Фариза Амангелдіқызы
Динара университеттен көңілді оралды. Жатақханаға кіре берісте отыратын вахташы апайға күлімдеп қарады да, қолындағы алпен голдты ұсынды.
- Шәй ішіңіз апай,-деді.
- Ой рақмет, бүгін ерекше көңілдісің ғой.
- Иә, соңғы емтихандардан ең жоғары баллмен өттім. Алда тек дипломдық жұмысым ғана қалды. Оған да дайынмын.
- Жарайсың. Қанекей, барлық студент сен секілді болса. Оқимын деп шалғайдан ата-анасының үмітін арқалап келген соң оқу керек қой.
- Рақмет апай,- деп кілтін алды да, бөлмесіне беттеді. Ыңылдап жүріп киімін ауыстырды, душ қабылдады. Кешкісін бөлмеге қыздар келді. Бірі көңілді болса, бірі керісінше. Емтиханды ертеңге қалдырыпты.
- Динараның әрқашан жолы болғыш, біз сорлы жүрміз тапсыра алмай.
- Динараның оқу қабілеттілігін білмейтін адам ұқсап сөйлемеңдерші. Мұғалім оны автоматты түрде өткізді. Ол соған лайық. Жарайсың Дикош,- деді құрбысы Сәния.
Қыздар күліп-ойнап кешкі астарын ішті. Содан соң серуендеп қайтамыз деп сыртқа шықты. Бүгін сыртта студенттер аз. Барлығы емтиханға дайындық үстінде. Қыздар біраз қыдырып, жатақхана есігі жабылмай тұрып қайтуға бекінді. Қайтар жолда Динара жандарынан бір жігіттің асығыс жүгіріп өткенін аңғарды. Өтіп бара жатып, әлгі жігітпен көз түйістіріп үлгерді. Ол да шамалы секундт қарап тұрды да, бұрылып жүгіріп кетті. Динара онша мән бермеді. Жатақханаға жете бергенде Сәния:
- Қыздар, телефоным... - деп қалтасын қайта-қайта қаққыштап тұрып қалды.
- Алып шыққан ба едің?
- Иә, суретке түсірдім ғой сендерді жаңа ғана.
- Мәссаған. Түсіп қалған шығар. Жүрген жолымызды қарап шығайық жүріңдер.
- Қыздар іздеп келейікшіііі... - деп Сәния жыламсырап қоя берді.
- Қорықпа, табылатын шығар. Жаңа ғана анау жерде суретке түстік қой. Ешкім жүре қоймаған шығар ол жерде. Адам аз ғой көшеде,- деп әрқайсысы Сәнияны жұбатып келеді.
- Ағам өлтіреді мені, ішпей-жемей қымбат телефон әперіп еді. Мен жылап қоймаған соң.
Қыздар әрі-бері іздеп таба алмады. Сәния жүрегі дүрсілдеп, қиналып кетті. Жол жиегіндегі сәкіге отыра кетті.
- Тәк, қыздар. Біздің жанымыздан кім өтті. Жаңа бір жігіт жүгіріп өтті ғой ия?
- Одан кейін де, оған дейін де біраз адам өтті бірақ,- деп қыздар ой бөлісті.
Сырттарынан бақылап тұрған Медет телефонды қайта апарып беруге бекінбекші. Себебі, Динарамен қалай да танысуды жөн көрді. Бірақ, мен ұрлағанымды білсе ол қыз сол жерде-ақ менен теріс айналады емес пе?Енді не істесем екен деп біраз тұрды да, тәуекел деп өтірікті ұйқастырып қыздардың жанына келді.
- Сәлем.
Жалт қараған қыздар Медетті көріп біраз ыңғайсызданып қалды. Тек Сәния ғана оған мән бермеді. Оның бар ойы тек телефонда еді.
- Қыздар, телефон жоғалттыңдар ма?
- Иә,-деді дереу Сәния.
- Мынау ма?
