Болған оқиға желісімен...

Ғани ƏЛИХАН

Қысқасы көзімді ашсам түс боп кетіпті . Беті қолымды жуа сала жұмысыма тұра жүгірдім . Абырой болғанда Роза апайым келмеген екен .Осылайша тағы да бір ескертуден аман қалдым. Тездетіп киімімді ауыстырып  жұмысыма кірісіп, араластым да кеттім.

Көңілім күйзелген күйде жүріп терезеден көз тастап қарап - қарап қоямын . Бірақ мен күткен Азаматым қарасын көрсетер емес. Тіпті іздегендей де болдым . Кіріп шығып жүріп қайта- қайта алаңдаумен болдым . Сағынатын сияқтымын . Басыма сан қилы сұрақтар қарша жауып берді . Түс қайтып күн кешкіре бастады . Ал мен күткен адам ұшты күйлі жоқ болды . Қаншама мойын созып қарасам да, төбесін көре алмай салым суға кетті . Қысқасы сол күні Азамат келмеді . Мен болсам көңіл күйім болмай ,құр сүлбемді сүйреп үйге келдім . Құрбыларымның күткені де қызықтырмады . Жаңадан келген өзім қатарлы қызға да қарамадым . Салқын ғана амандастым да ,төсегіме келіп сылқ түсіп жатып ұйқыға кеттім . Сол жатқаннан мол жатып таңертең бір ақ ояндым . Көзімді ашқаным сол екен көз алдымнан Азамат кетпей қойды . Әкемдей адамға ғашықпын ба ,әлде ақшасына ғашықпын ба ажырата алмадым , ойлағаным тек қана Азамат болды . Соның кесіріме білмеймін таң атпай жатып, мені тағы да қырсық шалды . Сақинам ұстап жаңа келген қызға тиісе бастадым .

 - Сені кім шақырды , қайдансың ?-деп сұрақтың астына алдым . Мұны күтпеген бейтаныс  құрбым түк түсінбей аңтарылып қалды . Есімім Жібек деп созған қолын қағып салдым .

 - Тап қазір көзіңді құрт , маған ешкім керек емес- деп дүрсе қоя бердім . Енді бізге екі құрбым араласа бастады . Осылайша жоқ жерден жік шығардым . Соңы айқай шуға ұласты . Тіпті бірі -бірімізге қол жұмсап айқасуға шақ қалдық . Абырой болғанда бұл іс Жібектің ақылдылығының арқасында жалғассыз қалды .

 - Мен үшін ұрыспаңдар мен кетейін -деп сумкасын алып шығып бара жатты . Міне осы күннен бастап пәтерлес екі құрбыммен арамыз өршіп кетті . Арадан екі күн өткенде,  сол пәтерде қу басып қаусырап жалғыз қалдым . Екі ай бірге тұрған құрбыларым басқа пәтерге ауысып кетті . Ал мен күткен Азаматым зым - ғайым жоғалып іс - түссіз кетті . Енді менің жағдайым шынымен де нашарлай бастады . Іс насырға шапты . Өйткені пәтерге төлейтін он бес мыңмен , қосымша мың жарым теңге жалғыз өзіме қалды . Бұл дегенің менің бір айлық жалақыммен тең еді . Сонда да екі құрбымнан кешірім сұрап ,қайта татуласуды ойламадым .Сумкаларын сүйреп кетіп жатса да бетім бүлк етпей отыра бердім .Қысқасы бұлда маған сабақ болмады . Есесіне жұмысымдағы қыздарға айтып жаңадан бейтаныс екі қызды ертіп келдім . Осылайша Әлиямен Меруерттен асып түскім келді .

