el24.kz 13 наурызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталады. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.

Сот мәліметінше, іс бойынша алдын ала тыңдау 13 наурыз күні сағат 15:00-ге белгіленген.

Айта кетейік, 2025 жылғы 9 қазанда апелляциялық сот алқасы блогер Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың шағымын қанағаттандырмаған. Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Тергеу нұсқасы бойынша, Жанәбіловтер Instagram желісінде 11 автокөлік ойнатылатынын жариялаған. Конкурс шарттары қарапайым болып көрінген — қатысушыларға тек жазбаны репост жасау қажет болған.

Алайда 21 тамыз күні уәде етілген тікелей эфирдің орнына оқырмандарға құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business атты ақылы курстың сілтемесі ұсынылған. Кейін конкурсқа тек осы курсты сатып алған адамдар ғана қатыса алатыны белгілі болған.

Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен наразылық тудырды. Көп ұзамай блогерлер ұйымдастырған даулы конкурсқа байланысты іс сотқа дейін жетті.

Қазіргі таңда блогерлерге қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша олар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот процесі барысында істің барлық мән-жайы қаралатын болады.