Фариза Амангелдіқызы
- Өзімізге келсек, біз топ болып ұрлықпен айналысамыз. Мен, Медет, қызым Нәзира, күйеу балам. Ал, Жадыра әлі кішкентай, мектепте оқиды. Түсінікті айттым деп ойлаймын, - деп ештеңе болмағандай шәйін сораптап отыра берді. Көздері шарасынан шығардай болған Динара қорыққанынан тіпті, отырған орнынан тұра алмады. Үстінен бәреу мұздай су құйып жібергендей қалтырап отыр. Медетке қарады. Ол алаңсыз таңғы шәйін ішіп отыр екен.
Динара орнынан тұрып кешегі бөлмеге бара жатты. Жолай әкесінің дөлмесіне қарап еді, Медеттің әкесі кереуетте есікке қарап телміріп жатыр екен. Жанары солғын. Динараға бірдеңе ымдаған боп түйілді. Динара бөлмеге кірген кезде артынша Медет те кіріп келді.
- Сен... сен... қандай адамсың? Кімсің? Мен сені білдім... баяғыда телефонды... сен ғой ия сол... Е Алла біліп едім...
- Динара, жаным тоқташы. Бәрін түсіндірем. Мен өзгеремін. Сені көргелі бері бұл іспен айналысқым келмей қалды. Мамаға қанша айттым. Тыңдамайды. Жаным, тоқташы. Кешірші мені. Кетеміз бұл үйден. Бәрін басынан бастаймыз. Жарайды ма? Қарашы маған.
- Жоқ, тоқта,- деп біресе бетін басып, біресе басын ұстап, - сонда сен, бәрің, сонда... - деп не айтарын білмей Динара дірілдеп тұр.
- Бұлай болмайды. Мен кетемін. Керек емес. Жек көрем сені. Жоғал!- деп айқайлап жылап жіберді.
- Өшір үніңді! Енді бәрін біліп алып, қайда бармақшысың? Ешқайда да шықпайсың! Ойлан! - деп Медет бірден өзгеріп шыға келді. Енді Динара расымен қорқайын деді.
- Медет, ешкімге айтпаймын. Ауылға кетем. Жұмыстан шығам. Соңғы кезде ұнамай жүр еді. Ауылға ата-анама кеткім келіп жүрген. Жіберші мені Медет. Рас, ешкімге айтпаймын,- де жалына бастады.
- Ешқайда бармайсың! Мама не деді, сол болады. Әкеме қарайсың. Немесе бұл үйден өлігің шығады!
Осы кезде бөлмеге Ажар кіріп келді:
- Не болды тағы? Сен қатынның еркелігің бітпеді ғой тегі. Бұл үйге келген алғашқы қатын сен емессің. Медеттің мінезіне шыдамай қанша әйелі кетіп қалған. Бірақ ешқайсысы Медеттің немен айналысатынын білмей кеткен. Ол кезде әкесі сөйлей алмайтын еді. Ал, сен барлығын біліп алып енді кетпекшісің бе? Сонда кім ақымақ бұл жерде? Менің айтқанымды істейсіңдер, болмаса мына кеуек басыңды жұлып аламын,- деді Ажар тістеніп.
Бұрышқа тақалып отыра кеткен Динара аузын басып дыбысын шығармай ұзақ жылады. Қалтасынан телефонын алып милицияға хабарласпақшы болды. Бірақ кеш еді. Таңертең Медет телефонын алып қойыпты. Кім білсін мүмкін ата-анасы, жұмысындағылар іздеп жатқан шығар. Тек Сәнияның ғана хабары бар. Бірақ ол, той болып, кәдімгі жастар ұқсап үйленді деп ойлап жүрген болатын. Таңертең Динараның анасы хабарласқанда барып, ойланып қалды. Не айтарын білмей жұмыста дей салды. Ары қарай сұрақтарға білмеймін деп жауап беріп құтылды. Ауылға кетіп едім деп тағы өтірік айтты. Трубканы қоя салып Динараға хабарласты. Телефон сөндірулі. Сәния енді шындап қорқайын деді. Егер үйленсе, хабаршы жіберіп, қуғыншы деген болмайтын ба еді деді ішінен. Неге онда анасы хабарласып қызымен сөйлесе алмай жатқанын айтады. Ол Медетке хабарласты. Бірақ ол да сөндірулі. Сәнияның басына неше түрлі ойлар келе бастады. Бірақ, біреуге айтайын десе, жап-жақсы өмірлеріне араласып, ертеңгі күні ыңғайсыз боп қалам ба деп тағы ойлады. Не де болса әліптің артын бағатын болып шешті.