- Қане көрейінші,- деп Сәния орнынан атып тұрды, - осы, иә осы. Міне қараңыз, бетіндегі суреттегі менмін, қараңызшы,- деп сасқалақтап өзін суретпен салыстыра берді.
- Иә, иә білем,- деді Медет күліп. Жаңа арттарыңызда келе жатып осы телефонды тауып алдым. Жандарыңыздан жүгіріп өткенімді байқаған шығарсыздар(осы кезде жігіт көз қиығымен Дианараға қарады). Егесін іздеп бара жатыр едім. Сіздер алаңсыз кетіп бара жатқан соң иесі басқа кісі деп ойладым.
- Жоқ, мен ғой жоғалтқан. Ол кезде білмеген едім телефоным түсіп қалғанын,-деді Сәния қуана. - Рақмет сізге.
Осылайша, қыздар Медетпен бірге жатақханаға беттеді. Есік алдына келіп сөйлесіп біраз тұрды. Динараның телефон нөмірін сұрап еді, оған Динара келіспеді. Қоштасып ішке кіріп кетті. Соңдарынан қарап шамалы тұрған Медет, қайтсем де екінші рет кездесемін деп іштей серт берді де жөніне кетті.
Бөлмеге келген соң Динара жайғасып отырып Сәниядан болған жәйт туралы сұрады.
- Сани, қарашы, маған біртүрлі ой келіп тұр. Әлгі Медет телефонды қай жерден тауып алғанын айтпады ғой. Сен қалай жоғалтқаның есіңде жоқ па?
- Білмим, түсіп қалған шығар.
- Бірақ, қай жерде? Қалай түсті? Қайда салып едің?
Біраз ойланып тұрып Сәния:
- Білмедім қалай түскенін. Негізі шалбарымның қалтасы терең болатын. Қалтама салғаным анық есімде. Қалай түсті екен онда,- деп ойланып қалды.
- Мен де соны айтып тұрмын ғой.
- Мен қалтама салған соң сыртынан қайта қайта ұстап көріп жүріп келе жатқан едім.
- Онда ол қалай түсіп қалады. Біз жүгірмедік қой.
- Білмедім, қойш, әйтеуір табылды ғой. Медетке рақмет. Болмаса ағам мені оңдырмайтын еді.
Үнсіз қалған Динара өз ойымен арпалысып кетті. Медет... Жүгіріп өтіп бара жатып маған қарап өтті. Жанары мені мысқылдағандай көрінді. Егер мен ойлағандай болса, ол неге телефонды қайта әкеп берді. Түсініксіз ойлар Динараға маза берер емес. Түннің жарымына дейін ойланып жатып қалғып кетті. Терең ұйқыға кеткен Динара түсінде де Медетті көріп шықты. Қолына өте көп телефон ұстаған Медет біреуін өзіне сыйлап тұр екен. Динара олардың қайдан келгенімен шаруасы жоқ, соңғы үлгідегі телефонның бірін қолына алып қуана күлімсіреп тұр. Екеуі алма бақтың ішінде қыдырып жүр екен. Динара жігітті ойлайтын шамасы жоқ. Бар ойы қымбат телефонда. Әрлі-берлі тексеріп шұқылап отыр. Тіпті жанындағы жігіттің не айтып жатқанын ұғып та жатқан жоқ. Иә, иә деп басын изеп мақұлдап отыр екен. Ал Медет болса Динарадан көз алмай қарап отырған сыңайлы. Бір кезде жігіт қыздың білегінен шап беріп ұстай алды. Сол кезде оянып кеткен Динара, жоғары қараса бас жағында Сания білегінен тартып оятып жатыр екен.
- Дикош тұрсаңшы. Таңғы ас ішейік.
