Фариза Амангелдіқызы
 
 Меруерт қарапайым отбасының әрі кенжесі, әрі жалғыз қызы. Әкесінің жалғыз Гүлі болып өсті. Үш ағасының арқасында Меруерт аяғын алшақ басып жүретін еді. Мектепте де бір жігіт оның жанына жолай алмайтын.
 
Меруерт өте сұлу, биязы, керегінше майысып еркелеп сөйлейтін, бірақ ақылы көркіне сай қыз еді. Анасы да ақкөңіл, көңілшек әйел болғанымен, қызының тәрбиесіне қатты қарады. Мектепті жақсы оқығанымен, Меруерт үшін өмірдің сәтсіз тұсы мектеп аяқтағанда басталды. Тесттен өте алмай ЖОО-на түсе алмады.
 
Білімге құштар қыз, келесі жылы бағымды тағы сынап көремін деді де, бұл жылға жақсылап жоспар құра бастады. Жаз шыққанда қол қусырып отырмайын деп, тігіншілік курсына жазылды. Көп өтпей "Әмбебап тігінші" мамандығын алды. Бұл арада тестке дайындықты да қалдырмады. Жастайынан ысылып өскен қыз, күн-түн демей ізденіс үстінде жүретін. Жұмысқа орналасты. Ондағы ойы, ақша тауып келер жылы оқуға түссе, студент атанса, қалаға барғанда керек болады деп армандайтын. Курсты бірге оқыған құрыбысы екеуі бір жерге жұмысқа тұрды. Әдеттегідей жұмыстан қайтып жатқанда телефоны шырылдай жөнелді. Бөтен нөмір. Аз тосылып қалды да, тұтқаны көтерді.
- Сәлем сұлу қыз!
- Кім бұл?
- Сізбен танысуға болады ма?
- Кешіріңіз, уақытымды босқа алмаңыз, - деді де тұтқаны қоя салды. Әрі қарай жігіт-сымақ та мазаламады. Үйге шаршап келіп, тамақтанып алды да, кітап оқуға кірісті. Биыл қалай да оқуға түсуі керек. Өмірі солай өтіп жатты. Жұмыс-үй арасында жүріп, оған оқуға дайындық қосылып, басқа ештеңе ойлауға шамасы келмей жүрді. Жұмыстан қайтарда телефоны тағы безектей жөнелді. Бейтаныс нөмір. Тағы сол баяғы диалог. Тұтқаны қойды да, үйге беттеді. Ойланып келеді. Ертең демалыс, базарға барып қажетті кітаптарын алу керек. Дәл қасына келіп, көлік тоқтай қалды. Жаңа ғана үйіне кеткен құрбысы отыр көлікте. Тағы екі жігіт бар. Меруерт түсінбей қалды.
Көліктің есігін жаңа ғана қоштасып үйіне кеткен құрбысы ашты. Өзі мәз. Түк түсінбеген Меруерт:
- Сен үйге кетпедің бе? - деді құрбысына.
- Иә, етіп жатыр едім. Ағам алдымнан көлікпен шығып қалды. Сені де жеткізіп салайық деп мен өтіндім.
- Қажеті жоқ, өзім жетіп аламын,- деп Меруерт көлікке отырғысы келмеді. Ауыл дәстүрін өте жақсы білетін ол іштей қорқып тұр.
- Ой, қорықпашы. Сені ешкім алып қашайын деп жатқан жоқ. Отыр енді, - деп құрбысы қоймады. Жүрексіне көлікке отырған ол, жеткенше тағатсызданып отырды. Үйіне жете салысымен асығып түскен ол рақметін естілер-естілмес айтты да, жүгіріп кіріп кетті. Үйіне кіргенде телефонына хабарлама келді. "Қорықып кеттің бе? Уайымдама, алып қашпаймын. Танысып, сөйлескім келген..." депті. Сол бөтен нөмір. Күліп жіберді. Ертеңіне базар аралап жүргенде телефонына тағы хабарлама келді. Ертең түскі асқа шақырыпты. Меруерт бірден бас тартты. Бір қызығы ол жігіт те қайта хабарласпайды, артық мазаламайды. Арада тағы екі жетідей уақыт өтті. Жұмыстан шыққан екі құрбы кіріп жүрек жалғап алайық деп жақын жердегі дәмханаға кірді. Бұрыштағы екі адамға көзі түсіп кетті. Меруерт бірден таныды. Көлікпен әкеліп тастаған жігіт қой. Құрбысын бүйірден түртіп ымдады.
- Иә менің бөле ағам ғой. Мамамның әпкесінің ұлы. Сені қайта-қайта сұраушы еді...
