Фариза Амангелдіқызы

Деректі  әңгіме
 
Соңғы кезде келінінің жүрегі айнып, ұйқышыл болып бара жатқанын байқаған енесі оны жақсылыққа жорыды. Ойлағанындай-ақ келіні жүкті екен. Асты-үстіне түсіп, келінінің жағдайын жасап, ауыр тірліктің бәріне Бағланды жұмсап, үй іші қуанышты жүрді. Анда-санда үйге Шоқан келсе, келінін тасада ұстау мақсатында бөлмесінен шығармайды. Енесі жалпы Шоқанды ұнатпайды. Тыжырынып, соны көрсе кірпіше жиырыла қалады. Шалына да қаншама рет айтты ”Үйге келмесін” деп.
-Қызықсың, үйіме келме деп қалай айтамын?-дейтін шалы.
Бір күні үйде Данелядан басқа ешкім қалмады. Атасы мен Бағлан көрші ауылға кеткен болатын. Енесі базарға кетті. Үйді жинап жүрген Данеля есіктің тырс еткен дауысын құлағы шалып қалды. Дереу сыртқы есікке беттеді, ондағы ойы Бағлан келген екен ғой дегені еді. Бірақ, ешкім жоқ. Ары бері біраз қарап көрді де, бөлмесіне өтті. Алдынан ыржиып Шоқан шыға келді. Дәл бір ауру адамша ыржалақтап күле берген ол “Келін” деді Данеляға жақындап. Қорыққаннан қолдары қалтырап кеткен келіншек:
- Сіз мұнда не істеп жүрсіз? Шығыңыз үйден,- деді даусы дірілдеп.
- Қайда кетем, сен секілді сұлу әйел тұрғанда?
- Жоғал дедім мен саған!
-Ә бәлем, ақыры қолыма түстің бе,- деген Шоқан есік алдында тұрған Данеляға қарай атылды. Есіктің тұтқасынан ұстап дайындалып тұрған ол дереу кіре беріс бөлмеге атып шықты да есікті тарс жапты. Шығам деп есікке беттеген Шоқанның қақ маңдайына есіктің жақтауы тарс етті де, қан бұрқ ете қалды. Дереу асханаға жүгірген келіншектің көзіне ештеңе көрінер емес. Бар ойлағаны мына пәлекеттен тезірек құтылу. Тартпадан қасықтардың арасынан пышақты көріп қалды да жұлып алды. Жүгіріп қайта шықты. Алдынан маңдайын ұстаған Шоқан келе жатыр екен.
-Жолама дедім мен саған! Сойып өлтірем!
-Сендей батырлардың талайын көргем, қаншық! Алдымен пышақты дұрыс ұстап үйрен!
Қолына қараған келіншек пышақтың ұшынан ұстап алғанын байқады.
Дереу пышақтың сабынан ұстады да қайта Шоқанға қарай меңзеді.
-Сойып өлтірем! Сотталып кетсем де сойып өлтірем!
-Қане көрсет батырлығыңды! Елге күлкі болып масқараңды шығарамын. Өзі жабысты деп атыңды былғаймын,-деген ол тағы бір қадам басып Данеляға жақындады. Өз өзін ұстай алмай қалған келіншек пышақты бар күшімен Шоқанға қарап сілтеп қалды да, қайта суырып алды. Пышақ барып дәл ішіне кірген көрші еркек “ыңылдап” барып жерге гүрс етіп құлады. Қан сорғалаған пышағын қолынан тастамай далаға жүгіріп шықты. Не істедім? Өлтірдім бе? Енді не болады? Қақпаға қарай жүгірген ол кілт тоқтады да, ойланып тұрып қалды…Қазір мына түріммен сыртқа шықсам елдің көзіне түсемін ғой. Енді қайттім? Бағланның келуіне әлі екі күн бар. Бағланнан басқа мені ешкім түсінбейді. Сенбейді де. Қазір милицияға ұстатып жіберсе қайтем? Не істеуге болады? Не болса да үйде жатқан хайуанды көрейін, өліп қалмады ма екен, деп ойлады да үйге қайта беттеді. Ақырын есікті ашып еді, ешкім жоқ. Қанның аз ғана тамшылары жатыр. Дереу еден сүрткішпен ысқылап сүртті де шелектегі суға тастай салды. Қайда кетті екен? Қайда кетсе де дін аман ғой әйтеуір. Құрысын, өлмей өмірі қатсын ит. Қазір бәрін жарияға жар салып айтсам маған ешкім сенбес бәлкім. Тыныш отырайын. Бағланым келгенде бәрін айтып беремін деген Данеля телефонын қолына алды. Бірақ күйеуінің телефоны сөндірулі еді.
