el24.kz Қызылорда облысында мемлекеттік қызметші қамауда болғанын жасыру мақсатында жалған еңбекке жарамсыздық парағын пайдаланған. Бұл туралы облыстық прокуратура ресми мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, облыс прокуратурасы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметіне тексеру жүргізу барысында заң бұзушылық фактісін анықтаған. Атап айтқанда, Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамаққа алынған.

Алайда мемлекеттік қызметші жұмыста болмаған уақытын жасыру және оны заңдастыру мақсатында басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған.

Тергеу барысында аталған құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны белгілі болды.

Прокуратура мәліметінше, тексеру материалдары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа жолданған.

Сот үкімімен:

  • аудандық аурухана дәрігері ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-бөлігі бойынша жалған құжат жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасына кесілді;

  • ал бөлім басшысы ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі бойынша көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген.

Прокуратура мемлекеттік қызметшілерге заң талаптарын қатаң сақтауды ескертіп, мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.