(Әзіл әңгіме)

Уәлиолла әр кез жаңа жыл қарсаңында тағдырын жүз сексен градусқа айналдырып жіберген сонау тышқан жылын еріксіз еске алады. Олай дейтініміз, сол күнгі оқиға бұл үшін басы қатты, аяғы тәтті болған бір хикая еді. Әйтеуір тағдыры алдымен қыл үстінде болып, соңы жайма шуақ өмірге ұласқанына ол мың тәубе дейді. Әйтпесе, әлі күнге ащы суға тойып алып, гәккулетіп жүрер ме еді, әлде келместің кемесіне мініп кете бара ма, кім білсін…

Ол қала іргесіндегі орыс ағайындар басым ауылда тұрып жатты. Жай жұмысшы болған соң бас қатыратын көп ештеңе жоқ, қыста қолдағы малын азықтандыру – мұның міндеті. Ал бас дегенде тек соны жазу әлегі бар. Кешегіден дыңылдайтын шақшадай басты қайткенде де «орнына қою» күнделікті дағдысы. Оған ішірткі қайда? Жегі құрттай қинаған сол аран  күнде «ақаңды» аңсап, ол үшін бұл сабазың «отқа күюге, суға да батуға» бейілді. Қасындағы бөтелкелестерімен жоқты іздеп, дүкен кезеді, тиын-тебен болмаса жеке өзі иісшіл иттей «із кесетін». Ит дегеннен шығады, сондай «жорық» кезінде ол итке де қабыла жаздағаны бар.

 Бірде ол ырғын тегін араққа қарық болмаққа дәме артып, той өтіп жатқан үйге жақындайды. Бейсауат жүргіншіні жөпелдемеде сезе қойған кәнден елді басына көтеріп, шәуілдей жөнелмесі бар ма? Онысымен қоймай бәкене ит қасына тұрқы адам шошырлық, тайөгіздей түркімен итін ергізіп, шақырусыз қонаққа қарай бүлкілдейді. Ал ол болса, қорыққанынан тұрған орнында қаққан қазықтай мелшиіп қатып қалады. Әйтеуір «күшігім, күшігім» деуге әрең-әрең дәрмені жетеді. Құдай оңдағанда, анау дәу үнсіз келді де екі аяғын мұның иығына марғау арта салады. Сол сәт адам мен хайуанның бойлары теңесіп, бауырмал ит мұның бетін жалай бастайды. Мұны көріп шошынған ақ сары келіншек «О, господи, допился, теперь с собакой целуется» депті, бетін қайта-қайта шымшылап.

Кім ойлаған, осылайша «Күлтөбенің басында күнде жиын, күнде той» алаңсыз ду-думан кешіп жатқан қайран дәурен-ғұмыры айдың аманында бастан тайып шықты. Ескі жылды есіркеп, жаңа жылды жарылқаймын деп жүріп, Уәкең ақаңды сілтеуден күн құрғатпады. «Сүр» мастығынан айықпай жүріп, уақыттың өткенінен мүлде бейхабар қалды. Өзі айтқан осы мысық тірлігі ұзаққа ұласа берер ме еді. Ескі жылдың соңғы таңында әйелі мұны қатты жұлқылап, ашулы дауыспен оятты:

– Әй, малғұн, тез тұр, кәне! Қорадағы  малдың азықсыз қанша күн тұрғанын білемісің сен. Қырайын деп пе ең? Өлмесін десең, шық та малға жем сал.

