Гүнай Текин
 
Монолог
 
Мен үшін жаңа жыл - үміт отының бір тұтанып, бір сөнетін кезі . Қанша жылдан бері босқа үміт артамын. Босқа өзімді қинау екенін санам сезіп тұрса да, əйтеуір келетін шығар деймін.  Бұл жылы келетіндей сезінемін. Келмейді. Кіп-кішкентай ауылда жалғыз қалғалы он тоғыз жылдан асты.
Бір жапырағым содан бері келген емес. 
 
Менен не кінə кеткенін білмеймін. Тас жүрек боп алды. Əкесінен екі жасында айырылдық. Жастығымды жолына арнадым. Жақсы азаматтар кездессе де ұлымның бір ғана əкесі бар деумен жүрдім. Ешкімді маңыма жуытпадым. Қатарынан кем қылмау үшін бəріне бардым. Үш сағат қана ұйықтап, екі ауысымда тігінші болып жұмыс істедім. Бəріне шыдауға тырыстым.
 
Оқыттым.Дəрігер боламын деген тілегін құп көрдім.  Ол солай Едирне қаласына оқуға аттанды. Алғашқы екі жыл келіп тұрды. Оқуында өзімен бір оқитын бір байдың жалғыз қызына үйленем деді. Мен қарсылық танытпадым. Əйелі болса жағдайына қарар дедім. Алыстағы менің қолымнан не қайран келеді?! Келініміздің əкесі үйленген күннен біздің жағдайымызды қорсынды.
 
Мені мүсіркей қарайтынын сезіндім. Ұлымның мен үшін ұялатынын аңғардым. Көкейіндегіні, сөзбен айтпағанды жанар тұңғиынан оқуға болады. Өмірімде аспандаған талайдың көкірегін басып, өзімді қорлатпаған басым ұлымның бақыты үшін сол кездері  үнсіз қалдым. Бəрін шетке жиып қойып, сол таныстықтан соң қалаға ат ізін салған емеспін. Перзентімнің жүзінің мен үшін төмендегенін көргім келмеді. Бір көңілім қалған есікті қайта  ашпаймын. Арым тапталған жерге қайта барсам, арыма сын болар еді. Талай жыл сыртынан тілеулеспін. 
  Жаңа жыл қарбаласы басталғалы бір сағыныш кеудемді тесіп барады. Сағынтқан жүзін ботамның көргім келіп аңсарым ауа береді-ауа береді. Биыл келсе игі ! 
 
Жыл озған сайын қарттық жеңіп барады. Адым аттасам, буындарым сырқырап, əлім құрып қалады. Қай күні өмір сағатымның аяқталарын білмеймін.
 
Ботам!  Анасын ұмыта көрмесін!...  Сол қорланбасын деп, сол төменшіктемесін деп, іздеп бармадым. Кеудем күн сайын сыздады. Жанар жасым бір күн болса да құрғамады.   Пешенеме жазылған тағдырым шығар, бəріне жалғыз төздім....
Бұл жылы келсе игі!...
 
Аударған: Мейірхан  Мейрамбекұлы