Алайда осы күннен бастап менің өмірім жүз сексен градусқа өзгеріп кетті . Өйткені біздің пәтерден қалалық жігіттер шықпайтын болды . Қолында ақшасы бары да , жоғы да есік қағып тыным бермейтін болды .Қарсы сөйлеу түгіл көздеріне тік қарауға қорқатын болдым. Енді міне сол жігіттер маған көз сала бастады . Ананы -мынаны айтып миымды ашытып , төсегіме кеп жатып алатынды шығарды . Сорлы басым ұялмайсыңдарма деп бұртиғаннан әріге бара алмады . Түстері суық қаланың әпербақандарына жақ ашып сөйлеуден қалдым . Қорыққаным сонша өз пәтеріме өзім кіруге шамам жетпеді .Жұмыстан қайтып келуге қорқатын болдым . Соңында өз пәтерімнен өзім қашып кафеге түней бастадым . Бұл да маған өте қиынға соқты . Айына үш мың теңге жалақымнан жыратын болды . Ол да түк емес ау ,кафенің күзетшілерінен мезі болдым . Төсекке шақырып қыр соңымнан қалмай қойды . Түнімен ұйқы бермей түрткілеп шығатын болды . Енді менің шыдамым таусылды . Қалайда қашып кетуге дайындала бастадым . Ауылға бармасым анық қой , басқа жерден жұмыс іздей бастадым .Сөйтіп жүргенде мен күтпеген жағдай , Азаматым қайта оралды . Қуанғаннан төбем көкке екі елі жетпей қалды . Сол күні ақ жұмыстан шығып Азаматтың машинасында отырдым . Әсем қала Алматыны шарлап қыдырып ,соңында  қымбат қонақжайдан бір ақ шықтым . Бірақ мен ойлағандай ештеңе болмады . Жұмысы Астанаға ауысып сонда кететін болыпты . Бір апта сонда барып жұмысымен танысып келіпті .Мүмкін содан болар Азаматым мені құшақтап сүйгеннен басқа іс қимыл жасамады . Ал мен болсам мені де ала кетесіңбе, деп сұрауға қорқып жаттым . Осылайша құшақтасып жатып таң атты . Айрылғым келмеді . Жібергім келмеді . Тап осылай жата берсек екен деп армандадым . Ал Азаматтан қайран болмады . Шашымнан сыйпап бетімнен сүюмен ғана шектелді . Естуімше қызға қабілетсіз қауқарсыз еркектер болушы еді ,осы екен- ау деп топшыладым . Сонда қалай қызтеке болғаныма деп ойлай бастадым . Менің сұлулығымды бағаламады деп ренжідім . Өйткені мен дегенде кез келген еркек талып түсіп жататын . Тіпті бір түнге қанша сұрайсың , сұрағаныңды берейін дейтіндері де табылатын . Ал мына еркектің құшағында түнесемде түк істемегені несі ? Осындай ойлармен арпалысып жатқанымда Азаматың даусы ойымды бөліп жіберді .Енді міне мен оны үнсіз жатып тыңдағаннан басқа амалым қалмады .

 - Сенің сұлулыңда шек жоқ деп бастаған Азаматым әңгімесін қазақша орысша араластыра отырып жалғастырды . Мен осы күні әкемнің жалғызымын . Соңыма ерген інім жоқ, не қарындасым жоқ . Кіндіктен туғанда екеу болғанбыз тап қазір жалғыз өзіммін . Әкем пайғамбар жасқа жетіп қалды . Кезінде Қонаевпен үзеңгілес болып қолында жұмыс істеген адам .Соңыма ерген жалғыз қарындасым болған . Құдай көп көріп осыдан үш жыл бұрын асылып өлді . Оның күйігіне шыдай алмаған анам байғұс өткен жыл дүниеден озды . Биыл тура бір жыл толады . Өзімнің  бір қыз, екі ұлым бар .Ай десе аузы ,күн десе көзі бар үйде келіншегім бар . Әжептәуір жұмысым бар . Екі ұлым мектепте оқиды . Ал қызым сенімен түйдей құрдас . Сенің шексіз сұлулығыңа қанша сүйсінсемде қызымдай көргенім болар қолым бармай қойды . Оның үстіне Астанаға кетіп барамын .Ал сен әлі тым жассың . Сенің арыңды былғауға намысым жібермейді .Өйткені сен бақытты болуға тиіссің деп орнынан тұрып кетті . Мынандай сөзді естігенде қатты ұялдым . Бір жағынан ақылды адам екеніне қуансамда, іштей ыза болып тұла бойым дірілдеп кетті . Сол сәт сен өзің еркексіңбе деп айтып салғым келді . Бірақ өзімді- өзім сабырға шақырып әрең тоқтадым . Қысқасы осыдан соң Азаматтан үмітім үзілді . Үмітпен бірге уыс - уыс ақшадан да құр қалатынымды білдім . Енді оған өзімнің соңғы өтінішімді айтып жеткізу ғана қалды . Айтуға рұқсат сұрадым .