Динара мына тар қапастан қалай қашып шығарын білмей ойланып отыр. Не де болса түнде бәрі ұйықтаған кезде қашпақшы. Кешке дейін бөлмеден шықпады. Үй де тым тырыс болған сияқты. Әрлі берлі жүрген кісінің аяқ тысыры да естілмеді. Медет те бөлмеге кірмеді. Ақырын есікті ашып, кім бар екенін байқамақшы болды. Ешкім байқалмайды. Динара төсекте жатқан қарт кісінің бөлмесіне барып көрді. Әкесінің жанында кіші қызы отыр екен. Мектептен келсе керек, формамен отыр. Әкесі Динараны көріп ымдап жанына шақырды. Екі көзін әлгі кішкентай қыздан алмаған Динараға:
- Қорықпа, бұл менің қызым. Оларға болыспайды, - деді тағы да сыбырлап. Басын изеген Динара дереу жанына отыра кетті.
- Үйде кім бар? Менің кетуім керек. Көмектесесің бе?
- Үйде мамам бар. Сыртта жүр. Мен көмектесе алмаймын. Олар мені ұрады. Алдында бір женше кетем дегенде мен кілтті бергем. Мамам сол үшін аямай ұрды. Қорқамын,- деді көздері мөлдіреп.
- Жарайды. Бірақ айта қойшы, мамаң қайда жүр қазір? Медет қайда?
- Мамам білмеймін сыртта жүрген. Ағам түнде келеді.
Динара қалай да болмасын енді түнде қашуды жоспарлады. Кешке дейін ештеңе білдірмей кіріп-шығып жүрді.
Осында қалатын адам секілді ұстады өзін. Кешкі асқа енесі сымаққа көмектесті.
Медет келді. Өзі көңілді. Анасымен отырып біраз сөйлесіп, бүгінгі олжаларын табыстады. Жиіркеніп кеткен Динара ашулы жүзбен Медетке қарады. Ол еш қымсынбастан болған қызықтарын, аңқау елді әңгіме етіп отыр. Кешкі астан соң бөлмеге келген Динара Медетті көріп қорқып кетті. Медет келіншегін күтіп отыр екен:
- Иә, күнің қалай өтті?
- Еш. Өтті ғой әйтеуір.
- Енді не істейміз? Бәрін түсінген шығарсың? Ертең АХАЖ бөліміне барамыз.
- ...
- Неге үндемейсің?
- Жарайды.
Әңгіме осымен аяқталды. Екеуі де үнсіз. Медет Динараға жақындай беріп еді. Қыз ыршып түсті.
- Медет, некеміз қиылсын.
- Жарайды! - деп ашулы жүзбен теріс бұрылып бүк түсіп жатып қалды.
Динара да басын жастыққа қойып ойланып жатыр. Бәрінің ұйықтағанын күтуде. Күдіктеніп қалмасын деп, ұйықтаған кейіппен қимылсыз жатты. Түннің бір уағында Динара ақырын жастықтан басын көтерді. Қараса, Медет қорылдап ұйықтап жатыр. Есікті ашпай тұрып бірінші сырт жақты тыңдап көрді. Тыныштық. Ақырын есікті ашты. Үйдің іші тас қараңғы. Әншейінде қараңғыдан қорқатын Динара бүгін ерекше бір күш жинап алғандай. Қабырғаны сипалап сыртқы есікке беттеді. Күндіз сумкасын дайындап алған. Сонысын мойнына ілді де, сыртқы есікті ашты. Тысыр еткен дыбыстан өзі шошып кетті. Қорыққанға қос көрінеді деген. Артынан біреу кеп қалғандай түйілген соң, жалт қарады. Ешкім жоқ. Тас қараңғы. Уф деп әрең дем алды. Маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Қайта есікке бұрылып, табалдырықтан аттағаны сол еді, біреудің келе жатқанын сезді. Телефонның жарығымен сыртқы есікке, яғни өзіне қарай келе жатыр. Динара бір сәт ойланып тұрып қалды. Жүгіріп қашып кетсем бе, әлде тығылып қалсам ба екен... Кім екен келе жатқан... Неге түн ортасында сыртқа шығып жатыр? Енді қашпақшы болып бекініп, бұрыла бергенде:
- Женше!- деп сыбырлаған Медеттің кіші қарындасының дыбысы шықты.