Данеля сыртта біраз отырды да, бағанағы лақтырған пышағын іздей бастады. Шөп арасынан тауып алды да, дереу суды ағызып жуып алды. Үйге кіріп есікті ішінен іліп алды да кереуетке отыра кетті. Іштегі ашу-ызасы көз жанарынан шығып жатыр.
Осылай отырып түс ауып кеткенін сезбей де қалыпты. Сағатқа қарап еді үйдегілердің келетін уақыты болып қалыпты. Орнынан сүйретіліп тұрған келіншек, бар мән-жайды айтамын деп шешті. Жұрт не десе де, кімге сенсе де енді маған бәрібір. Маған өз өмірім қымбат. Бұлай
Жүре берсем бір күні өлтіріп кетуден де тайынбайды. Өз-өзімді қорғаймын деп жүріп өліп кетермін деп ойлады. Кешкі асты көңілсіз жүріп жасады да, есікті іліп, төсегіне қисайды. Басы сынып ауырып тұр. Енді көзі ілініп барады екен, есікті ұрған дауыстан шошып оянды.
Ақырын басып есіктің алдына келді.
-Кім бұл?
-…
-Кімсіз?
-Менмін. Есікті аш қаншық. Болмаса түрмеге жаптырамын. Пышақ кезенді деп. Ешкім ара түсе алмайды. Бұл күніңе зар боласың. Одан да жақсылықпен есікті аш та, беріл маған.
-Жоғал дедім мен саған ит!
-Итті көрсетемін мен саған қазір!- деген Шоқан есікті тепкілей бастады. Қатты қорыққан келіншек жүгіріп өз бөлмесінің терезесіне барды. Терезеден қашып шықпақшы. Телефонын алып бірінші күйеуіне хабарласты. Қас қылғанда ол да тұтқаны ала қоймады. Күйініп кеткен келіншек қашудан басқа амалы жоқ екенін түсінді де, дыбысын шығармай терезені ашқаны сол сырттан Шоқан сап ете қалды. Қолынан ұстай алды. Үнсіз болып қалған соң үйді айналып терезелерді бақылап жүрген екен. Жатын бөлменің терезесі аулаға қарағандықтан бұларды ешкім көре де, есіте де қоймайды. Шоқанның қолынан қатты тістеген келіншек ойбайлап қолын тартып алған Шоқанды бар күшімен итеріп жіберді. Терезе алдындағы гүл отырғызып, қоршаған шарбаққа шалқалай құлаған ол “ой әкеңнің…” деп ішін ұстап отырып қалды. Бағанағы жараланған жері екен. Оның бағына пышақтың тек ұшы ғана кірген еді. Қатты жаралана қоймапты. Терезені тез жауып үлгерген Данеля телефонын қайта терді. Күйеуі сол күйі телефонды көтермеді. Дереу енесіне хабарласты. Енесінің Шоқанды ұнатпайтынын біледі.
-Алло, апа!-деп жылап жіберді.
-Әй не болды тыныштық па? Неге жылап тұрсың?
-Апа ана кісі мені аңдып жүр. Үйге келіп қорқытып жатыр. Есікті құлыптап алсам теуіп жатыр аш деп. Мас па әлде шегіп алған ба білмеймін. Тез келіңізшііі,- деп еңіреп жіберді.
-Қазір қазір міне жетіп қалдым, - деп тұтқаны қойды да шалына хабарласты. Шоқан екенін айтпай-ақ білді.
Данеля терезеден қарап еді ешкім жоқ. Дірілдеп қорқып келесі бөлмеге өтті. Терезеден қарап еді, ешкімді көре қоймады. Тым-тырыс. Ақырын басып асханаға келді. Бұл жақтың да терезесінен ешкімді байқамады. Тартпадан тағы да пышақты алып өзін қорғауға дайындалды. Осылай тапжылмай 10 минуттай күтіп тұрды. Ешқандай дыбыс жоқ. Орындыққа отыра кетті. Өксігін баса алар емес. Енді ғана сезіп жатыр, іші төмен тартып ауырсынып тұр. Осы кезде ғана өзінің жүктілігі есіне түсіп кетті.
