Перзентхана

Злиха Жантасова

Болған оқиға ізімен..

Келіншек шырт ұйқыдан оянып,  халатын иығына  асығыс іле салды да ұзын дәлізді жағалап  келеді. Перзентхана  түні  ерекше. Бірі дүниеге  келген перзентін бауырына басып ,бірі  толғақ қысып дүниеге келер шаранасын күтуде.  Аягөз вакуумде әлсіз дем алып жатқан сәбиін көруге асықты.

Аягөз отадан кейін көзін ашқанда  сәбиі туралы сұрауға жүрексінді.  Қорқыныш пен үміт  тайталасы жанын алашапқын етті. Аман болғай, егер   дүние есігін енді ашқан  сәбиі  аман қалмаса,өз  бойынан сол қиындықты жеңе алатын күш-қайрат таба алар ма екен?. Терезеге қарады , есік ашылды да  палатаға енген күйеуі  жанына жақын келіп,  маңдайынан сүйді. Күйеуінің да қатты қобалжығаны ернінің  дірілінен сезілді.

  •  Аягөз,  рахмет саған,ұл бала екен.

  • Демек ,шаранасы аман екен де.Құдайдың мұнысына мың шүкір.

  •  Дүниеге келген ұрпағының  амандағымен қоса ат ұстар   ер бала екендігіне жүрегі  жарыла қуанып тұрғаны  күйеуінің жүзінен  аңғарылмай қалмады.

Аягөздің  жүрегіндегі  қорқыныш сейілді де  жаратушыға деген шексіз ризашылығы ,аналық сезіммен ұштасып талықси ұйықтап кетті. Көзін ашқан сәтте мейірбике:

 -Апай,   ұлыңыз жылап жатыр,қарны ашқан болар сүт беріңізші --деген күйде асыға басып шығып кетті.

Ия,ия   қазір-   деп жалма-жан орнынан тұрған еді, бойы ауыр тартып,  басы айналғандай.  Жаймен аяңдап балалар жансақтау  бөлміне келді. Салмағы аз,   мерзімінен ерте босанған қып-қызыл шарананы көргенде жүрегінде аналық сезіммен бірге аяушылығы  бой көтерді.

Құлыным-ау,кішкентайым-ау,сенің ерте туылып қалуына мен кінәлімін . Неге, бойыма бала біткен күннен  күтінбедім?. Неге,ауруханаға  жатып емделмедім. Сол құрғыр, мардымсыз айлық  қысқартылып қалмасын  деп жұмыстан қалмай шапқылай бердім.  Адам тіршілігіндегі көзқарастары мен дүниеге деген  пенделік өлшемі үшін  кішкене бейкүнә  періштеден іштей  кешірім сұрап тұрып , егіле жылады.

Жанына жақын келген әдеміше келген ақ сары әйел өзін балалар жансақтау бөлімінің меңгерушісі Жанат Жарылқасынқызымын деп таныстырды.   Вакуумдегі  сәбиіне емірене қараған ананың  зарыққан жанарынан ештеме сұрамай-ақ түсінді де  жаймен ғана:

-Мен сізді түсінемін.  Біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Алайда,бала өте әлсіз. Өкпесі толық жетілмегендіктен,тыныс алуы нашар.  Кішкене шарана да өмір үшін күресіп жатыр. Қараңызшы, ауыр дем алып жатса да ол бәрін сезеді. Ана құрсағынан ерте шыққан баланың  тіршілік аурасына бейімделуі өте қиынға соғады. Ол бәрін сезеді,егер сіз жыласаңыз бала да қиналады. Баланың жанына күліп келіңіз деп  сөзін аяқтады да кювездегі кішкене шараналарға еркелете тіл қата бастады.

Аягөз   жалма-жан көзін құрғатты,кішкентай  құлыншағының  құйтақандай қолынан  ұстады. Кішкене ғана тіршілік иесі тым әлсіз екен. Әр екі сағат сайын баланың  жанына келеді, қолынан ұстап,маңдайынан сипайды. Сүтін түтік арқылы ішкізеді. Еміреніп,вакум жанында тұрып,балаға деген шексіз махаббатын жеткізуге асығады.Еркелеткенде шыны ішінде әлсіз дем алған баланың жүрек соғысы жоғарылайтынына өзінің де көзі жетті. Жанынан кете алмай шарқ ұрады, егер кетіп қалса ана кішкене жүрек  тоқтап қалардай көңілін қорқыныш билейді..