- Қойшы, отыр ғой әне сүйіктісімен. Жүр тездетіп тамақтанып шығайық. Осымен бұл тақырып жабылды. Тағы біраз күн өткенде әлгі жігіт хабарласып құрбысы екеуін түскі асқа шақырды. Құрбысы болған соң еш алаңсыз келісті. Оның үстіне бетпе-бет жолығып, әңгіменің басын ашып, мазаламауын өтінбекші. Айтылған жерге келсе құрбысы жоқ. Аңқау қыз, құрбысына хабарласып сұрамапты да. Сөйтсе, жігіт-сымақ Меруерттің жалғыз өзін шақырыпты. Не керек, сол күні Меруерт алып қашудың құрбаны болды…
Меруерт осылай алып қашудың құрбаны болды. Түк түсінбей қалды. Екі рет қана көрген жігіт. Тіпті, танымайды да. Аты да есінде жоқ. Үш жігіт болып, қарсылығына қарамай көлікке малша тықты да, жігіттің үйінен бір-ақ шығарды. Ботадай боздап, есі кіресілі-шығасылы болып орамалдың астында отыр. Телефонын да алып қойды. Солай жылап отырғанына қанша уақыт өткенін де білмейді, бір кезде қуғыншылар келді. Ағасы есіктен кірген бойда Меруерт мойнына асыла кетті. Тек жылаумен отырған бейшара қыз әлсіреп, талықсып тұр. Ағасы:
- Танымайтын болсаң, кетейік жаным, - деді. Кетпекші болып отырған Меруерт қуғыншы келген соң екі ойда қалды. Үйге барсам, ата-анам қалай қарсы алады? Ел-жұртқа қалай қараймын? Бәрі мені саусағын шошайтып"қайтып келген" деп күлсе ше? -деген шым-шытырық ойлар жанын жегідей жеді. Ағасы әле де кеш емес екенін айтты. Бірақ Меруертті бір күш тұсап ұстап тұрғандай, есіктен шығып кете алмады. Бірінші бақ - бақ!-дегенді ұстанды да, қаламын деп шешті. Ауылда өскен биязы қыз, барлық әйел заты осылай тұрмыс құрады деп түсінді. Отбасылық өмірден хабары жоқ, тек алып қашты ма - қалу керек, деген заңдылық бар деп ұғынды...
Ертеңіне Беташар тойы өтті. Той аяқталған соң екі жастың некесі қиылды. Той тарқады, күйеуі де жоқ. Үйде тек енесі екеуі ғана қалды. Меруерттің бөлмесіне төсек салынып қойыпты. Бірақ жай-жапсарын түсіндіретін жеңге де жоқ. Енесі тойдың қамымен жүріп қатты шаршаған, бөлмесіне кіріп жатып қалды. Меруерт үрпиіп бұрышта біраз тұрды да, сол бұрышқа қисайып, сырт киімін жамылды да, ұйықтап кетті. Түнгі сағат қанша екені белгісіз, біреу түртіп оятты. Қараса күйеуі. Мас секілді. Аяғынан әрең тұр.
- Орныңа жатсаңшы.
- Жоқ, тиіспеңізші, өтініш сізден, - деп жылап жіберді.
- Қорықпа. Түсінемін сені, үйреніскеніңше тиіспеймін,- деді де теріс бұрылып жатып қалды. Күйеуінің жылы сөзіне сеніп қалған Меруерт ақырын келіп төсегіне жатты. Екі күн ұйқы көрмеген, шаршаған ол, бірден ұйықтап кетті. Таң ата ауырсынып оянса күйеуі өз дегенін жасаған екен.
Ал, ертеңнен бастап мұны алапат дауыл күтіп тұр еді.
Ертеңіне таңертең Меруерт үй тірлігіне кірісіп кетті. Алған әйелінің пәк екеніне көңілі толған күйеу-сымақ кеш батқанша ұйықтады. Бүгін тағы қонақтар келді. Сыртта отырып енесі қонақтармен келін алғанына қуанып бір-екі 100грамнан сілтеп жіберді. Масайып қалғандықтан, отырған орнынан қозғала алмай біраз уақытты өткізді. Үй жинап жүріп терезеден енесіне көрген Меруерт не істерін білмеді. Барып көмектесейін десе ұят сияқты. Әйелдің ішімдік ішкенін алғаш көрген оған біртүрлі ерсі әрі ұятты тірлік сияқты көрінді. Бөлмесіне барып күйеуін оятты. Ол ыңыранып тұрғысы келмей жатты да, жұлқылап қоймаған соң бірден атып тұрды да Меруертке аларып бір қарады. Жанары қып-қызыл болып кеткен. Қорқып кеткен Меуерт:
- Апа... дей беріп еді, терезеден қарады да:
- Неге мамамды үйге кіргізбейсің?- деп шапалақпен бетінен салып-салып жіберді. Қапелінде мұны күтпеген Меруерт жалп етіп ұшып түсті. Бетін басып жылаған күйі жүгіріп шығып кетті.