- Иә, қазір, сәл,- деп ұйқылы-ояу бетін жастыққа басып қайта жатты. Көрген түсі есіне түсіп кетті де, атып тұрды. Бәрін құрбысына айтып берді. Ішек-сілесі қатып күлген Сәния:
- Жаным-ау, сен түінмен соны ойлағансың ба, түсіңе кіретіндей?- деді.
- Қайдан білейін енді, маған сол бала ұрлаған сияқты болады да тұрады ше...
Қыздар таңны астан соң әрқайсысы өз шаруаларымен шығып кетті. Динара оқумен қатар, жұмыс та жасайтын. Негізі пысық қыз. КФС орталығында сабақтан шыққан соң даяшы болып, ал аптаның соңғы екі демалыс күнінде, оқу орнындағы жалқау қыздардың лекциясын жазып, реферат, курстық жұмыстарын жазып беріп ақша табады. Бүгін де сабақ жоқ, жұмысқа жиналып, сыртқа шығып еді, қарсы алдынан Медет шыға келді. Сасқалақтап қалған Динара өзі бірінші болып қалай қолын созып амандасқанын білмей қалды. Артынша өз ісіне ұялып, кешірім сұрады. Содан соң жағдай сұрасқан соң кетуге асығып, қоштаспаққа бекінді:
- Мен жұмысқа кетіп бара жатыр едім, кешіріңіз, асығыспын,- деді де жатақхана қақпасына беттеді. Артынан еріп отырған Медет те қалысар емес:
- Динара, тоқтаңызшы. Аз ғана әңгімем бар. Сізбен тағы бір жолықсам деп едім. Бөтен ойым жоқ, рас айтам.
- Мен асығыспын.
- Өзім жеткізіп саламын, уайымдамаңыз.
- Жоқ, рақмет,- деп бірден шошып кетті. Қыздың қылығынан күдіктеніп қалған Медет, дереу түсінді. Демек, ол кеше менің телефонды ұрлағанымды түсініп қойды. Бірақ, қалай? Сонда да, артынан қалар емес. Аялдамаға дейін барып, ақыры телефон нөмірін сұрап алды. Автобусқа отырып кеткен Динараның соңынан ұзақ қарап тұрды.
Қыздың қылығынан күдіктеніп қалған Медет, дереу түсінді. Демек, ол кеше менің телефонды ұрлағанымды түсініп қойды. Бірақ, қалай? Сонда да, артынан қалар емес. Аялдамаға дейін барып, ақыры телефон нөмірін сұрап алды. Автобусқа отырып кеткен Динараның соңынан ұзақ қарап тұрды. Неге менен сұрамады? Неге алғанымды білсе бетіме айтпады? Әлде қорықты ма?
Осы күннен бастап Медет жатақханаға жиі келетін болды. Динараны айналшықтап, кездесуге шақыруды жоспарлап жүр. Әрине, қыз оған келісер емес. Есесіне, Сәниямен достық қарым-қатынас орнатқан жігіт енді өзіне нық сенімді. Бірақ бұл күнге жету үшін де біраз тер төкті. Бұл аралықта қолынан қаншама телефондар, одан бөлек бағалы бұйымдар, ноутбуктер өтті. Арзан бағаға сатып отырды. Арам ақшаны қыз-қырқынға жұмсауды жөн көрген Медеттің басты ұстанымы "Оңай ақша - оңай кетеді" еді. Арада біраз күн өтіп, қыздардың диплом алатын уақыты жақындады. Бұл кезде Сәния арқылы Динара Медетке алғаш рет кездесуге шығып үлгерген болатын. Жігітке біртіндеп бойы үйренейін деді ме, әлде, қыр соңынан қалмай неше түрлі әкелген сыйлықтары мен жылы сөздері жүрегін жібітті ме өзі де түсіне алар емес. Алғашқы кездесуде-ақ Медет Динараға сезімін білдірді. Динара жігіттің сөзін жауапсыз қалдырды. Мұны жақсылыққа балаған Медет күннен-күнге сүйіктісіне құшақ-құшақ гүлдер мен бағалы сыйлықтарды тасуды әдетке айналдырды. Әйел заты жылулықты қалайды емес пе? Мұндай сый-құрмет Динараны да баурап алған еді. Тек, өкініштісі, бұл сыйлықтың бәрі қандай ақшаға келіп жатқанынан хабары жоқ еді. Ал Медет Динараға шынында да ғашық еді. Сол үшін де, енді арам жолмен ақша таппаймын деп серіктестеріне ескертті. Кекете күлген жолдастары Қозы Көрпеш болыпсың да қалыпсың ғой деді мысқылмен. Динара дипломын алатын күні ауылдан ата-анасы келді.