Мейірбике қыздар:

-Апай, сіз барып ұйықтап дем алып  келіңіз - десе де сол бөлмені айналшықтап шықпайды. Шыныға   қарап телміреді, сәбидің жүрек соғысын айқындайтын апаратқа жүрексіне әрі үміттене қарайды. Бір бөлмеде үш шарана,бірі қазақ,бірі өзбек,бірі орыс. . Терезе тұсында есік жанында мұның баласы.   Биыл ассамблея жылы деп еді,қараңызшы мына бөлмеде ассамблея деп күбірлеп қояды ішінен.

Палатаға қайтып келе жатқанда қарсы алдынан Шолпан  ұшырасты.  Ол перзентханадан шығып бара жатқанын,сыртта күйеуі күтіп тұрғанын жеткізді. Перзентханадан  шақалағын құшақтамай, қолы бос шығу ана үшін қандай қасірет десеңізші! Мұң мен  сабыр кезектесіп кексе тартқызған кескініне аяй қарады. Шолпанмен танысқанына көп те бола қойған жоқ. Аягөздің түн жарымында  қан қысымы көтеріліп жансақтау бөліміне жеткізілді. Палатаға енген кезде бір әйелдің жатқанын көргенде, еріксіз  аяғындағы  қанталап кеткен тамырларына көзі түсіп кетті. Мен қатарлас  болар, жасы қырықтан асып босанғалы жатқасын өзімен  қатарлас жанды көргеніне іштей қуанып қалғандай. Шолпан бұдан әлдеқайда жас болып шықты,бірақ ауыр тұрмыс қажытып жібергенін жүзінен, зілмендей ауыр тіршілікті  мойнымен көтергенін қанталаған аяқтары айғақтап-ақ тұрғандай. Ертеңіне Шолпанға жасалған ота ұзаққа созылды да, кішкене шарананың жүрек соғысы соқпай жатып тоқтап үлгерді.Шолпан ұстамдылық танытып ,жарығы жоқ жарығым-ау деп жоқтап алды да,   үйдегі қос  тентегінің амандығын тіледі.   Шолпанды есік тұсына дейін шығарып салып,екеуі ұзақ қоштасты.  Өзі көтерер жүгін әйелінің мойнына арта салған  Шолпанның күйеуіне әлдене айтпақ болып оқталды да ойынан қайта айнып,салқын сәлемдесті. Екеуі ұзап кеткенше қарап тұрды, өмірдегі  кез келген  әйел  көтере алмас бейнетті үнсіз ғана көтеріп жүрген  әйел төзімділігіне таңданысын жасыра алмай , жүрегінің түбіне тығылған аяныш атты  түйін шешіліп кеткендей еріксіз  көз жасына ерік берді.

Палатаға келгенде  мейірбикелердің әбігеріне тап болды. Кеше ғана босанған келіншек перзентін тастап, перзентханадан қашып кетіпті. Аягөз ол жайында ештеме білмейтінін  айтты. Кешке келіп орналасқан  уыздай жас  келіншек   түнімен егіліп жылады. Жанына жақын келіп  жұбатқан  еді,тіл қатпады.Кейде жан баласына тіс жарып айтқын келмейтін сырлар да бар емес пе,сондай бір шемен сыры бар болар деп мазаламаған. Сол жас ана  қып-қызыл салфеткаға :

 Сәбиді үйге алып бара алмаймын. Жүктілігімді ата-анам біледі,бірақ  әкем баламмен үйге кіргізбейді. Баланы тастасаң ғана ..... -деп хат жазып кетіпті.

Ары қарай жазбапты. Несін жазады. Онсыз да түсінікті емес пе? Баласының қателігіне күйінген ата-ана. Жаза басқан қадамын түзеймін деп шарқ ұрып,одан ары жарға итермелеу. Ұят пен  ел сөзінен өз басымызды  арашалап қалу үшін осындай құрбандықтарға саналы түрде барамыз-ау.

Құдайым-ау, енді қайттік. Сүрінген тағдыр,бүлінген тағдыр. Тағы да бір бала жетім,тағы  бір ана өмір бойы өзі тастап кеткен шаранасын үздіге сағынып өтеді ғой. Өзінің қамкөңіл балалық шағы көз алдынан жүгіріп өте берді. Анасынан ерте қалу Алланың жазған тағдыры ғой . Дегенмен, әлі күнге дейін ананың алақанын,ананың құшағын   аңсап тұрады емес пе?

