым деп тұра қоймады. Іші бірдкңені сезгендей алақ-жұлақ етіп жан-жағына қарап сиырды әрең сауып отыр. Бір кезде сыртынан қадалған көзді байқады. Дәл бір сырттай біреу мұны бақылап тұрғандай күй кешті. Ақ тер көк терге түсіп сиырын әрең сауды. Шелегін алып енді бұрыла беріп еді, сыртынан бақылап көше жақтағы артқы есіктен кешегі кісі қарап тұр екен.
- Сәлем бердік,- деп иіліп сәлемін салды да тез-тез басып жүріп кетті. Таң азанымен неғып жүр? Ой Алла! Үйіне жете беріп бұрылып қарап еді әлі қарап тұр екен. Аяқ-қолы дірілдеп есікке жете алмай кетті. Алдынан қайынатасы шығып еді, сасқалақтап шелегін төгіп алайын деді.
- Байқа-байқа. Не болды тыныштық па келін?
- Ештеңе, жәй… Таң енді атып жарық енді түскенге жалғыз өзім қорқып…
- Бағлан қайда жүр сені жалғыз жіберіп? Әй Бағлан!
- Қоя беріңіз ата, болды үйдемін ғой енді,- деп үйге кіріп кетті.
Ал Шоқан болса, жаңа ғана сызылып сиыр сауып отырған көрші үйдің келінінің бейнесін көз алдына келтіріп кезерген ернін бір жалап қойды да дүкенге беттеді.
Шоқан әйелін кезінде итеріп жіберіп өз қолымен өлтіріп, қан қысымы көтеріліп бірден құлап қалды деп ақталған еді. Ұлы мен қызы әкесінен көңілі қалған. Келіп немесе хабарласып жағдайын да сұрамайды. Ұлы анасының бейітінің басына келгенде ғана үйіне кіріп кетеді. Қызы мүлде келмейді. Тұрмыс құрған, өзімен-өзі. Дүкенге кіріп бір шөлмегі мен бір нанын қойнына қысты да үйіне беттеді. Үйіне келе жатып Бағланның үй жағына ұрлана қарап қойды. Ешкім көрінбейді. Әнеу бір жерде мал қорасын тазалап үй иесі жүр.
- Ассалаумағалейкум!
- Уағалейкум! Ә Шоқан қала жағдай?
- Жақсы жақсы…
Шоқан одан ары қарай сөйлегісі келмей үйдің жан жағына тінти қарады. Бірақ, іздегені көріне қоймаған соң көше қиыршық тастарын теуіп үйіне бет алды.

Содан соң бірнеше күн Шоқан көрші үйдің келінін кезіктіре қоймады. Қанша рет үйдің ауласын жағалап та өтті. Жас келін көрінбеді. Ал, Данеля барынша үйден шықпауға тырысатын. Шықса да қайта-қайта жалтақтап, тысыр еткен дауысқа елеңдеп, Шоқанның келе жатқанын алыстан байқап зып етіп үйге кірір кететін болды. Іші алай-дүлей. Бұл кісі неге маған жабысып алды тегі. Атама айтсам ба екен. Бірақ айтқанда не деймін. Ол кісімен жүзбе-жүз келмедім, ештеңе демеді. Мүмкін бекерге жауды алдырып жүрмін бе өзім? Бірақ сонда да не де болса көзіне түспей-ақ қояйыншы деп ойлады. Солай мысық-тышқан болып бір-бірінің көзіне түспей қашып жүргенде бір айдай уақыт өтті. Енесі де жас келіннің соңғы кезде көңілсіз екенін байқады, біреуден тығылып жүрген сияқты ма қалай өзі? Сыр тартып көріп еді, “жоға апа” деп мойындамады. Бір күні Данеля қалаға ата-анасының үйіне баратын болып жолға жиналды. Қуанышында шек жоқ. Бағлан өзі апаратын болды. Енесінің құдағиға сәлемдемесін, өзінің азын-аулақ киім-кешегін жол сөмкесіне салды да көлікке беттеді. Ата-енесі қол бұлғап шығарып салды. Көлік сыртқы қақпадан шыға бергенде көрші Шоқан қол көтеріп тоқтатты. Жүрегі зу ете қалған Данеля:
- Жан, алмай-ақ қойшы осы кісіні,- деді даусы дірілдеп.
-Неге? - деді Бағлан,- ұят қой, көрші отырып, ала кетейік,- деп Шоқанның алдына кеп тоқтады.
Артқы есікті ашып отырған Шоқан көршісімен күлімсіреп амандасты.
- Бағланбай қалайсың? Амансың ба келін? Иә, қайда шықтыңдар?
-Қайынжұртқа көрші, қонақ боп төс жеп қайтайын дедім.
-Е дұрыс дұрыс…- деп көршісі сығырайған көзімен жанындағы келінге ұрлана қарады. Жас келін терезеге телміріп теріс бұрылып алған. Оны-мұны әңгіме еткен болды да, Бағлан өз ойымен, Шоқан өз ойымен кетті. Ал Данеля ертерек мына кісі түсіп қалса екен деп іштей құдайға жалынып келеді. Бір кезде тізесіне бірдеңенің тигенін байқап селк ете түсті. Бері қарауға жүрегі дауалар емес. Көзін жұмған күйі өтірік ұйықтаған болып іштей қорқып отыр. Сәлден соң жаңағы тізесіне тиген нәрсе санына кеп тиді. Көзін ашып қарап еді, Шоқанның қолы. Өзі күлімсіреп тісі ақсиып тіке жолға қарап отыр. Онысы Бағлан ештеңе сезбесін деді ау шамасы.
-Бағлаааан!- деп шыңғырып жіберді келіншегі. 