- Ау.
- Тоқтаңыз! Мынаны ала кетіңіз. Папам беріп жіберді, - деп бір уыс ақшаны ұстатты.
- Рақмет,- деді де тез-тез басып сыртқа шықты. Кішкентай қыз есікті ішінен іліп алды да, әкесіне барып айтты. Көшеге шыққан Динара терең дем алды да, көше бойымен үлкен трассаға шықты.
Түн ортасы, қала шеті болса да, көше жап-жарық. Көше бойлап тартылған жарық сымдары Динараға қарасқандай, бүгін ерекше жарқылап тұр. Артына жалтақ-жалтақ қараған ол асыға басып келеді. Түн ортасы болған соң бірен-саран көлік болмаса, қаланы қою тыныштық басқан. Кенет, алдынан үлкен жүк көлігі шықты. Не де болса сына жерден ұзап кетсңм болды деп, жүгіріп қолын көтерді. Түн ортасында алдынан атып шыққан адамды көріп жүргізуші сасқалақтап қалды. Тежегішті қатты басып, шиқылдап барып тоқтады.
- Қарындасым-ау, зәремді ұшырдың ғой, кел, отыр,- деді есікті ашып.
- Аға саламатсыз ба! Адасып қалдым. Үйге жеткізе аласыз ба? Ең болмағанда аялдамаға дейін,- деді Динара көздері мөлдіреп.
- Отыр, отыр,- деді жүргізуші.
Көлік ішіне темекі иісі сіңіп қалыпты. Киімінің жағасымен мұрнын басып отырды. Мінерін мініп алып, енді қорқайын деді. Мына кісі көлікті де біртүрлі айдайды ма қалай өзі. Жүргізуші Динараның қорқып келе жатқанын дереу сезді. Әңгімеге тартып, қорқынышын сейілтпекші.
- Қарындасым, қорықпа. Менің зияным жоқ. Жұмысым осы. Ұзақ уақыт көлік ішінде болған соң зерігеміз, сосын темекіні көп шегемін. Терезені ашайын ба?
- Иә, кішкене ашайықшы. Жүрегім алынып барады.
- Қала арасында жүк тасимын. Тапқаным отбасыма жетеді, шүкір. Екі ұл, екі қызым бар. Жақында той бастап қойдық. Қызымды ұзатып жатырмын. Ұлымның үлкені жоғары оқу орнында оқиды....
Ары қарай Динара өз ойымен болып кетті. Жүргізушінің дауысы алыстан талып естілетіндей. Қазір таң атса Медет мені іздейтін шығар. Квартираға келуі анық. Ол жерден кетуіміз керек деп ойлады. Сытылып шыққанына қуанып отыр. Жүргізуші әлі сөйлеп келеді екен.
- Аға, мені квартираға дейін апара аласыз ба, ақысын төлеймін, асығыс едім,- деп мекен-жайын айтты.
- Жарайды. Асығыс емеспін.
Үйінің алдынан түсіп қалған Динара жүргізушіге алғысын айтып, үйге кіріп кетті. Қуанып тұр. Әлгі кісі тіпті жол ақысын да алмады. Тез-тез басып есік алдына келді. Қоңырауды басты. Үн жоқ. Қайта-қайта баса берді. Бір кезде есіктің кілті бар екені есіне түсіп кетті. Кілтті алып есікті аша бергенде подъезд есігі тарс етті.