Бұдан хабары жоқ Медет өте үлкен әрі көп мөлшерде раушан гүлдері мен алтын сақина сыйлауға келіп тұр еді. Топ ішінде жалғыз Динара оқуды қызыл дипломға аяқтады. Және сол үшін сөз сөйлеуге мінбеге шақырылды. Ректормен қатар тұрып сөз сөйлеген Динараны ата-анасы келіп құттықтады. Артынша сахнаға Медет көтерілді. Құрбылары шулап қоя берді. Құттықтап, екеуі бірге сахнадан түсті. Динара бүгін ең бақытты адам еді. Ата-анасынан енді жасыратын ештең жоқ. Төртеуі мейрамханаға келіп түскі астарын ішті. Дастархан басында Медет Динарада көңілі барын, үйленгісі келетінін айтты. Мұны Динараның өзі де іштей сезіп отырған болатын. Ата-анасының көзінше аздап қысылған қыз, Медетке тыныш деп белгі бергендей болып еді, оны тыңдайтын жігіт пе, бәрін ашық айтты. Әкесі Динараны өте қатты жақсы көретін, бәлкім сол үшін бе, қызымның қалауына қарсы шықпаймын, бірақ, әлі ерте емес пе,- деп жауап берді. Әңгіме осымен тоқтады. Ата-анасымен бірге қонақ үйге жайғасқан Динара, Медетпен қоштасып ішке кірді. Екі бөлмелі қонақ үйден нөмір алды. Кешкі қаланы көргісі келген ата-анасын Алматының түнін тамашалатты. Кешкі асты да керемет жерде отырып, қызыл дипломың құтты болсын деп әкесі төледі. Ауылдан арқаланып келген ғой, үйдің үлкені қуанышқа бөлеп жатса, неге шашылмасқа. Әкесі Дархан мектепте оқу ісінің меңгерушісі. Анасы Сандуғаш ауыл амбулаториясында медбике болып жұмыс жасайды. Динара үйдің үлкені, одан соң екі ұлы бар, олар мектеп оқушылары.
Қалада екі күн болып, ата-анасын ауылға шығарып салды да, Динара қалада қалды. Осында сұраныста болып жатқан бір-екі жерге барып жұмыс жайлы сөйлеспекші. Егер болып жатса, күзге дейін ауылда болып, күзде жұмысқа қайта келмекші. Оның үстіне Медеттен де жырақ кеткісі келмей тұр. Дархан мен Сандуғаш ауылға қайтты. Ал, Динара жатақханаға келсе, қыздар әлі тарқай қоймапты. Біразы жұмыс қарастырып жатыр, енді біреулері ауылға жиналып жатыр. Сәния да осында қалып жұмыс жағын реттеп кетпекші. Екеуі бірер күн жатақханада болып, квартира іздеді. Қолайлы квартираны да Медет тауып берді. Тіпті төлемақысын да екі ай төлеп қойғанын айтты. Бақыттан басы айналып жүрген Динара ештеңені сезер емес.