Беташардың ертесінен бастап-ақ таяқ жеген Меруерт бір жетіде неше түрлі таяқтың дәмін татты. Күнде ішіп келеді. Себепсіз қол көтереді. Меруерт жылайды. Енесі араша түсе алмайды. Күндер осылай өтіп жатты. Бір күні әдеттегідей түн ортасында телефоны шырылдады. Оянып кетіп, қараса түнгі сағат 3 болыпты. Күнделікті әдемі бойынша күйеу-сымақ тағы жоқ. Телефон тұтқасын көтеріп еді:
- Ааа бұл Меруерт па?- деді бір қыз соза сөйлеп.
- Иә, бұл кім?
- Мен Тоқтардың әйелімін. Ал сен оның үйіндегі служанкасы екеніңді білесің бе? - деп рахаттана күлді.
- Түсінбедім?
- Түсінбесең, түсіндірейін, Тоқтар менің жаным, мені сүйеді. Ал сені амалсыз әкелген үйіне. Так что, орныңды біліп жүр.
- Сен не де тұрсың?
- Не естісең сол,- деп тұтқаны қоя салды.
 
Не сенерін, не сенбесін білмей тұрып қалған ол, енесіне айтпақшы болды. Аз ойланып тұрды да, айтпай-ақ қояйын деді. Тағы бәлеге қалып, таяқтың астында қалармын деп ойлады. Өзі әдеттегідей түнде келмейді. Таңертең келеді. Күнімен ұйықтайды. Бір айға жуық уақыт өтті. Меруерттің таяқ жемеген күні болмады. Бір күні енесі екеуі түскі астарын ішіп отыр еді күйеуі кіріп келді. Әдетінше зіркілдеп, тамақ сұрады. Үндемей әкеліп алдына қойып жатыр еді, Тоқтар телефонын алып жатып қолы кесеге тиіп кетті. Ыстық тамақ аяғына төгіліп кетті. Атып тұрған Тоқтар қанталаған көзімен же жіберердей қарады да, желкесінен қысып ұстап жібермеді. Меруерт әдеттегідей қорқып жалынып әлек болып жатыр. Анасы осы кезде сөзге араласты:
- Жібер Меруертті. Қашанғы бұл сорлыны таяқтың астына аласың? Жетеңе неге жетпейді сенің? Көше кезген анау салдақыңнан Меруерт мың есе артық екенін қашан түсінесің?
- Сен араласпа! Болмаса сен де мынаның күйін кешесің, ұқтың ба? - деп анасына алара бір қарады да Меруертті итеріп жіберіп, омақаса құлаған жерінен бір тепті де, үстінен аттап сыртқа кетті. Үнсіз жылап қалған анасы Меруертті сүйеп тұрғызды да, екеуі ұзақ әңгіме қылып деп тарқатты. Әңгіменің жәй-жапсары мынадай екен.
Тоқтардың әкесімен дәм-тұзы жараспаған енесі ажырасып, осы баласын жетілдіріліп, екінші рет тұрмысқа шықпай қалған екен. Өсе келе мінез көрсеткен ұлын жалғыз өзі жөнге сала алмапты. Бір ажырасқан әйелге ілесіп, сонымен бірге тұрып жүріпті. Тіпті, үйге алып келіп, үйленемін деген екен. Анасы қарсы болып, жөні түзу келін әкел деп жанжал болған соң, Меруертті басып алып қашып әкелген екен. Ал қазір, сол әйелімен бірге тұрып жатыр екен.
- Сонда мен не үшін бұл үйде жүрмін,-деді Меруерт ызаланып.
- Қызым, қайтейін енді, ақылы кіріп қалар...
Меруерт жылап, бөлмесіне кіріп кетті.
Сол кеткеннен Тоқтар бір жеті көрінбеді. Телефоны да сөндірулі. Қайда? Не істеп жүр? Кіммен бірге? Меруертті бұл сұрақтар қызықтырмады да. Бастысы үйге келіп берекені алмаса болды. Бірақ, бұл үйде алатындай да береке жоқ қой деп ойлады ішінен. Осылай ойланып жатқанда күйеуі кіріп келді. Әбден қорқып қалған Меруерт селк етті де, ақырындап есікке қарай ығысты.