 - Қарсы емеспін айта ғой деген Азаматым терезеден көз жүгіртіп тыңдап тұрды ...

   Жағдайымның нашарлап кеткенін тілге тиек ете отырып сөзімді бастадым. Өз ойымды ашып тым болмаса пәтер жалдап берсеңіз, қолыңыздан келсе көмектессеңіз, өйткені барар жерім, басар тауым қалмады. Бұрынғы пәтерімді қаланың жаман жігіттері торуылдап тыныштық бермей қойды. Тап қазір өзімнің жұмыс жайымда түнеп жүрмін. Бірақ ол жерде де ,күзетшілерден қатты қорқамын. Осылай жүре берсем күндердің күнінде біреулердің зорлап кетуі де мүмкін деп айтып өттім. Ал Азаматым болса менің сөзіме бұрылып қараған да жоқ. Терезеден сыртқа көз жүгірткен күйі үнсіз тұрып тыңдаумен ғана болды. Осыншама сөзден соң жауапсыз қаларымды күтпеген едім, осы да жетер енді деп тоқтай қойдым. Беті бері қарамаған еркекке әрі қарай сөз шығын деп ойладым. Сөйттім де орнымнан тұрып киіне бастадым.Ол болса сол қатқан күйі біраз тұрып барып қалтасына қол сүңгітті. Бір көзім сонда болғандықтан, көріп қалдым да ақша береді деп қатты қуандым. Бірақ бұл да мен күткен ақша болмады. Әппақ орамал шығарып бетін сүрткені болмаса ,сол қатқан күйі орнынан қозғалмады. Оның бұл қылығына үрпие қарап мен оған жақындай түстім. Сонда ғана қос көзінен үзіліп жатқан тамшы-тамшы жасты көрдім. Қорыққанымнан аузыма сөз түспей аңтарылып барып ,сізге не болған деп сұрап үлгердім. Міне осыдан соң ғана Азаматым менің көзіме тік қарап сөйлей бастады:

- Саған айттым ғой, өзіңмен түйдей құрдас менің қызым бар. Міне мына қыз, менің қызым. Қарашы, көз қарашығымдай қорғаштап жүрген жалғыз қызым деп төс қалтасынан шығарып сурет көрсетті.

Жақындай түстім де суретке үңілдім. Шынымен де өте сұлу қыз екен. Маған өзі аумай ұқсайтын да сияқты.Тек төбесінде бұралған бұрымы бар демесең менің көшірмемнің тап өзі. Сұлудың да сұлуы дерсің. Тіпті сұлулығы шектен асып кеткендей көрінді. Қолаң шашты қиғаш қас суреттегі мына қызды нақ Ханшайымның өзі дерсің. Бірақ... бірақ мына қыздың бетіне жақындай түсіп қайта қарадым. Тіпті қолындағы суретті жұлып алып одан сайын шұқшия түстім. Сонда ғана бұл қыздың мүгедектер арбасында таңылып отырғанын көрдім. Иманым тас төбеме шығып есімнен кете жаздады.Бойым дірілдеп не дерімді білмей тілім байланып үнсіз қалдым. Тыныштықты Азаматтың өзі бұзып, әңгімесін әрі қарай жалғап кетті.

- Осы қызым үшін менің де бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Қытай, Германия тіпті Израильге де апардым. Ем қонбай қойды. Маған байлықты үйіп-төгіп берген Аллам осы қызыма емін бермеді. Қайда барсам да бір жауап. Құдайдан ғана көмек күтіңдер дейді. Осыдан үш жыл бұрын көлік қақтығысынан осындай күйге душар болды. Жалғыз қарындасым бақилық болып, жалғыз қызым мүгедек болып қалды. Сен мына суретке тағы да бір қарашы. Екеуіңде ұқсастық бар емес пе? О құдіреті күшті құдайым. Мына қызға аумайтындай ұқсастығым бар екені жасырын емес. Көз жанары сөнбеген көретін пендеге бұл анық. Сонда бұл қалай? Кездейсоқтық па, әлде байдың қызына қызығушылық па?