Мына оқиғадан кейін әр дыбысқа шошына қарап жүрген Динара жалт қарады. Сонда Медет іздеп келіп қалғаны ма? Тұла бойы қорқыныштан дірілдеп, есікті аша алмай қалтырап тұрып қалды. Сөйтсе бұл Медет емес, аң щылаң беріп жатқаннан бастап жұмыстарына кірісетін подъезд тазалаушы, көше сыпырушы апа екен. Уф деп терең дем алған Динара үйіне кіріп тез-тез киімдерін жинай бастады. Сәния үйде жоқ. Қайда кеткенін түсінбеді. Жұмысқа дейін десе таң енді атты емес пе? Оны ойлап тұратын уақыт жоқ, Динара жиналып қажетті заттарын ғана алды да, ауылына кететін автовокзалға шықты. Қалада енді ғана қыбыр-жыбыр тірлік басталып жатыр екен. Таксимен автовокзалға жетті де, билет алды. Бірақ ойланып тұр. Бұл автобус кешке жүреді. Оған дейін қайда күтемін. Түстен соң Медет іздеп келсе ше автовокзалға? Динараның бас қатып кетті. Не істерін білмей билетін қайта өткізді де, таксимен ауылға шықты. Телефоны Медетте қалды. Ешкіммен байланыса алмады. Ақшасы бар, соған да шүкір. Жүйіткіген көлік түске таман Динараның ауылынан бір-ақ шықты. Қақпа алдына тоқтаған көлікті көріп анасы сыртқа шықты. Үйде жалғыз өзі болатын. Әкесі жұмыста. Екі інісі мектептен әлі келмепті. Динараны көрген Сандуғаш қуанып кетті. Құшақтап бетінен сүйді. Үйге кіріп, жайғасып, саулық сұрасты.
- Қызым-ау, неге телефоның сөндірулі? Әкең екеуміз алаңдап кеттік қой. Екі күннен бері. Сәниядан да хабарыңды біле алмадық.
- Айтпақшы мам, телефоныңызды бере тұрыңызшы,- деді ол құрбысы есіне түсіп. Тез-тез нөмірді тере бастады.
- Тыныштық па қызым,- дей берген анасына "қазір" деп қолымен ишара етті.
- Алло, Сани, қалайсың? Иә жақсы. Ауылдамын. Маманың телефоны. Қайдасың өзің? Квартираға келуші болма жарай ма? Мүлде келмей тұр. Кейін айтып берем. Жақсы, сау бол.
- Әй, тыныштық па не болды деймін?
- Мам, - деп анасын құшақтап жылап жіберді. - Мамау, ана Медет деген оңбаған...
- Не болды? Айтшы енді.
Динара көз жасын сүртіп отырып, бар болған жағдайды айтып берді. Қызының қатты қорқып қалғанын көрді. Дереу әкесіне хабарласып шақырды.
Бұл кезде Медеттің үйі дүрлігіп жатыр еді. Динараның қашып кеткенін көріп, милицияға хабар берсе қайтеміз деп Медеттің анасы Ажар үрейленіп не істерін білмей әлек болуда. Ал, Медет болса іздеп бірінші болып квартираға келді. Есіктің үшінші кілті Медетте болатын. Ешкім жоқ екенін білген соң сыртқа қайта шықты. Сәнияның да, Динараның да жұмыс орнына барды. Екеуі де жоқ. Қайда кетуі мүмкін аз уақыт ішінде. Динараның жұмыс орнынан ауылдағы мекен-жайын алды. Жанына өзі секілді екі -үш жігітті ертті де дереу жолға шығып кетті.
Динара әкесіне де болған жағдайды айтып берді. Әкесі құзырлы органдарға хабарласып, үй ішінің тыныштығын талап етті. Себебі Медеттің бірінші болып келетін жері осы еді. Бірақ, Медет бірден келген жоқ. Ауыл шетіне келіп тоқтады да, жолдастарымен ойласа бастады. Тәк, не істеу керек. Қалай құтылудың жолдарын ойластыра бастады. Динараның телефоны жанында. Ойланып отырып інісіне хабарлама жазды.
Хабарламаны оқыған інісі дереу әкесіне көрсетті. Барлығы үйінде отыр. Сыртқа шықпаңдар деген бұйрық алған. Хабарламада: " Басыңды алмайынша тыныштала алмаймын" делініпті. Әрине хат інісіне келгенмен, Динараны меңзеп тұрғаны анық. Динара қорыққанынан жылап жіберді.
