el24.kz Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға белсене қатысқан жастармен кездесу өткізіп, елдегі саяси реформалар мен жаңа Конституцияның маңызы туралы пікір алмасты. Кездесу барысында мемлекет басшысы 15 наурыздың Конституция күні болып белгіленгенін мәлімдеді.

Президент бұл күннің тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата заң елдің саяси жүйесін жаңғыртып, демократиялық институттарды дамытуға бағытталған.

«Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын», – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент жаңа Конституция ең алдымен жастардың болашағына арналғанын айтты. Оның пікірінше, елдегі саяси реформалар мен өзгерістер жас буынның белсенділігі мен бастамаларын қолдауға бағытталған.

Кездесу барысында алдағы саяси науқандар да сөз болды. Президент жаз мезгілінде парламент сайлауы өтетінін еске салып, бұл үдерістің ел үшін маңызды екенін атап өтті.

«Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа саяси кезеңде жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы аса маңызды. Сондықтан мемлекет жастардың бастамаларын қолдауға және олардың ел басқару ісіне қатысуына мүмкіндік жасауға басымдық береді.