Рульде келе жатқан күйеуі сасқалақтап тежегішті бірден басып еді, көлік шиқылдап барып тоқтады.
-Не болды? А? Тыныштық па?-деп көздері алақандай болып артына бұрылды.
Келіншегі есікті ашып сыртқа шықты. Қалтырап жыламсырап тұр. Шоқан ештеңе түсінбеген адамға ұқсап:
- Не болды айналайындар-ау, зәремізді ұшырдыңдар ғой,- деді көліктен түсіп.
Данеляда ес жоқ. Екі ойлы болып не айтарын білмей, не айтпасын білмей тұр. Айтайын десе мына малғұн мойындайтын түрі жоқ. Бекерге күйеуім басқаша ойлап қалар деп тілін тістеп қалды.
-Мен алдына отырайыншы Бағлан,- деген жас келін күйеуінің жауабын күтпестен тез-тез басып көліктің алдыңға орындығына отырып алды.
-Саған не болған бүгін?
-Ештеңе, жүрегім айнып жатыр, еркін отырайыншы дедім. Артта сөмкелер бар қысылып кеттім,-деді жанарынан тамған жасты сүртіп. Тамағына өксік тығылып әрең отыр. Күйеуі тағы бірдеңе десе тоқтай алмай жылап жібермекші. Осылайша көлік қалаға қарай бет алды. Бірақ, ойындағыдай ештеңе болмаған соң Шоқан жақын маңнан түсіп қалайын деп, ел жоқ, жер жоқ жерден түсіп қалды. Бағлан көлікті жүргізіп келе жатты да, аяқ астынан кілт тоқтады. Келіншегіне бұрылып:
-Осы саған не болып жүр, жан? Соңғы кезде біртүрлісің. Шоқаннан қашып жүргеннен саусың ба өзі?-деді күліп.
-Жоға, неге қашам?
-Онда неге айқайладың?
-Айттым ғой, жүрегім айнып кетті деп. Болды жүрші тезірек жетейік.
- Жарайды. Бірақ менен ештеңе жасырма, біреу тиісіп қорқытса маған айт, жарай ма?- деп келіншегінің қолын қысты. Көлік қайта жолға шықты.
Данеля төркінінде 3-4күн болды. Анасының мінезін білетін ол, ештеңе айтпады. Бәрі жақсы деп құтылды. Ауылға қайтатын болып Бағланды шақырған еді. Қайтарда екеуі ғана болған соң көңілді келді. Есіктің алдына келгенде тағы да түрі бұзылып кетті. Қайынатасы көрші Шоқанмен әңгімелесіп көшеде тұр екен. Негізі, Шоқанның ауыл адамдарымен тілдесуі сирек. Көпшілігі ұната бермейді. Көліктен түскен Данеля сәлемін салды да тез-тез басып үйге кіріп кетті. Енесімен амандасып, әкелген сәлемдемелерін шығарып, сыйлықтарын табыстаған соң, шәйге кірісті. Енесі келінінің осы қасиетін жақсы көреді. Айтқызбай тірлік жасайды деп көршілерге де мақтанып отыратын. Осыйлайша уақыт сырғып өте берді.
 
Жалғасы бар...