Қызылжар қаласында тығыз шаруам болып автобекетке келіп едім, автобусқа билет болмаған соң таксистер тұрағына келдім. Таксист: «Қызылжарға барсаңыз бір орын бос», - дегесін Қызылжар қаласын бетке алып жүріп кеттік.
Көрші жолаушы егде тартқан, иманжүзді әйел екен. Ол кісі «жол қысқарсын», - деп мені әңгімеге тартты. Есімін Әлпеш дегенде менің таңырқап қалғанымды көріп:
- Иә, қызымды өмір бойы әлпештеп өтермін деген әкем мен 2 жасқа толғанда бақилық болған екен. Ата-әжем мені қатарымнан қалдырмай оқытты, құтты ұяма қондырды. Бірақ сонда да, ата-әженің орны бөлек, әке-шешенің орны бір бөлек екен. Бірде төркініме барғанда әжемнің:
- Қарғам, анаң туралы шындықты білетін уақытың жеткен сияқты. Ендеше тыңда қызым, әкең дүние салғаннан кейін анаң тұрмысқа шығып, сені үйге тастап кеткен соң, келінге ренжіп, оны өлді деп саған айтып қаталық жасаған едік, енді бізді кешіресің бе, кешірмейсің бе өзің білесің, сенің анаң тірі», - дегенде біреу үстіме суық су құйып жібергендей болды. Не айтарымды білмей қалдым. Себебі мен осы жасқа дейін ата-әжемнің қамқорлығында болып, анамның бұл дүниеде жер басып жүргенінен де бейхабар болыппын ғой.
Бұл оқыс хабардан абдыраған мен оларға: «мені тастап кеткен анамды көргім келмейді», - деп едім, әжем: «қой, қызбалыққа салынба бір аяғымыз көрде, бір аяғымыз жерде біз бақилық болсақ, сенің арқа сүйер адамың анаң болады. Анаңды ізде, онымен табыс, құлыным. Мен оның кеткен жағын жобалап білемін, анаңды ізде, бұл менің саған деген әжелік аманатым болсын», - деп ақ батасын бергеннен соң анама деген сағыныш жүректе бүлк еткен еді.
Содан анам тұрады деген аудандық кеңесіне анамның барлық деректемелерін жазып жібердім. Тағатсыздана тосып жүр едім ол жақтан хат келді. Хат аудандық кеңестен екен, олардың жазуынша мен іздеген әйелге ұқсас әйел ауылды жерде тұратын көрінеді. Бірақ ол кісі сенің анаң ба, анаң емес пе білмедік, сен ол кісіге біз көрсеткен мекен-жайға жазып біл депті. Содан көрсетілген мекен-жайға хат жазып жібердім.
Енді екі көзім төрт болып, күн сайын хат тосамын. Зарықтырып күткен хат келгенде қуанышымда шек болған жоқ, хатты ашып едім, көңілім су сепкендей басылды, хатта екі-ақ жол жазылған екен «мен аманмын, бес балам бар. Аман екеніңе қуаныштымын» депті. Бары сол. Көп жылдар көрмеген қызын сағынған ананың мейірін көре алмадым. Хатты жыртып: «енді сен менің анам емессің, мен сені көргім келмейді» деп жылап отырып алдым.
Менің жағдайымды байқап жүрген қайын атам: «қызым, бойыңды ашуға жеңдірме, анаңның басындағы жағдайды білмейсің ғой, сабыр сақтап, анаңа жағдайды түсіндіріп қайта хат жаз», - деп ақыл берді. Көпті көрген кісі ғой қайын атамның сөзін құп алып, анама бүкіл өмірбаянымды, ойларымды хат бетіне түсіріп салып жібердім. Содан бір күні анамнан хат келді, ол кісі мені үйіне қонаққа шақырған екен. Анам Ресейде тұратын.
Мен бала - шағамды, жұбайымды алып, анамның үйіне бардым, олар бізді тайлы - таяғымен қарсы алды. Өгей әкем тізерлеп тұрып: «сенің бұл дүниеде бар екеніңді білмеппін», - деп ағынан жарылып менен кешірім сұрады.
Анам мені құшақтап сүйгенмен, мен оған елжіреп иілмедім, себебі «орынсыз» реніш менің жүрегімді тас қылып тастаған еді. Сол түні талай әңгімелер айтылды. Менің хатым өгей әкемнің қолына тиген екен, ол хатты оқып анама: «сен маған қызыңның бар екенін неге айтпағағансың екі жетімді бірге бағар едім ғой», - деп кейіпті. Өйткені ол кісінің де әйелі қайтыс болып, қызымен қалған екен.
Артынан анаммен араласып тұрдым. Анам қаншама жаныма келіп, еміреніп жақсы көрсе де, оған жібімедім. Ол менің ренішті жүзімді көріп, көзіне іркіліп келген жасты тежеп, үнсіз кетіп қалатын. Қазір сол кез есіме түссе «неге олай істедім екен» деп жылап та аламын.
Аяулы анам осыдан үш жыл бұрын дүние салды. Балаларым әжелерін жоқтап жылап жүрсе де, менің көзімнен бір тамшы жас шықпады-ау. Неге солай қатып қалдым екен!!! Өмірдің мәңгілік емес екенін білемін ғой!!!
Бүгінгі күні анамның жағдайын түсіне алмағанымды, неге оны кешіре алмағанымды, неге еркелеп аналық мейіріне бөлене алмағаныма қатты өкінемін!!! Сонда да анам маған ренжімейтін шығар, өйткені түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеген сәбиімін ғой деп өзімді жұбатып та қоямын.
Шіркін-ай, Анамды Алла Тағала бір сәт көруге жазса, оның көкірегіндегі шер боп қатқан мұңын тыңдар ма едім. Еркелер ме едім. Әттең, енді бәрі кеш қой!!! - деп мұң торлаған жүзімен маған қарап.
Ерсін Ерғалиев