Мынау қатқыл сөздер өңменінен өткендей әсер етті. Мең-зең қалпы тыжырына жастықтан басын көтеріп, аяғынан тәлтіректей тұрды. Ықылассыз ірки басып, «осы әйелдің  ызыңы бітпейді, мал қайда қашады» деген жаратпаған сыңайда киім ілгішке қарай беттеді. Малға киетін кең қолтық комбинезонға жартылай жалаңаш денесін, аузы далиған резеңке етікке аяғын шұлық киместен сүңгіте салды да асығыс тысқа шықты. Таныс бейнені көрген бойда ірісі, ұсағы бар малдың бәрі жем бөшкесі салынған арбаға қарай лап қойды. Қожайын оларға зекіп, бөшкенің аузына қарай өресін созды. Сөйтті де қолындағы бақырашымен одан көсіп жем алмаққа қолын шынтағына дейін сүңгітіп еді ештеңе ілікпеді. Осы қимылын қайталағанда мұның қолын біреу қағып жібергендей болды. Оны ойлап тұратын уақыт жоқ, мал болса бермесіңді тартып алардай анталап тұрғандары мынау. Бөшкенің түбіне жетпей тұрған шығармын деген оймен бұл құлашын кеңге жайып, бар пәрменімен қолын тереңге бойлатып жіберіп еді. О, тоба! Қақыр-шұқыр еткен дыбыспен бірге денесі ток соққандай, тыз ете қалды да жан дауысы шыққан күйі қолын бөшкеден қалай тартып алғанын өзі де аңдамай қалды. Жыны ұстаған бақсыдай бақырып, қолын сілкілеп селкілдесін-ай кеп. Бір орнында айналшықтап тұрып алды. Сөйтсе, адамның зәре-құтын алып, аласапыран жасап жатқан ақылды да айлалы алып тышқан егеуқұйрық екен. Ол бөшке түбінде жемге тойып, «жағасы жайлауда» қаннен қаперсіз жатқан. Кенет төбесінен әңгіртаяқ ойнатқандай төңірегі тасыр-тұсырға айналды да кетті. Одан есі шыққан егеуқұйрық секіре-секіре өзі жанасқанға жандәрмен жармаса кетті. Білекке тас түйін жабысқан күйі одан сыртта да айрылмады. Ақылынан адасқан кеміргіш екі жеңнің арасын бой тасалайтын ін деп қалса керек, иықтарды баса көктей өтіп, крейсерлік жылдамдықпен құйын перін әрлі-берлі жүгірсін-ай кеп. Одан әрі балаққа кіріп, аяқтан бір-ақ шықты. Адамның ет терісі бір мезгілде мың сан құрт қаптағандай жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр етеді. Осыдан шошынғаннан бейшара от басқан мысық секілді (өзі тегін айтпаған ғой) аяқтарын кезек-кезек сілкілеп, еркінен тыс мәжбүр қимылдан болдыра бастады. Құйрықты мақұлық бостандыққа дұрыс бағыт ала алмай екі етіктің арасын кезек-кезек кезіп, қас-қағымда атылған тығындай балақтан зу ете шығып, көзден ғайып болды. Сол-ақ екен әбден қалжыраған сорлы бейбақ та өзінің «Лезгинкаға» ұқсас бейберекет биін күрт тоқтатып, «аһ» ұра құлады. Жәй сұламаған, жүрек талмасы ұстаған. Бақытына қарай онысы жеңіл болып, ауруханадан сауығып шықты.

Сөйтіп, қашан да адамды жағалап жүретін егеуқұйрық жаңа жылда Уәлиоллаға бұрынғысынан мүлде өзге екінші өмір сыйлады. Арақ десе ішкен асын жерге қоятын сабазың енді оны аузына алмайтын болды. Өзіне мүлдем жаңа кәсіп тапты. Қала мешітіндегі қысқа оқудан өтіп, құдай жолын ұстанған ауылдың имамы атанды. Онсыз бірде бір діни шара, салт-дәстүр рәсімі өтпейді. Аяғын сылти басып (аурудың салдары), шақырған жерден қалмайды. Бұрын лепіре сөйлеп, ауыздыға сөз бермейтін бір кезгі көкезу қазір құранды сарната оқып, жәмиғатты ұйытатын, шын мәніндегі молдаға айналды. Ауылдағы ең салауатты адам кім десеңіз – нақ соның өзін атайды жұрты.

Міне, Жаңа жылға санаулы сағаттар қалғанда… жо-о, жоқ, ол шакырған жерге алаңсыз кетіп барады. Егеуқұйрықтан есеңгіреп, тағдыры адам танымастай өзгергенін ол тылсым күшке телиді және оған құдайдай сенеді. Өйткені, тышқан жылы қарсаңында, басқамен емес оның кеміргіш туыстасы егеуқұйрықпен кездескенін жайдан жай емес, мұнда бір беймәлім сыр бар дейді.

 Қайткенде де адасқан адамды тәубесіне келтіріп, салауаттыққа жол ашқан сен, жарайсың егеуқұйрық!

 

Өтепберген ЖҮСІБӘЛИЕВ

журналист

Астана Ақшамы