 
Біраз отырған соң тағы да байқап көрейін деп орнынан тұра бергені сол сыртқы қақпаның тарсылдаған дауысы естілді. Дабырлап асыға басып сөйлеп келе жатқан енесінің дауысынан таныды. Жүгіріп шыққан келіні өзі құлыптаған есігін де қолдары қалтырап аша алмай зәресі кетті. Әрең ашып, сыртқа атып шықты. Қарсы алдынан шыққан енесін құшақтай алған келін еңкілдеп жылап жіберді.
-Апаааа…
-Не болды жаным-ау? Тиісті ме саған? Не істеді? Не деді ол ит? Айтшы қане.
-Апа, ол кім өзі? Неге маған жабысып алды? Неге мені аңди береді? Менде несі бар?
-Қашан келді? Не дед? Жүр үйге, қорқып қалыпсың ғой. Қолдарың дірілдеп, жүрегің тарсылдап тұр ғой. Су ішіп жіберші. Ана құрғырлар да келе қоймады ғой. Айтып едім осы бәлені үйге жолата берме деп… - деген енесі келінін құшақтап үйге кіргізді.
Жайғасып отырғызып, бір стақан су берді.
-Апа, мен оны пышақтап қойдым.
-Не дид?- деген енесінің қолындағы стақан тарс етіп жерге түсті. - Өліп қалды ма? Қайда енді ол? -деді көзі шарасынан шығардай.
-Жоқ өлген жоқ. Қалай кіргенін білмеймін, бірақ пышақ қан болды апа. Ол сонда да тірі. Біраз уақыт көрінбей кетті де, қайта келіп мені қорқытты. Түрмеге отырғызам деді. Егер мен оған берілмесем, бүкіл ауылға “мына қатынның өзі жабысты” деп айтам деді. Егер шынымен солай айтса елдер мені не деп ойлайды апа? Құдай ақы мен оған қараған емеспін. Ондайды ойлаған да емеспін апа шын айтам,- деп келіні еңкілдеп жылағанын тоқтата алар емес.
-Болды болды жылама. Оның сөзіне кім сенеді. Қорықпа, болды, өкпеңді бас, су ішші тағы да. Атаң келсе оңдыртпаймын ол қақпасты. Қартайғанда құтырған қақпастың жынын шаңша қағып, біздің үйге беттей алмастай етемін оны. Уайымдама. Бастысы тірі ғой. Өліп қалмапты албасты хайуан.
Екеуі осылай отырғанда күн кешкіріп, үйге күйеуі мен қайын атасы қосарлана кіріп келді.
Орнынан атып тұрған енесі үйге кірген екеуге қарсы жүрді.
-Айттым мен саған сол бәлені үйге жолатпа деп! Көр енді не болғанын. Келініңе көз тігіп жүр хайуан. Келін бишара қорыққанынан өзін қорғаймын деп пышақтап жіберіпті.
-Не дид? Кімді Шоқанды ма? Қайда қазір? Тірі ме? Келінге тиісіп жүр ме?-деген қайынатасы сөздің төркінін түсіне алмай дал. Күйеуі де түсінбей қайта-қайта сұрақтың астына алды.
Мәселенің мән-жайына қанық болған үй іші енді не істейтіндерін ақылдасып отыр. Тек Бағлан ғана шыдап отыра алмады.
-Қазір өзім-ақ бауыздап өлтірем ол малғұнды. Көрсетем мен оған біреудің әйеліне көз тіккенді,- деп үйден атып шықты. Артынан айқайлап тоқтатпақшы болған ата-анасына да, келіншегіне де қарамады. Ешкімді тыңдамастан, екі көзі ашудан қанталап, жұдырығын түйіп Шоқанның ескі үйінің есігін бір теуіп ашты. Төрде сықырлаған жалғыз кереуетте шалқасынан жатқан Шоқанды көрді. Әлсіз қимылдап орнынан көтерілмекші болған оны Бағлан жұдырығымен жағынан салып қалды. Аузынан қан бұрқ ете қалған ол кереуетке жабысты да қалды. Аузына қан толып, түкіруге орнынан тұра бергенде Бағлан аяқ киімімен дәл кеудесінен бір тепті. Ыңқ етіп кереуеттің арғы жағындағы орындықтың үстіне бел омыртқасымен түсті. Тұруға шамасы келмей қансырап жатса да ызалан күлген ол:
-Әәә келдің бе бишара. Қатын керек боп қалды ма? Ал сен қатыныңа керексің бе өзі?