- Неге жылайсың? Мен бармын емес пе? Әкеңе сенбейсің бе? Тірідей дарға асып қоямын ол хайуанды. Қорықпа.
- Кешіріңізші мені. Мен танымай келіппін оны осы уақытқа дейін. Қалайша білмегенмін.
- Болды, енді жылай берме, - деп мамасы да тыйып тастады.
Медет үйіне хабарласып, тез арада үйден кетіңдер деді. Соны сезгендей Ажар дереу қажетті заттарын, бағалы ұрланған заттардың барлығын екі сумка қылып жинады да, қызын ертіп сыртқа шықты.
- Мам, мен папамның жанында қаламын.
- Оттамай тез-тез жүр.
- Папам ше? Бір өзі қалды ғой.
- Оны жау ала қоймас. Іздеп келгендер көмектесер.
- Мен қаламын осында.
Қызына алара бір қараған Ажар, бетінен шапалақпен салып жіберді. Бетін басып қызы үнсіз жылап анасына еріп кете берді. Түбінде осылай боларын білген Медеттің әкесі іштей қуанып, терең күрсініп жата берді.
Кеш батты. Медет пен жолдастары Динараның үйіне қарай аяңдады. Көлікті алыстау жерге қойып, жаяу бақылап қайтпақшы. Досының кішкентай тапаншасын өзіне алған Медет тым еркінси келе жатыр. Күнімен ауыл іші тыныш болғанға Динараның аңқаулығы деп ойласа керек. Ешкімге ештеңе айтпаған деп түсінді. Бірақ, қашанға дейін айтпай жүреді? Бір күні болмаса бір күні осы жағдай туралы жақ ашып қойса, менің күнімнің біткені емес пе? Сол үшін, барлығының дұрыстығына көз жеткізуім керек деп ойлады. Динараның үйінің алдына келді. Қақпа тарс бекітулі. Жарық сөндірулі. Бұлар қайда кеткен? Жолдасына үйдің артын бақылап кел деп жіберді. Біреуі көлік ішінде қалды. Үйде ешкім жоқ секілді деп, бұрыла бергенде артынан келіп тұрған милиция қызметкері білегінен ұстай алды. Осыны күткендей Медет екінші қолындағы тапаншамен тарс еткізді. Ар жақтан жүгіріп келген жолдасы Медеттің жанфндағы милицияның жерге сұлайып түскенін көрді де:
- Ақымақ, неге атасың? Сен жәй қызды қорқытамыз деп едің ғой?- деді айқайлап. Сырттан бақылап тұрған тағы да екі милиция қызметкері жүгіріп келіп, паникада тұрған екі жігіттің де қолдарын қайырып жерге жатқызды. У-шуды, тапаншаның дауысын естіген көліктегі үшінші жігіт қашпақшы болып көдікті от алдырғаны сол еді алдында тұрған милиция қызметкерінің көлігін көрді. Сөйтсе, барлығынан, тіпті бұлардың қашан ауылға келгеніне дейін сырттай бақылаған милицияның бәрінен хабары бар екен. Тек, іске көшкен мезетте қолға түсіреміз деп күтіпті. Сонымен үш күдікті де қолға түсті. Ал бұның барлығын, жарықты сөндіріп қойып іште терезеден бақылап отырған Дарханның отбасының қорқынышы сейіле бастаған еді. Сол мезетте-ақ барлығын тергеу бөліміне алып кетті. Ал, ертеңіне күндіз әкесімен бірге барып Динара арыз түсірді. Бар жағдайды тергеушіге баяндап берді. Қашан таныстығы басталғанынан бүге-шүгесіне дейін айтты. Құзырлы орган енді, Ажар мен оның қызы, күйеу баласын іздеуді бастады. Ол үшін Алматыдағы әріптестеріне хабарлама жіберді. Құзырлы органдар өз ісіне берік мамандар болғандықтан жұмыстарын тиянақты атқарды. Бірінші болып Медеттің үйіне барды.