Бірі баладан безсе,бірі бір тырнаққа зар болып дүниеден өтуде. Ауылда пұшпағы қанамаған жеңгесі бар. Ерке әрі адуынды еді.  Сол  жеңгесінің  туған  ағасы өмірден өткенде, жаназасындағы айтқан жоқтауы жиналғандарды жылатқан:

--- Аға-ау,менен гөрі сен бақыттысың ғой. Сыртта ұлың, іште қызың жоқтап тұр. Ертең мен өлсем мені кім жоқтайды?  -деген сөзі құлағында қалып кетіпті.  

 Кювезде жатқан  баласына келгенде әлі дүние есігін ашар-ашпастан тастанды атанған  сәбидің жанынан айналшықтап шығар емес.  Қыз бала екен, ол да мезгілінен ерте туылыпты. Көзін ашпастан  әрең тыныстап жатыр. Мейірбике жанына келіп:

-Апай ,басқа біреудің баласының жанына келуге болмайды. Олар өте әлсіз.Анасы ғана қарай алады.

- Анасы жоқ қой оның...деп айтқысы келмеді. Ия, Жанат Жарылқасынқызы  айтқандай  олар бәрін сезеді. Себебі,кіндігі анасынан әлі ажыраған жоқ .  Анасының тастап кеткенін де сезіп қамығып жатыр ма екен. Сәбидің   жүзіне қарап еді,ауыр тыныстап жатыр екен.  Жаймен басып сыртқа  шықты да , күйеуіне хабарласты:

-Алло,естимісің, менің қасымда жатқан  ана сәбиін тастап кетіп қалыпты.

-А,қиын болған екен.

-Сол қыз бала екен.біз асырап алсақ қайтеді.

-Қойшы,ол да шала туылған ба ?-

-Ия, шала туылған.

-Шала баланы күту оңай дейсің бе? Өз балана қарап алсай.

-Екеуіне де қараймын. Қыз бала пысық болады. Көресің тез жетіліп кетеді.

-Жоқ   деп күйеуі   тұтқаны қоя салды.

Күйеуінің шешіміне риза болмаса да қарсы келе алмай қынжылды.

Өзгенің баласын бауырына басу жайында ойлауы мұң екен ауылдағы Сұлу кейуананың әңгімесі жадында жаңғырды. Аягөздің  бала көтермей жаны жүдеп жүргенін сезген кейуана өзі жайындағы сырын ақтарып еді.

Қызым,мен  тоғыз перзент дүниеге алып келдім. Қазір сегіз балам үйлі-жайлы.Біреуін өз қолыммен қайнағама бердім.   Үшінші балам дүниеге келгенде абысынымның алтыншы баласы да шетінеді. Қайнағамның шашы аппақ қудай болып кетті. Абысынымның да еңсесі еңкіш тартты. Екі балам үлкен,үшінші балам екіден енді аса бастаған кезі. Кешке күйеуіммен ақылдастым, үшінші ұлды қайнағама беремін деген шешіміме күйеуім қарсылық танытпады.

- Кейін өкініп жүрмейсің бе ?-деп жүзіме анықтап қарады.

Жоқ дедім батыл түрде.

-Ол есін біліп қалды ғой,келесі туғаныңды берерсің деген күйеуіме.

- Келесі бала қашан туылады. Оған дейін жан азабын тартқанша,бала ғой  тез көндігіп кетеді деп жауап қайтардым.  Жас екенмін.,оның үстіне жақынның қайғысын өзіңдей қабылдайтын еді ол кезде адамдар.

Таңертемен балам Қанатты шомылдырдым,үстіне әдемі киімдерін кигізіп,қалған киімдерін сөмкеге салып алдым. Бауырыма қатты қыстым да жетелеп ала жөнелдім. Ауыл шетіндегі қайнағамның үйіне  беттедік. . Қанатым ,қыдырып келе жатырмыз деп қуанып,аяғын көтеріп-көтеріп еркелеп қояды. Елжіреген жүрегімнің екпінін баса алар емеспін. Ошақ басында абысыным,төрде қайнағам шошайып отыр екен. Мұнтаздай үй тыныштығымен де мазалайтын сынды. Даңғарадай үйден бір салқындық бетке ұрып, жүйкеңді жұлқылап өтердей.