- Қорықпа, тиіспеймін. Шаршап тұрм,- деді де төсегіне жата кетті. Көп өтпей ақ қорылға басты. Осы кезде Тоқтардың телефоны шырылдай жөнелді. Меруерт жауап бермек түгілі қарауға қорықады. Алмады. Артынша өзінің телефоны шырылдады. Бейтаныс нөмір.
- Алло?
- Сен қатын әле өлмегенсің ба? Тоқтар қайда?
- Не деп тұрсыз? Кімсіз өзі? Күйеуімді сіз азғырып жүрсіз бе? Оның отбасы бар, баяғы бойдақ жігіт емес. Сол үшін енді оны мазаламаңыз!- деді де өшірем салды. Дәті барып қалай айтқанын да білмеді. Ертеңіне таңертең кеткен күйеуі түстен соң ақырып үйге кірді.
- Шық бері! Өлтірем сені! Менің таныстарыммен неге сөйлесесің? -деп жүгіріп келді де тура көкірегінен жұдырығымен ұрып жіберді. Дем ала алмай қалған Меруерт жер жамбастап біраз жатты. Анасы араша болып еді. Екеуін де итеріп-итеріп сыртқа шығарып жіберді де есікті ішінен іліп алды. Баласынан жылулық көрмеген қарт ана мен күйеуінің сүйіспеншілігіне бөленбеген жас келін түн қараңғылығы қоюланғанша сыртта тұрды. Жалынды, жылады, кешірім сұрады, елден ұят деді, бірақ Тоқтар есікті ашпады. Түн болғанда кетемін деп есікті ашты да, сөйлемей-бұрылмай тез-тез басып шығып кетті. Ене мен келін үйге кіріп ыстық шәйға отырды. Содан кейін әлгі қыз хабарласуын қоймады. Соның кесірінен ұрыс-жанжал күннен-күнге көбейе берді. Телефон нөмірімізді ауыстырайық десе көнбейді, соның қыздың суреттерін жинап алған соткасына, өшір десе өшірмейді. Сол тоқал десе ішкен асын жерге қояды. Енді не істеймін деп Меруерттің басы қатып кетті. Кетіп қалғысы-ақ келеді, бірақ "қайтып келген" деген жамылғы жамылғысы келмейді.
Осылай ұрыс күннен-күнге көбейе берді. Тоқтар екі әйел ұстағанымен қатар, мінезі де өте нашар еді. Тіпті, анасына да аяушылығы жоқ, ақша десе жанын беретін жігіт. Бір ай өтер-өтпес үйде тегін тамақ жеп жата бермей ақша тап деп Меруертті қалаға жіберді. Қала әжептәуір үлкен жер. Меруерт амал жоқ, қорыққанынан жұмыс іздестірді. Төркініне айтып көріп еді, жап-жас келінін жұмыс істетуге қалаға жалғыз жібергені қай сасқаны деп ашуланды.
- ЖОО-на түсіме керек қой,- еді, анасы:
- Алда-жалда оқуға түсіп жатсаң өзіміз төлейміз, үйіңе қайта ғой,- деді. Сонда да, бір жеті бір жерде ыдыс-аяқ жуып аз-маз ақша тауып, күйеу-сымақтың қолына тапсырды. Үйге қайтқан соң әлгі әйелдің хабарласуы тағы басталды. Бір күні Тоқтар Меруертті шақырып алып:
- Қалада жұмыс істей алмайды екенсің, онда мен саған осы районнан жұмыс таптым, ертең алып барамын, - деді. Меруерт үнсіз келісті. Ертеңіне бір кафеге алып келді.
- Осы жерде даяшы болып істейсің, сені бойдақ қыз дедім. Болмаса алмайды, есінде ұста, білдіріп қойма!- деді де кетіп қалды. Екі күн сол жерде істеді. Үшінші күні Тоқтар келді. Жанында кафенің администраторы бар. Столда әңгімелесіп отырды. Басында Меруерт мән бермеді. Байқаса күнде екеуі осы кафеде отырады. Сөйтсе, Тоқтар әлгі әйелінің қол астына Меруертті жұмысқа тұрғызыпты. Мынау администратор баяғы өзіне хабарласып жүрген әйел екен. Меруерт мұны білген соң қаны қарайды. Неге әдейі істейді Тоқтар? Неге мені адам құрлы көрмейді? Оның сондағы мақсаты не? Екеуін көріп, ызадан жарылсын дейді ме? Болды мен бұл жерде жұмыс істемеймін, - деп кетіп қалды. Үйіне келіп әбден жылады. Тағы да енесіне мұңын шағып, не істеймін енді деп сұрады. Енесі бар айтатыны " адам боп кетер" дегеннен басқа ештеңе айта алмайды. Айтқан күнде де баласы оны тыңдамайды да. Бір күні үйге Меруерттің туысқан екі сіңлісі қыдырып келді. Меруерт сол түні бүкіл ішіндегісінің бәрін ақтарып, таңға дейін жылап, шерін тарқатты. Ал бұл кезде Тоқтар әдеттегідей әлгі әйелдің қойнында жатыр еді…
Төркініне бірін де айтпаған Меруерт небәрі 2айдың ішінде әбден ішқұса болып тынған еді. Сол түні барлығын, үтір-нүктесіне дейін айтып жылады. Іші босап, біраз сергіп алды.