Жаз бойы Сәния мен Динара бірге бір квартирада тұрды. Екеуі де ауылға бір барып келді. Бір жақсысы екеуі бір жерден жұмыс тапты. Динара қызылға бітірген соң мұғалім болып, ал Сәния зертханашы болып қабылданды. Ара-тұра квартираға Медет келіп тұрады. Соңғы кезде Медет өзгеріп кеткен сияқты. Динара өзі іштей сезгенмен, құрбысына айтқысы келмейтін. Бірақ, Сәния да мұны сезген еді. Бірде шәй үстінде осы тақырыпта әңгіме болды. Екеуі де өз ойларын айтып, Динара мұңайыңқырап қалды:
- Иә, соңғы кезде Медет көп хабарласпайды. Тіпті ат ізін салмай кетті. Хабарлассам басқа қаладамын дейді.
- Күтейік. Мүмкін расымен бір жұмыстармен жүрген болар.
Осы кезде есіктің қоңырауы басылды. Әні кімді айтсаң сол деп, мүмкін Медет шығар, ашсаңшы,- деді Сәния. Расында келген Медет еді. Жүзі солғын. Шәй ішіп отырып бірден үйленуге ұсыныс білдірді. Мұны күтпеген Динара, сүйіктісінің қайта жоқ болып кететіндей көріп, бірден келісті. Барлығын нақты шешіп, қоштасып Медет шығып кетті. Бірақ неге көңілсіз келіп, көңілсіз кеткенін екі құрбы түсіне алмады. Мүмкін жолдан шаршап келген шығар деді де қойды. Кешке Динара жігітіне хабарласып, той жайын сөйлесті. Сырға салып, ұзатылып шығамын дегеніне Медет бірден қарсы болды. Ондайға уақыт жоқ. Ертең келіп алып кетем деп нақтылап айтты. Үйдегі ата-анасы есіне түсіп Динара ойланып қалды. Анасына хабарласып, болған жайтты айтты.
- Қызым-ау, біз үйге құрылыс бастап қойғанбыз ғой. Білесің ғой. Неге асығады сонша.
- Білмедім мам, Медет қайтпай тұрып алды. Ертең алып кетемін дейді.
- Әй, ең болмаса, бір жетіден соң десеңші. Жан-жағымызды жинастырайық.
- Жарайды...
Бірақ Динара Медеттің көнбейтінін біліп, анасына ары қарай айтпай қоя салды. Осылайша үнсіз кетуді ойлады. Бір жақсысы Медет осы Алматының жігіті. Отбасымен осында тұрады. Жұмысымды жалғастыра беремін деп Динара қуанған болатын. Егер бірге тұрамыз десе сол үйге көшемін, егер бөлек шығамыз десе осы квартираға келе салады. Сәния басқа квартираға ауысамын деп жүрген. Динара алдын ала керемет пландар құрды. Бірақ алда не күтіп тұрғанын қыз бишара тіпті елестете де алмайтын еді.
Ертеңіне Медет келіп Динараны алып кетті. Құрбысы болып бірге баруға Сания да дайындалған еді, бірақ Медет оны қаламады. Амалсыз Сәния бақыт тілеп шығарып салды. Ішінен бір нәрсені сезгендей болды, бірақ Динараға айта алмады. Басқаша түсініп жүрер деп үнсіз қалған болатын. Медет пен Динара қаланың шетінде тұратын бір үйге келіп тоқтады. Есік алды тым-тырыс. Той болатын үйге ұқсамайды. Аздап жүрексініп көліктен түскен Динараның қолынан ұстап Медет үйге алып кірді. Үй іші асханада кешкі астарын ішіп отыр екен.
- Қалайсыздар? Міне, менің келіншегім Динара. Танысып қойыңыздар.
- Қалайсыңдар? Мен Медеттің анасымын. Есімім Ажар. Мынау қызым Жадыра. Тұрмыста тағы бір қызым бар. Есімі Назира. Медет жалғыз ұлымыз. Ал, келіңдер шәй ішеміз,- деп еркін жүріп тұрған болашақ енесін көрген Динара аздап қорқып тұр. Бала кезден ауылда келін келсе ұлан асыр тойды көріп өскен қызға мына жағдай таңсық болып тұр. Беташарға дайындалып жатқан ешкім жоқ. Бір лажын тауып сыртқа шыққан ол, телефонмен Медетті шақырды.