-Аға,жеңеше  қиналып,қан жұтып отырғандарыңызды білемін. Мына шикіөкпені сіздерге алып келдім. Бауырларыңызға бассаңыздар өз қандарыңыз ғой,жаттық танытпас. Адам алдында да,құдай алдында да айтарым сол. Сіздердің күңіреніп отырғандарыңыз біздің де жанымызға батады. Алла тағала беріп жатса,оны көрерсіздер. Бермесе,ошағымның оты сөнді деп қабырғаларыңыз сөгілмесін. Бара ғой құлыным,апаңа бара ғой деп Қанатымды жетелеп абысынымның қолына ұстатым. Екеуі де аңырып қалды да Қанатты бауырына баса бергенде үйден қашып шықтым. Қанатым бұлқынып шығып,артымнан  айқайлап ергенін ,өкіріп  жылаған дауысын естіп келемін. Артыма бұрылып қарамадым...

Ия,содан бері неше жыл өтті.Қанатым сол үйдің түтінін түтетті.  Әкесін көке деді де,менің атымды да айтпады,жеңеше де демеді.Үйге келсе де жатбауырланып,жанымда қалуға жүрексінетіндей. Ал,  арада неше жыл өтсе де  сол күн...Қанатымның менімен еркелеп басып барғаны кезі  көз алдымнан,жылағаны құлағымнан кеткен емес.

Абысыным бірде үйге келіп көз жасын сығып алды.

Аягөз- ау,  Қанатымды айналып,толғандым .  Сүндет той жасамақ болып әбігерленіп жүріп:

Құлыным,менің  балапаным, Қанатыма той жасаймын. Жалғыз балама той жасамағанда кімге жасаймын .  Аһ дегенде аузымнан түсе қалған  ,алтыным деп еміреніп жатсам. Әлгі Қанат жүгермек:

Апа,мені сен туған жоқсың ғой.Мені басқа адам туды ғой,ия деп бетіме қарап тұр.  Жүрегім су сепкендей басылды. Жетелеп  саған қайта алып келгім келді. Күйеуімнен бата алмадым,сенің адал көңіліңді де қалдырғым келмеді. Бәрін біледі екен,өскесін бізді тастап кетеді деп күйеуіме мұң да шақтым.

Өзіңнен тумай ұл болмас ...деген рас екен деп күрсініп қойды. Қанатты менен қызғанатынын да сол келген кезінде сездіріп кетті. Мен де ол үйге көп бармауға көндіктім.

Қайнағам мен абысыным дүниеден өтті.Алдында ұлым сол ата-анасынан бата алмайтын шығар деп ойлайтынмын. Жоқ,сөйтсем ол өзі  сол шешімімді   қатігездік деп кінәлайтын секілді. Өз ұлын апарып берген ана  деп кешіре алмайтын секілді.  Тіс жарып айтқан емес.  Ауырып қалсам да басқа балаларымнан жағдайды біледі де ,үйге кіріп көңіл сұрамайды. Өскен ортасы басқа болса бала да өзгеше болып кетеді екен ғой. Ол да мына қалған бауырларына еміреніп, туған бауырларша іздемейді.Қанатымның әйелі апа деп құрақ ұшып тұрады. Оған да шүкір,сол келін бірде:

-Апа,көзіңіз қиып өз балаңызды қалай бердіңіз. Мен өз баламды өлсем де бермес едім деді. Оған қалай түсіндіресің. Қазіргілердің көзқарасы басқаша ғой.

-Ей,жарығым-ай,мен қайбір жетіскеннен сол қадамға барды дейсің. Балаларым көп қой деген күпірліктен барған жоқпын ..  .Аягөз    сол жайтты әңгімелеген Сұлу кейуананың  жанарындағы   тілмен жеткізе алмайтындай мұң мен сағынышты  көрді де қорқып кетті.

Ойға  шомып келе жатып,балалар бөліміне жақындап қалғанын байқады. Жүрексіне  ішке енгенде, кішкене шаранасының беті бері қарағанын естіп қуанды. Аузындағы,мұрнындағы түтікшелерді алып тастапты.Балапаны өзі тыныстай бастады.  Енді баланы көкірегіңізге бір мезгіл қоюға рұқсат. Бала ананың көкірегінің жылуын сезінуі тиіс деді дәрігер. Аягөз  кішкентай балапанын  көкірегіне басып,ана көкірек деген осы екен ғой деп қуаныштан жылап тұрды.