- Жооқ. Қайта қарайыншы. Міне, міне. Біз егіздердей ұқсаспыз.Тек қана екеуіміздің шаш үлгіміз бөлек. О тоба! Мен бейбақ не істеп жүрмін өзі?! Әкемдей адамның мойнына асылып түнімен құшақтап шықтым емес пе?! Онымен қоймай қозғалса екен, аймалап сүйсе екен деп түнімен тілеп шықтым емес пе?! Мүмкін бұл менің ақылымның жоқтығынан болар. Тәрбиемнің төмендігінен болар. Қалай болғанда да мен осындай іске бардым ғой. Қу ақшаның жетпейтіні рас ау, бірақ бұл менің қыңыр мінезім мен ақшаға деген құлқынымның толмауынан емес пе? Қой, мен қойдым осымен. Ақ жолға қайта түсіп маңдай теріммен ақша табайын енді. Алыстағы анам мен әкемді жерге қаратпайын. Тап осы жерден тап қазір қарамды батырып жоқ болайын. Азаматты енді қайтып көрмеспін.Енді қайтып еркек атаулыға жоласам атым өшсін. Міне осындай өз -өзіме ант ішіп алған соң мен кетуге ыңғайландым. Күртешемді киіп айнаға қарап түймелерін ілдіре бастадым. Мұны көрген Азаматым күртешемнің оң қалтасына бірдеңе сүңгітіп жіберді де галстугін байлай бастады. Не салғанын сұрап отырмадым. Іштей ақша салғанын анық аңғардым. Бірақ қанша ақша салды, ол жағы маған белгісіз. Жәймен ғана оң қалтамды сырттай сипап көріп, соңынан ере бердім...

   Сол күні мені жұмысыма өзі жеткізіп салған Азамат асығыс екенін айтып өз жөніне кетті . Кеткенде де жәй кетпей Алла қаласа Астанадан келіп тұратынын , көмектесіп тұратынын айтып үмітімді үкілеп кетті . Қайда жүрсеңде аман бол деп ,қимасам да қол бұлғап мен қала бердім . Міне осыдан кейін менің басым қатты . Шақшадай басым шарадай боп не стерімді білмей сергелдеңге түстім . Өйткені әкемдей адамға ғашық болдым . Бауыр бастым . Ешкімге қимадым . Алайда менің сол көргенім Азаматты соңғы көргенім болды . Сүйіп қалған адамым сол кеткеннен мол кетіп қайтып ,қарасын көрсетпеді .Өздігімнен қанша іздесем де таппай қойдым . Іздемей қайтемін сол күнгі қалтама салған ақшасын санағанымда белі сынбаған мың теңгеліктен жүз боп шықты . Былайша айтқанда бұзылмаған бір пәшке ақша . Ол кезде жүз мың деген ауызға ғана оңай . Басқаларды қайдам өз басым ондай ақша табу үшін төрт ай тік аяқта жүріп жұмыс істеуім керек . Мүмкін сонан болар мен оны сағынатынды шығардым .Тіпті сағынғаным соншалық түсімде көретінді шығардым . Бірақ сол адам қайтып келмеді . Дегенмен уақыт деген емші ғой, бері келе алғашқым болған Азаматты да ұмыта бастадым .