-Жап аузыңды, бауыздап өлтірем!
-Қатының маған құмартып жүргенін білесің бе?
-Өшір дедім мен саған үніңді!
-Болмаса мен неге бара берем үйіңе? Өзі шақырады мені! Құмарын қандырып алып өтірік “маған тиісті” деп мүләйімсімесін! Елден жасыру үшін соңында өзіме пышақ ала жүгірді.
-Хайуан өлтірем сені!
-Сотқа берем! Пышқта саусақ іздері бар. Осылай айтамын! Көреміз сол кезде елге қай бетімен қарайтынын!
Бағлан Шоқанды желкесінен ұстады да, сүйреп келесі бөлмеге өтті.
-Сотқа дейін тірі болсаң айтасың оны!- деді де, үйінен алып келген пресс жібін мойнына салып келесі бөлмеге сүйрей жөнелді.
Бірдеңені бүлдіретінін сезген ата-анасы артынан жүгіріп дер кезінде келді. Болмаса Шоқанның да, Бағланның да жағдайы мүшкіл еді. Бірі соңғы демін алса, бірі темір тордан бір-ақ шығатыны анық. Әкесі алдын жеткен соң Бағланның қолындағы жіпке жармасты.
-Жіберіңіз пап, бұл малғұнның өлсе өлігі артық! - дебі көздері қанталап.
-Қой балам, жібер. Қолыңды бұл харамның қанымен былғама. Жібер оны.
Екеуі жанталасып Шоқанға жармасып таласып жатқанда артынан жүгіре жеткен анасы айқайлап жіберді.
-Әй жексұрын неме. Осыдан келініме бірдеңе болса сені аямаймын. Өзім өлтіремін хайуан!
-Сіз неге келдіңіз мама?
-Балам тез жедел жәрдем шақыр. Келін ішім ауырып жатыр дейді. Сірә, қатты қорқып қалған ау, балаға бірдеңе болмасын.
-А? Данеля қалай? Ауырдым дей ма? Қазір өзім апарамын ауруханаға. Олар келем дегенше…- деп Бағлан Шоқанды жібере салды. Сылқ етіп еденге құлаған Шоқан тұруға әлі келмей жатыр. Бағлан оның ішінен бір тепті де, кіжініп:
-Осыдан балама, келіншегіме бірдеңе болса, күнім бітті дей бер!-деп бетіне бір түкірді де шығып кетті. Артынан ата-анасы ілесе шықты. Шоқанға ешкім қараған да жоқ. Үйге келсе келіні өз бөлмесінде екен. Төсегінде ыңырсып жатыр. Дереу көлікке отырғызды да аудандық ауруханаға жүріп кетті. Енесі де бірге кетті. Қайын атасы үйде қалып, Шоқанмен сөйлеспекші болып шешті.
Түннің бір уақытында үйге кіріп келген Бағлан мен кемпірін көрген ол дереу келінінің жағдайын тәппіштеп сұрай бастады. Үнсіз отырған Бағлан әкесінің сұрағын жауапсыз қалдырып, басы салбыраған күйі бөлмесіне кіріп кетті. Әйеліне бұрылып тағы да сұрағын қайталады:
-Келін қалай? Жағдайы жақсы ма?
-Ауыр. Баласын тастап қойды. Көп қан жоғалтты. Қазір демалады, кіре алмайсыздар деген соң таңертең келеміз деп кеттік.
Бұл түн Бағланың отбасы үшін өте ұзақ түн болды. Көз ілмей, кірпік қақпай таңды атырды. Уақыт шіркін өтер емес. Таң қылаң бере үшеуі де ауруханаға аттанды. Келіндері көзін ашып, біраз өзіне келіп қалыпты. Аллаға шүкірлігін айтып, Данеляны палатаға шығарып, Бағлан жанында қалды да, ата-анасы үйіне қайтты.