- Ау, тыныштық па?
- Медет, мен түсінбедім. Сонда осылай үйленеміз ба?
- Енді не күттің?
- Беташар ше? Біздің ауылда...
- Ауылың бөлек, қала бөлек! Оның үстіне оның бәрі артық шығын! Ертең барып загске арыз тастаймыз. Всё!
- Мешітке ше? Мұсылмандық неке болмай ма сонда?
- Динара, жаным. Артық әңгіменің не керегі бар? Құжат болса болды емеспе? Шаршадым, жүр жатып ұйықтайық.
- Менің ата-анам ше сонда?
- Сен де қоймайды екенсің. Ертең сөйлесейікші,- деп Медет үйге кіріп кетті.
Мына әңгімеден соң Динара қорқайын деді. Не де болса бүгін тым кеш болып кетті. Ертең бірмәнісін тауып, Медеттің анасымен отырып дұрыстап сөйлесіп басын ашып алмақшы. Енді ғана тоңып кеткенін сезген қыз денесі тітіркеніп, үйге кірді. Келсе Медет екеуіне түкпір бөлмеге төсек-орын дайындап қойыпты. Ақырын сол бөлмеге қарай беттеді. Ұзын корридордан өтіп бара жатып есігі ашық тұрған қуыс бөлмені көзі шалып қалды. Кереуеттің сықырағанын естіді. Үй іші толық асханада отырса мұнда кім бар екен деген ой келіп, сол бөлмеге қарай аяңдады. Кереуетте жатқан ер кісіні көріп:
- Сәлеметсіз бе,- деді ұялып. Бері қарай бұрылған кісі ымдап Динараны жанына шақырды.
Басын изеп сәлемін қабыл алды. Жанына барып отырған Динараға:
- Бұл үйдің адамдарына жолама,- деді сыбырлап. Үзік-үзік етіп сөздерді әрең айтты. Онсыз да жүрексініп жүрген Динара мына сөздерді есітіп төбе шашы тік тұрды.
- Неге? - деді дереу.
- Мұнда неғып отырсың? Мен бөлмеге бар дедім ғой!- деп жеки сөйлеген Медет бөлмеге кіріп келді.
- Папа, не айттыңыз Динараға?
- ...
-Бұл менің келіншегім! Есімі Динара! Ал, Динара бұл менің әкем. Есімі Жомарт. Көптен бері ауырып жатыр. Жүре алмайды. Енді жүр кеттік демалайық,- деп Динараның қолынан тартып, жетектеп бөлмеге алып кетті. Соңдарынан қарап жатқан әкесінің көзінен тамшылап жас ағып жатты. Себебі Динара Медеттің үйленген алғашқы әйелі емес еді. Барлығы шыдай алмай кетіп қала беретін. Оның бәрін айтуға шамасы келмейтінін білген әкесінің Динараға бар айтқаны сол болды.
Бөлмеге кірген Динара есік аузында біраз тұрды.
- Медет, біздің некеміз қиылмаған ғой. Қалай бір төсекте жатамыз?
- Онда тұрған не бар? Ертең некемізді қиямыз емес пе?
- Жоқ, мен қарсымын. Алла алдында некелі жарың болмайынша, бір төсек түгілі, бір үйде тұра алмаймын!
- Оның бәрі енді есіңе түсіп тұр ма? Мен алып берген квартирада шалқып тұрған кезіңде неге ойламадың осыны?
- Сен сонда міндет қылып тұрсың ба? Қалайша аяқ астынан өзгеріп кеттің?
- Мен ешқандай да өзгерген жоқпын. Тек менің осы уақытқа дейін бар болмысымды көре алмағаның болмаса.
- Сонда шынайы болмысың қандай?
