Құралай Сейсенбекқызы

 
Үйге кіріп қалсам, анам намаз оқып отыр екен. Көзінің жасы тарам-тарам. Жүрегім ауырып, кері бұрылып тысқа шығып кеттім. Анамның неден жабыққаны туралы ой көкейімнен кетпей қойды. Әкем қасында. Жалғыз ұлы мен қызын да Жаратқан жақсылықтан кенде еткен жоқ. Сонда анам неге жылайды? Әлде бір жері ауырып жүр ме? Жүрегім мұздап қоя берді.  Біршама уақыттан соң теледидар көріп отырған анамның қасына жайғастым. Дегбірсізденіп, жүзіне ұрлана қараймын. Кірбің байқалмайды. Қайта әжім торлаған жүзі нұрланып, көздері күлімдеп кетіпті. Аз-кем отырған соң "Бір жеріңіз ауырып жүр ме?" дедім жәйлап. Басын шайқады. «Онда неге жыладыңыз?» дедім. Шешем «Намаз оқып отырғанда ма?» деді. Басымды изедім. «Жәй» деді ол. Әлі күлімсіреп отыр. Неге көңілді? «Менен әлдене жасырып отыр» деген оймен күдігім одан сайын күшейіп кетті. «Қараптан қарап ағыл-тегіл жылайсыз. Соңынан «неге жыладыңыз?» десем «жәй» дейсіз жәйбарақат. Адам тектен тек жылай ма екен? Не болды сізге, шыныңызды айтыңыз?» дедім мен даусым дірілдеп. Мамам маған ұзақ қарап тұрды да: «Сен қай кезде жылайсың?» деді. «Қиналғанда» дедім мен аузыма басқа сөз түспей. 
– Тағы? – деді анам.
– Қайғырғанда, – дедім мұңайып. Шешем мені бауырына тартып құшақтады да:
– Мен басым сәждеге тиіп, намазға жығылғанда жылағым келеді,– деді.
– Ой, мама! Біз аман есенбіз ғой, несіне жылайсыз? - дедім. 
– Балам, адам мұңайып немесе қайғырғанда ғана жыламайды. Сен дүниеге нәресте әкелгенде жыладың ғой? 
– Иә, сәби сүйгеніме, бақытқа жеткеніме қуанып еріксіз жыладым.
– Саған сол сәбиді кім берді?
– Құдай берді.
– Мен де намазда немерелерімді сүйдірген Құдайға ризалығымды білдіремін. Шүкіршілік етемін. Басымды сәждеге тигізген сәтте-ақ жаным көкте қалықтағандай, жеп-жеңіл күйге түсемін. Құдайдың риясыз, әзиз пейілін сезінем. Қуаныш пен шаттықтан айырмағанына елжіреймін. Әйтеуір Аллаға деген шексіз махаббаттан сөйтіп еріксіз жыласам керек. Мен жылап отырғанымды өзім де байқамаймын... – деді анам.
Алла, барыңа шүкір, барыма шүкір еттім. Алланы қиын сәтте ғана еске алмай, шаттықтың шұғыласына шомылған шуақты сәтте де, оянғанда, ұйықтағанда да естен шығармайық. Сізге осы хатты оқытқан, маған осы хатты жазуға мүмкіндік берген Аллаға мың тоба!!!