Әкесі үйіне келе сала, Шоқанның үйіне қарай беттеді. Әйелі “ұрып өлтіріп қойып, бәлесіне қалма, жазасын заңды түрде алсын” деп дайындап жіберді. Бірақ Шоқанның қолында үлкен кузоры бар еді. Егер ол пышақталғанын айтса Данеля да жазадан сытылмайтыны белгілі. Жылы жауып қояйын десе келініне обал. Не де болса барып сөйлесейін деп Бағланның әкесі аяңдап келеді. Есігінде құлып тұр. Біраз ойланып тұрды. Қайда кетуі мүмкін? Көшеде ойнап жүрген бір-екі балаға көзі түсті.
-Әй балалар, Шоқан көке қайда кеткенін көрмедіңдер ме?
-Ол бәлинсаға (больница) кетті ата. Дәәәу машина келіп алып кетті.
Сірә жедел жәрдем шығар. Не болды екен. Тірі қалсын әйтеуір, пышақ жанай өткен еді, өлетіндей емес. Қан көп жоғалтқан шығар мүмкін, деп отағасы үйіне қайтты.
Арада екі жеті өтті. Данеоя үйінде. Бір жеті ауруханада жатып шықты. Үйге келіп те мардымды ештеңе ішіп жемей жүр. Бүгін таңертең енесі батыл-батыл сөзбен қатты айтты.
-Қашанғы бұлай жүре бересің? Өз денсаулығыңды да ойла. Асқазаның да ауырып тынатын болды ғой. Әлі жассың, маған талай немере туып бересің, жиналсаңшы біраз. Әрине бізге де оңай емес, алғашқы немереміз деп қатты күткен едік, Алланың ісі амал жоқ енді. Жылай берме болды,- деді.
Ойлап қараса расында да түрінен түр қалмапты. Екі беті салбырап, жағы қушиып кетіпті. Енесінің мына сөздерінен соң Данеля кішкене бой түзеп, жинақталайын деді. Бағланның да құр сүлдері жүргенін ойлады. Демеу боп келіншегінің көңілін аулап та әбіржіп кетті.
Ал, Шоқан сол күйі ауылға оралмады. Өмірлері қайта бірқалыпқа келіп, үй ішінде жарқын-жарқын көңілді күлкілер шығып, өмірлері жалғасып жатты. Тек Бағлан ғана іштей Шоқанға кектеніп жүр. Ол менің баламды өлтірді! Мен бәрібір жәйдан жәй қоя салмаймын! Түбі оның жететін жеріне жетемін, деп ойлап жүрді. Бір күні Данеля алаңсыз қақпаның алдын сыпырып жүрген. Атасы мен күйеуі жұмыста. Енесі үйде теледидар қарап отырған. Үйге келіні жүгіріп кірді.
-Апа!- деді көздері жасаурап.
-Не болды? Тыныштық па?
-Ана кісіні көрдім.
-Кім ол?
-Шоқанды. Үйінің алдында отыр екен. Көшеде қақпаның алдыны сыпырып жүр едім.
-Саған бірдеңе деді ме?
-Жоқ, тіпті бұрылып та қарамады.
-Албасты малғұн. Шықпа көшеге. Кешке атаңа айтамыз.
Жүрегі дүрсілдеп Данеляның тағы мазасы кете бастады.
-Апа көшіп кетейікші. Қашанғы қорқып өмір сүреміз?
-Қайда барамыз жаным-ау. Біреуден қорқып көшіп кеткеніміз ақылға қонымсыз нәрсе ғой. Кешке сөйлесеміз жарай ма? Оған дейін үйде жүре тұр,- деді де өзі орнынан тұрып сыртқа беттеді. Онысы Шоқаннан хабар алайын дегені болатын. Қақпа алдына шығып ары-бері қарап еді Шоқанды көре алмады. Есігі ашық тұр. Баруға батылы бармады. Барғанда не айтады? Әліптің артын бағайын не болса да деп, кештің болуын күтіп үйіне кірді. Күткен кезде уақыт та өтпей кетеді ғой шіркін. Есікті іштен ілді де келініне жатып демалып ал деп өзі бөлмесіне кетті.