Динара мен әкесі арыз жазып шыққан соң, ауруханаға барды. Кешегі оқыс жағдайда атылған оқ милиция қызметкерінің иық тұсына тиген екен, ота жасалып оқты алып тастапты. Жағдайын сұраймыз деп кіріп шықты. Дер кезінде көмек көрсетілгендіктен жағдайы жақсы. Динара мен әкесі үйге қайтты. Өмірінің дәл кинодағыдай шытырман оқиғаға толып кеткеніне әрі қорқып, әрі таңғалып ой үстінде келе жатқан қызының көңілін ауламақшы болып әкесі сөз бастады:
- Қызым, мен еңбек демалысына шықтым. Отбасымызбен қыдырып басқа қалаға барып қайтсақ деп едік. Мамаң жұмысынан сұранады. Бір жетіге барып қайтайық иә?
Динара үнсіз басын изеді. Үйге келіп те, бөлмесінде ұзақ жатты. Әбден физикалық та, моральдық та шаршап әлі құрыған бишара қыз ата-анасының қамқорлығында, өз ұясында алаңсыз ұйықтады. Ертеңіне таңертең телефон шырылынан оянды. Әкесіне миллициялар хабарласып тұр екен. Медеттің анасын тауыпты. Ең үлкен қызының үйінде жасырынып отырған екен. Сонымен қатысы бар қызы, күйеу баласы, анасы үшеуі де сол жерде ұсталыпты. Жақсы жаңалықты есітіп үй іші қуанып қалды. Бірақ, Динара есіне бірдеңе түскендей үнсіз ойланып отыр.
- Енді нені уайымдайсың қызым? Бәрі жақсы шешілді емес пе?
- Мам, оның әкесі мен кішкентай қарындасы да бар. Олардың күні не болар екен?
- Әкеңе айтайық, сұрап көрсін.
- Иә, сұрайықшы. Әкесі жақсы адам. Қарындасы да. Маған үлкен көмегі тиді олардың.
Әкесі құзырлы органмен қайта байланысып, барлығын тәппіштеп сұрады.
"Қызыңыз ешқайда кетіп қалмасын. Алдағы уақытта сотқа шақырылады. Куәгер ретінде. Құрбысына да ескерту жасадық. Бұл оқиға үлкен қылмыстың бетін ашты. Неше жылдан бері айналысып келген топтық ұрлық қылмыстары орын алған. Қызыңызға рақмет. Ал, тиісті мекен-жайдан табылған 1-топ мүгедек әке қарттар үйіне, ал кішкентай мектеп оқушысы балалар үйіне өткізіледі. Қалған сұрақтарыңызға жауапты сотта біле аласыздар" деген жауап алды.
- Дұрыс болған екен, қараусыз қалғанша сонда барғаны дұрыс,- деді Динараның анасы.
Сот болатын күн де жетті. Динара әкесі және анасы, құрбысы Сәния төртеуі қалалық сот бөліміне келді. Сот орындаушысы кіріп, қылмыскерлерді шақырды. Алдымен Медеттің анасы кірді, одан соң Медет, әпкесі, оның күйеуі кезегімен кіре берді. Барлығының көзі Динарада. Динара қорыққанынан төмен қарап, көздеріне қарауға батылы бармады. Қызының қорқып отырғанын байқаған әкесі оны құшақтап, дем беріп қойды. Ал, анасы қолынан қысып отыр. Сот өтті. Динара куәгер ретінде бәрін айтты. Әкесі мен анасы да танысқан күндерін айтты. Сотқа тіпті, Динараның оқу орнынан басшылық та келді. Сот бірінші отырыстан-ақ шешім қабылдады. Себебі, бұл қылмыстық топ осы уақытқа дейін неше түрлі қылмыстар жасап келген екен. Тіпті, ұрлық үстінде жеке тұлғаларды жарақаттаған болып шықты. Сот шешімі бойынша барлық қылмыскерлер бас бостандығынан айырылып, түрмеге жабылды.
Бәрі аяқталып, Динараның көңілі орнына түсіп үйіне қайтты. Қайтарда, әкесінен өтініш жасап қарттар үйіне соғуды сұрады. Ондағы мақсаты Медеттің әкесіне рақмет айту еді...
СОҢЫ!