- Ертең жақсылап отырып сөйлесейік иә?
- Жо, мен қазір сөйлесемін.
Осы кезде есік қақпастан болашақ енесі кіріп келді.
- Не айқай келмей жатып? Не болды?
- Ештеңе болған жоқ, мам бара беріңіз.
- Жақсылап түсіндір қатыныңа. Болмаса ұнамай ма кете берсін,- деді де есікті тарс жауып шығып кетті.
- Нені түсіндіресің, айтсай ашығын Медет. Не болып жатыр өзі?
- Ештеңе, - деді де теріс бұрылып жатып қалды.
Динара жиналып тұрған жүктен бір көрпеше бір жастық алды да, бөлек төсек салып отырды ұйқысы келер емес. Не болып жатқанын ойлап ой түбіне жете алмады. Таңатқанға дейін көз ілмеді. Таң қылаң бере Медетті оятты.
Таңертең үнемі кеш тұратын Медет ояна қоймады. Динара қанша жұлқыласа да "кетшей" деп ұйқысын қимай жата берді. Кетіп қалайын десе әңгіменің басын ашып алмақшы. Ақырын басып сыртқа шықты. Бәрі ұйықтап жатқан сияқты. Далада біраз жүріп қайта ішке кірді. Телефонын алып қараса қуаты бітіпті. Қажет болады деп токқа қосып қойды да қайтадан Медетті оятты. Онысынан түк шықпады. Бір кезде есіне Медеттің әкесі түсіп кетті. Не де болса сол кісімен сөйлесейін деп ойлады да, кешегі бөлмеге қарай аяңдады. Есікті ашып қарап еді, бүк түсіп теріс бұрылып жатыр екен.
- Қайырлы таң,- деді баяу үнмен. Онысы басқаларды оятып алмайын дегені еді. Жалт бұрылған әкей ақырындап Динараға бұрылды. Кешегідей ымдап жанына шақырды.
- Сен әлі кетпедің бе? Тезірек қашып кет. Саған тыныштық бермейді. Медет сені жақсы көрмейді(әр сөзін үзік-үзік баяндады).... дей бергенде есіктен Медеттің анасы кіріп келді.
- Сен не істеп отырсың мұнда?
- Мен... Медет оянбаған соң... Мен...
- Шық бұл бөлмеден.
Динара қорыққанынан атып шықты. Медетке бара жатыр еді, өзі алдынан шықты. Барлығы асханаға келді, таңғы астарын ішпекші. Шәй үстінде әңгімені анасы бастады:
- Тәк, әңгіме былай. Кешеден бері байқаймын, менің байымның жанынан шыққың келмей қалыпты. Қайта-қайта барғыштап жүрсің. Бүгіннен бастап соған қарайсың.
- Мам... - дей берген Медеттің (қолын жоғары көтеріп) бір ғана ишарамен аузын жауып тастады.
- Ақыры қатын қылып алам деп отыр екенсің. Одан несін жасырасың? Білсін, өзіне тиесілі қызметті. Тәк, Медетті жақсы көріп келдің ғой иә өзің? Онда бәріне көнесің. Оның әкесіне қарайсың. Өзің көрдің, тұра алмайды, жүре алмайды. Тамағын бересің, *оқ-*ідігін тазалайсың. Сені сол үшін ғана кіргізіп отырмыз. Есесіне өміріңнің соңына дейін ақша, байлық туралы уайымсыз өмір кешесің. Жегенің алдыңда, жемегенің артыңда болады. Бірден келісіп алайық. Туатын болсаң екеуден артық керек емес. Мен мұны тұрмыстағы қызыма да айтқанмын. Күйеу балама да бәрін үйреттік. Қазір бірге жұмыс жасаймыз. Екі баладан артығы, уже жүк болып кетеді. Енді, өзімізді айтатын болсам...
-Мама деймін...
Қолын көтерген анасы Медетті тағы тоқтатты.
Жалғасы бар...