- Неге шыдап жүрсің Меруерт? Қызықсың сен, сұрауың жоқ па сенің? Ата-анаң, бауырларың бар, неге бір жақты қылмайсың? Ертең үйіңе барып мамаңа бәрін айтамын,- деді бөлесі.
- Өзім де кеткім келіп жүр. Тек анасына жаным ашиды. Ол бейшараны да адам құрлы көрмейді. Бір өзі қалып кете ме деймін.
- Қызықсың, баласы ойламағанда, саған не жоқ. Осылай әңгіме бітті. Таң ата ұйқыға жатты. Азанда ерте тұрып тірлігіне кірісті. Туыстарын шығарып салып, Тоқтармен сөйлесіп, ажырасатынын айтпақшы. Сөйтсе кеше түн ортасында үйге келіп, бұлардың әңгімесіне сырттай қаныққан ол, жұдырығын түйіп кеткен екен. Қыздар кете сала ентелеп үйге кіріп келген ол, Меруерттің жағасына жармасты. Сөйлеуге шамасын келтірмеді. Шашынан ұстап, кіреберіс еденге(цемент еді) басын әбден ұрды. Қашып бөлмесіне кіргені сол еді, артынан жетіп үлгерді де, есікті ішінен іліп алып аяусыз ұрды. Тіпті, жастықпен де тұншықтырды. Меруерт жаны көзіне көрініп, осы шыдағаным да жетер деп кетуге асықты. Тек енесі көздері жаутаңдап "кетпеші" деп қиылды. Бірақ Меруерттің басқа амалы да жоқ еді. Ертеңіне бүкіл затын жинап, буып-түйіп, енді кеткелі жатқанда Тоқтар келді. Қалай сытылып шығам деп ойланды. Бірақ Тоқтар мұның кететінін біліп қуанбаса ренжіген жоқ.
- Білесің бе, мен сені әдейі мәжбүрлейтінмін кетуге. Сені жақсы көрмеймін. Мен басқа қызды сүйемін, және соған үйленемін. Сенің өз еркіңмен кетуіңді күтіп жүрмін, - деп міз бақпай тұр. Көзіне ыстық жас келіп, Меуерт енді сөмкесін көтере беріп еді:
- Тоқта, киімдеріңді тастап кет, олар менің 100мың теңге қалың малыма алынған,- деді. Тіпті, жайнамазына дейін бермей қойды. Үн-түнсіз жылап, енесіне "риза болыңыз" деді де, есіктен шығып кетті. Шүберек табылар, егер еркекке тән қасиеті болса, мұнша майдаланып кетпес еді деп ойлады.
Сол кеткеннен Меруерт ол үйдің табалдырығын аттап басқан емес. Өздері де іздеп келмеді. Кейіннен есітсе Тоқтар әлгі қызға үйленіпті. Ол әйел енесінің бар затын ұрлап кетіп, соңында онымен де ажырасып кетіпті. Меруерт үйіне келген соң ата-анасы оны қалаға ағасының үйіне жіберді. Ағасы намаз оқитын салиқалы кісі еді. Меруертке әурет жерін жауып, орамал таққаның дұрыс деді. Меруерт еңсесін тік ұстап жаңа өмір бастады. Алла алдындағы бес уақыттық парызын тоқтатпады. Солай жүргенде туыс жеңгесі бір жігітпен таныстырды. Алла абырой беріп, ол кісі де намаз оқиды екен. Меруерттің үйіне дейін іздеп келіп ата-анасының разылығымен алып кетті. Қара жұмысшы болса да аузында Алласы, жүрегінде иманы бар жар тапқанына Меруерт бақытты еді...
Бүгінде Меруерттің жарасы жазылған. Алланың сыйы 4 балапандары бар. Ел-жұрт қызыға қарайтын отбасы болған. Күйеуіне Алла разылығы үшін дән риза...
Соңы...