    Кафедегі жұмысымды ретке келтіріп апта сайынғы демалысымды алып қалаға қыдыратынды шығардым . Бұл кезде әсем Алматы ақ жамылып жаңа жылға деген дайындықты бастап жіберген еді . Көрікті қала осылайша көркейе берді . Ал менің бар ойым қалай болғанда да мынандай әсем қалада қалу болды да тұрды .Осындай арманмен арпалысып жүріп бір күні кезектегі жұмысыма келгенмін . О баста айтып өткенімдей бүгінгі үлкен үстелге жиналғандар менің клиенттерім болатын . Өңшең қара кожа кигендер , үстеріндегі қымбат киімнен-ақ мыналардың жәй жүрмегендер екені белгілі . Оның үстіне мыналарға еріп шет ел азаматтары көптеп келетін .Міне бүгінде тап сондай күннің бірі болды .Өйткені терісі қап-қара тістері әппақ ,түрлерінен адам қорқатын екі негрді ертіп келіпті . Жақындап кетсем бір екі ауыз сөз айтып тиісіп өздерінше қарқ-қарқ күлген мыналардан шыныменде қорқайын дедім . Өмірімде негр көріппін ба, үйдегі теледидардан көргенім болмаса мыналарды көзбе-көз алғаш рет көруім .Түрлері не деген сұсты еді , көзімді төмен салып заказын үстелге қоя сала қаша жөнелдім . Алайда менің сұлулығыма сұқтана қараған мына екеуі қайта-қайта шүріппені басып шақырумен болды . Менің міндетім сол шақырғанда жетіп баруым керек ,онсыз болмайды . Кафенің ішкі заңы солай . Мұны маған жұмысқа тұрған күні Роза апайым тәптіштеп тұрып түсіндірген . Қысқасы міне тағы да сол шақыру шүріппесі құрғыр шыр ете қалды . Ести сала алып ұшып үлкен кабинаға жетіп бардымда , екі қолымды алдыма ұстап бұйрығын күтіп тұрдым .

Бір кезде қымбат ақаңның ұрттап алған бір негр қолымнан ұстап тұрды да ,жапқышымдағы қалтама бірдеңені салып жіберді . Тұла бойым мұздап , дірілдеп қорқып кеттім . Қорықпай қайтейін менің аппақ қолымның сыртынан қап-қара қол ұстап жібермей тұрса . Ол ол ма енді төрде отырған екінші негр үстелді айналып келіп сол қолыма жабысты . Ол да тап сондай қалтасынан бірдеңе алып жапқышыма сүңгітті . Осылайша қызықты тартыс басталды . Енді міне бірінші негр қалтасына тағы да қол жүгіртті . Ойбай мынандайды көрсем көзім шықсын , көк қағазды суырып алып омырауымнан тікелей көйлегімнің ішіне сүңгітті . Амалым қанша көзімді тарс жұмып тістеніп тұрып қатып алдым . Ал ол екеуі мені мазақтап қарқылдап күлсе де , өзімнің қандас ағаларымның мына екеуіне қой дейтіндей қауқары болмады . Тіпті қайта- қайта қол соғып екі қараны қолпаштап кафені бастарына көтерді . Бұл менің ызамды келтіргені сонша , күтпеген жерден жұлқынып тастап сытылып шықтым да қаша жөнелдім . Сол қашудан киім ауыстыратын бөлмеме барып жалма - жан қалтамдағы көк қағаздарды алып жерге атып ұрдым . Ұруыма ұрдым - ау бірақ мына қағаздар жәй қағаз емес шын доллардың өзі екенін білгенде естен танып қала жаздадым . Өйткені мұны доллар деген жазуды оқығанда барып әрең түсіндім . Ауылдан шықпаған сорлы доллар көріппін ба ,тіпті қандай түсте болатынын да білмейді екем .Сондағана көйлегімнің ішіне кеткенін іздеп тауып бүктеп-бүктеп бәрін қосып шалбарымның қалтасына тықтым . Осылайша бары жоғы бес минуттың ішінде үш жүз долларды қалтаға бастым . Әрине белің ауырмай ақша тапқан жақсы емес пе ,тағы да бес минут тұрсам болмас па еді деп армандап та үлгірдім . Дәніккеннен құныққан жаман деген ғой осылайша менің ақшаға деген аппетитім күннен күнге арта берді . Алайда абыройымды ойлап тағы да біраз жүрдім . Сөйтіп жүргенде жаңа жыл жақындай түсті . Жұмыстағы көп қыздар үйлеріне қайтуға жауап сұрап жатты . Мен болсам ауыл жайлы , үйім жайлы мүлдем ойламадым . Өйткені ауылға барып студент құрбыларыма күлкі болғанша осында қалғанымды жөн деп шештім . Оның үстіне Алматының жаңа жылды қалай қарсы алып салют атқылап тойлап жатқанын көргім келді . Осылайша жиырма қыздан бес қыз қалатын боп шештік . Қысқасы жаңа ғасырдың алғашқы жылы кіріп келуге үш күн қалған еді ...

Жалғасы бар...