Данеля ойланып жатып көзі ілініп барады. Ойы ары қарай түске жалғасып кетті. Түсінде Шоқан үіне кіріп келіп бұған тарпа бассалып жатыр екен. Артынан Бағлан келіп басынан балтамен ұрып өлтіріп қойыпты. Қатты қорқып Бағланды құшақтап жылап жатыр. Сырт еткеннен оянып кетіп еді жастығы суланып жылап жатыр екен, арасында өкпесін баса алмай екі иығы селк селк етеді. Келген атасы мен Бағлан екен. Есікті енесі ашып, енді үйге кіріп келе жатыр. Кешкі астың үстінде көргендерін айтып берді. Үй ішін қалың үнсіздік басты. Әр кім өз ойымен. Енесі:
-Баласы келіпті ғой,-деді.
-Қазір үйінде ме екен?
-Білмедім қазір қайда екенін. Көршіден естідім ұлы келіпті деді. Үйінің алдында бесақаға шалынып ішіне темір ұшы кіріп кеткен екен ауруханаға жатып шығыпты, соған ұлы келіпті деді мына көршіміз,-деді енесі.
Демек, ауруханада осылай айтқан болып тұр ғой пышақ тиген жерін. Арада екі күн өткенде Шоқанның баласы үйге келді. Әкесінің қандай адам екенін іштей білетін сияқты. Кінәлі адамша жалтақтай береді. Біраз сөзге тартып еді, Шоқанның барлық шынайы келбетін айтып берді. Амалсыз әкесі болған соң жүргенін айтты.
Шоқан бала күнінен психикалық аурумен ауырады екен. Уақыт өте келе ол ауруынан айығып, жігіт болып үйленіп, отбасылы болыпты. Бірақ кейін ауруы қайта қозғаған болуы керек, әйелін себепсіз ұрып соғатын көрінеді. Әйелі ешкімі жоқ, балалар үйінде тәрбиеленген екен. Ал Шоқанның туыстары баяғыда ақ, теріс айналған екен.
Анасы қайтқан соң көзі қызына түскен Шоқан өз қызына да қорлық көрсеткен екен. Ұлы араша болып үлкен пәлекеттің бетін қайтарыпты. Содан қызы мен ұлы кәмелет жасқа толғанша әкесінен тек таяқ жеп өскен екен. Өз қолдары өз ауыздарына жеткен соң екеуі де қалаға кетіпті. Сол жақтан қызы тұрмысқа шығып, ұлы жұмыс жасайды. Әкесінің қаладағы ауруханаға келгенін есітіп(әкесі хабар бергізген) амалсыз келіпті. Ауылда да тыныш жүрмегенін есітіп қазір міне көңілі түсіп отыр.
-Қазір ауруы асқынып көзіне ештеңе көрінбей жүрген сияқты, айып етпессіздер. Қайтейін, өз қолымды өзім кесем бе. Ит те болса әкем ғой. Бірақ әкем сияқты болмайын деп барынша алыс ұстадым өзімді. Бірақ, басқаға зияны тиіп жүр екен. Қалаға алып кетпесем болмайтын сияқты-деп жүзін төмен салды.
-Мойыма балам, ата-анаң жынды болса байлап бақ деген сөз бар. Қанша қорлық көрсетсе де тастамаймын дегеніңнен-ақ нағыз жігіт екеніңді анық білдім. Бірақ, бұлай өмір сүре берсе қалада да біреуге зияны тиіп кетуі мүмкін ғой. Сонда қайтпексің?
-Білмеймін…
Ұзақ әңгімелескен жас жігіт пен үй іші түс ауғанша отырды. Дәм ауыз тиіп, бата қайырып жас жігіт үйіне қайтты.
Ертеңіне Шоқанның үйінің алдында көлік тұрғанын байқаған Бағланның әкесі ақырын солай қарай беттеді. Кешегі жас жігіт әкесін сүйеп үйден шығып келеді екен. Көлікке отырғызды да сыммен қоршалған шарбаққа қарай жүрді. Бағланның әкесімен қос қолдап амандасты да:
-Қалаға кетіп барамыз,-деді жүзі солыңқы түрде.
-Мейлі балам, жолың болсын.
-Қалаға барып психикалық ауруханаға жатқызатын болдым, әзірге өзі білмейді. Бір күні болмаса бір күні біреуге оңбай зияны тиіп кете ме деп қорқамын.
-Дұрыс жасадың. Ал, жолың болсын,-деп батасын беріп, арқасынан қақты.
Көлік жүріп кетті. Бағланның әкесі үйіне бұрыла бере, Шоқанның ескі үйінің терезе тұсына “Үй сатылады” деген ілінген картон қағазын көрді.
Соңы,,,