Түркістан облысында жыл басынан бері ата-анасының қарауынсыз қалған 9 бала суға батып кеткен.
Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қанат Қарабалаев мәлімдеді. Түркістан облысында тек биылдың өзінде 14 адам суға кеткен.
Оның 9-ы – ата-аналарының қарауынсыз қалған жас балалар. Қайғылы жағдайлардың басты себептері – балалар судағы қауіпсіздікті сақтамайды, рұқсат етілмеген жерлерде шомылады. Бүгінде департамент тарапынан шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен және құзырлы органдармен бірлесіп кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Жыл басынан бері департамент қызметкерлері жергілікті полициямен, көлік инспекциясымен және балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп 74 рейдтік шара жүргізген. «Түркістан облысындағы су айдындарындағы қайғылы жағдайлар бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Өңірдегі қауіпсіздік шараларын күшейту барысында тұрғындармен, ата-аналармен кездесулер өткізілді. Білім беру ұйымдарында интерактивті сабақтар және әлеуметтік желілерде «Судағы қауіпсіздік» және «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары» тақырыбында насихат жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындарға «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға болмайтындығын ескертеміз. Бұдан бөлек, суға қайықтардан, катерлерден, жағажайлардан секіруге және мас күйде шомылуға болмайды», - деді Қанат Қарабалаев.
Айта кетейік, Түркістан облысы аумағындағы су нысандарының жалпы саны - 4 334. Оның ішінде 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзен, 25 көл, 2 870 канал және 1 248 қашыртқы бар.
Дереккөз: ҚазАқпарат