Мен отбасын құратын қыз іздеп үш жылдан аса уақыт жүрген едім. Сосын іске анам мен ағам, туысқан әпкелерім кірісе бастады. 

«Осы жылы жазда үйленесің!» – деп үйдегілер де талап қойды.

Сол жылы туыс әпкемнің бір қайнысы үйлене қалды. Құдалыққа барып қайтқан әпкем сол қайнысының балдызы бар екенін айтып келді. Медакадемияда оқитынын, аты-жөнін де біліп алыпты.

Содан мен әрекеттене қоймағасын ағам мен анам сол ауылға аттанып кеткен. Анамның ұнжырғасы түсіп келді. Соңғы курс болғандықтан практикаға шығып кетіпті деп.

Бірақ анам бұған қайыса қоймады. Әпкесінің әлгі қайнысын келіншегімен қосып үйге шақырды. Олардың не жайында сөйлескенін білмеймін, әйтеуір әлгі қыздың әпкесі сіңлісінің телефон нөмірін қалдырыпты. Сол күні-ақ анам әлгі қызға телефон соғуым керектігін ескертті. Телефон соға қоятын мен бе? Созып екі күн жүрдім. Үшінші күні анам: «Әлгі қызға телефон соқтың ба?» – деп тағы сұрады.  «Ой, қойшы, мама, соқпаймын», – деп едім: «Әй, неге соқпайсың, сен жүгермек, а?! Одан да ынжықпын десейші. О, тормыз!» – деп қатты ашуланды.

«Тормоз» екенімді өзім де білемін ғой. Бірақ жасы 65-ке келген анамның жастардың «жаргон» тілімен «тормыз» дегені қатты батты. Ашуланып, үй телефонын алып, жатын бөлмеге кіріп кеттім. Жүрегім дүрсілдеп, телефонның қасында жарты сағат отырған шығармын. Бір кезде барып әлгі қыздың телефон нөмірін тердім-ау.

Қыз менімен жақсы сөйлесті. Бар батылдығымды жинап: «Даусың әдемі екен», – деп мақтап қоюды да ұмытпадым. «Нормально» сөйлесетін қыздан қашып жындысың ба? Ертеңіне-ақ кездесуге шақырдым. Қыз да бірден келісті.

Кездесу орнына ертелеу барып алдым. Қыз кешікті. Шамалы арыдағы орындықта қыздар отыр екен. Ішіндегі ең әдемісіне барып: «Сен Айман емессің бе?» – деп сұрап қоямын. Ол аң-таң болып: «Жоқ», – деп жауап берді. Былай шыға бере-ақ сықылықтаған күлкі есіттім.

Қайтадан «скамейкаға» жайғастым. Бір кезде алдыма екі қыз келіп тұрды. Түрлері онша емес. Бірақ менің іздеген қызым осы екеуінің бірі екеніне көзім жетті. Шынында да солай болып шықты.

Содан жақын маңдағы кафеге барып отырдық. Бармен жігітті шырамытып тұрған секілдімін. Әйтеуір көзіме жылыұшырай берді. Сыпайылық сақтап, жай ғана әңгімелесіп отырғанбыз. Бір кезде әлгі бармен жігіт: «Келесі ән Ержан ағайға арналады!» – деп, әдемі сөздер айтып, сол кезде хит болып жатқан бір әнді қойды. Сөйтсем, әлгі жігіт менің студентім болған екен. «Тормыз» екенімді ұмытып, қыздардың көзінше абыройым асқақтап, мәз болып қалдым.

Екінші кездесуде-ақ қызға өз шарттарымды қойдым. (Махаббат туралы мүлдем сөз болған жоқ, рас айтамын).  «Ер-азаматың ретінде бірінші мені сыйлайсың. Менің айтқаным дұрыс болса да, бұрыс болса да дұрыс болуы керек. Анамды, туыстарымды сыйлайсың…» – деген сияқты алдын-ала дайындап алған шарттарымды шұбырттым.

Қыз келісті. Бұдан соң махаббат деп тіпті де бас ауыртқан жоқпын. Менің үш жыл іздеген қызым осы екеніне көз жеткіздім. Оған үйленгенше қатты бір ынтығып ғашық болған жоқпын, оның да мен дегенде шығарда жаны бөлек болды десем, өтірік айтқан болар едім.

Көп созып қайтемін, небәрі жеті-сегіз мәрте ғана кездесіп (онда да алдағы той, құдалық жайын ақылдасатынбыз), шілде айында үйлену тойымызды жасадық. Үйленгенше қолымыздан ұстаудан арыға барған емеспіз.

Біз осы үйлену хикаямызды әрдайым жылы сағынышпен еске алып жүреміз. Ал Сіз ше, сіз қалай үйленген едіңіз?

Ержан ТӘЛІП