Нағашыбек Қапалбек

жазушы

Жаналғыш әзірейілдей сұрланып, қандарын іштеріне тартып, түні бойы сұраққа алып:

– Отанын сатқан опасыздар! Неміс фашистерінің құйыршықтары! – деп былш-былш тебеді.
Мария фрау берген портсигар мен суреті бәле болып жабысты. Немісше білетінім, аудармашы болғаным жайлы Мырзалы жырдай ғып айтып беріпті. Ұрып-соғып, ұйқыдан айырып, есалаң жандай сенделтіп берген сұрағына бас шұлғып, қол қоюдан басқа амал қалмады. Әбден есеңгірегенде тірлігіңнің құны бес тиын болмай қалады екен.
Топ-тобымызбен әскери сотқа апарып, Зәкір екеумізді жиырма бес жылға, Мырзалыны он бес жылға соттады. Бізді Магаданға айдады, онда да тұрақтамай ары Тундрада мұздың астындағы мәңгі тоң боп қатқан жерді қазатын ерекше зонаға іліктік. Ерекше дейтінім, аштан, суықтан өлсек құнымыз жоқ, тапсырманы орындамасаң атып тастай салады, ауырсаң – емдемейді, суыққа қатырып, шанаға тиеп қалың орман ішіне жыртқыш аңдарға жем қылуға апарып тастайды.
Тундрада жердің астындағы тау-тастарды жылдар бойы тесіп-қазып, қураған шыбықтай жіңішкеріп, енді біттік-ау дегенде амнистия жарияланды.
Ішінара кейбіреулерді босатып жібере бастады. Ақыры он екі жылдан кейін ғана Зәкір екеумізді босатты.
Ауылдағылар тірі әруақтай тұрпатымызды көріп, бізді танымай қалды. Сталин өлгеннен кейін-ақ Мырзалы елге қайтыпты. Ол – ауылда ысқырған бригадир, Зәкір екеуімізге әкіреңдеп, колхоз жұмысына салып қойды. Көтерем арық жылқыдай ыңыршағымыз шығып жүрсек те, жұмсаған жағына бара бердік. Көргенде қорлықты Мырзалыдан көрдік. «Әй, неміске сатылған опасыздар, сатқындар!» – деп сасық күзенше шаңқылдап, жұрттың көзінше бізге жөні жоқ тиісетінді шығарды. Әбден запыс болып қалған мен үндемей құтыламын. Зәкір бірде шыдамай кетіп «Мырзалы, сені сасып өлейін деп жатқан жеріңнен суырып алып қатарға қосқан мен емес пе едім» – деп еді, Мырзалы шарт ете түсті «Контрсың, сатқынсың, немістің формасын киген фашист», – деп қамшымен тартып жіберді де, шапты да кетті.
Ауылға келгенімізге төрт ай болғанда бізді қайта апарып қамады. «Аса қауіпті шпион» деп Мырзалының жазған арызына орай қайта сот болып, екеуімізге бес жыл беріп, Мурманскіге айдады. Үш жылдан кейін Хрущев амнистия жариялап, туған жерге табанымыз қайта тиді.
Зәкір тұралап ауырып оралды, күрк-күрк жөтеліп, содан көтеріле алмай қайран азамат көз жұмды. Мен Алматыдағы екі жылдық мұғалімдер институтын бітіріп алдым. Мектепке жұмысқа тұрып, үйлі-баранды болып, ел қатарына іліндім. Іскерлігімді көріп, интернатқа бастық етіп қойды.
Міне сол жылы сен интернатта мектеп бітіреді екенсің. Әп-әдемі жұмыс істеп жүр едім, үстімнен тағы арыз түсті. «Отанын сатқан, пленде болған жан қалай жас ұрпаққа тәрбие береді», – депті. Тексерушілер келіп, бар ісімді асты-үстіне шығарып, қанша қазбаласа да, ештеңе таба алмады. ОблОНО-ның бастығы, қасында жәй киініп алған КГБ-ның екі қызметкері интернат тәрбиеленушілерінен сені шақырып сөйлескенде, «Исаев Дәуіт ағайдай білімді, үлгілі ұстаз, интернат бастығы бізге керек!» – дегеніңде бәрі отырып қалғаны әлі есімде. Ақыры мені КГБ ұсынысымен жұмыстан босатып, интернаттың бүкіл шаруашылық жағына қарайтын завхоз етіп қалдырды. Қарамағымда жирен ат, бір шана, бір арба бар, өзің білесің, қысы-жазы су тасыдым, асханаға болыстым, бітпейтін жұмысты ақырын атқарып жүре бердім. «Сатқын, шпион, пленге түскен» деген суық сөз жүрегімнен өтіп, той-томалаққа да бармаймын, тартынып арақ-шарап та ішпеймін, ешкіммен сырласып, бейпіл сөйлеспеймін, өз-өзімнен ішімнен тынып, томаға-тұйықтанып алдым. Үш ай сайын қалаға комендатураға барып, есепке тұрамын.
Бірде түнде үйге келіп мені алып кетті. Алматыдағы өзіме таныс Дзержинский көшесіндегі КГБ абақтысына екі күн қамап қойды.
КГБ-ның үш тергеушісі кезек-кезек сұраққа алады.
– Сенің ФРГ-да қызың бар ма?
– Фрау Мюллер Мария деген әйелің болды ма?
– Олармен хабарласып тұрасың ба?
Әбден зәрезап болып қалған байғұс басым не дерімді білмедім. Тайсақтап көріп едім, қолыма хат берді. Немісше жазылған бұл хатты Мюллер Марияның қызы Фатима жазыпты. Хатты оқып жатып, көзім бұлдырап, көрмей қалды. Көңілім күрт босап, шұбырған көз жасымды тыя алсамшы. Фатимаға шешесі әкесінің Исаев Дәуіт, Жамбыл ата ауылынан екенін нығарлап айтыпты.
Фатима – үлкен фабрикант, отыз бесте әкесін іздеп хат жазыпты.
Менен баяғы тәркілеп алған фрау Марияның және шашы қара, қасы қара бір әдеміше қыздың фотосуретін көрсетті. Қайран Мариям-ай, қандай асылзада перизат едің? Сен қыз тауып, атын Фатима қойып, әкесі кім екенін ақиқаттап айтқандығың қандай? Қызым да нағыз жаужүрек батыл, мені іздеп, сұрау сап, хат жазғанын көрмейсің бе? Шешесі былтыр қайтыс болыпты, басқа күйеуге тимей, бар ғұмырын жалғыздықта өткізіпті. «Әкемді бір көрсем – арманым жоқ», – депті қызым хатында.
Жүрегім езіліп, қанжылап отырып оқыдым.
Үшінші күні мені әбден қысып-қысып, ешкімге ештеңе айтпау жөнінде қолхат алып, әзер босатты. Германиядағы Фатима Мюллер ханымға «мұндай адам бұл өлкеде тұрмайды», – деп хат жазып жіберді.
Арада үш жылдай уақыт өткенде бір үлкен оқиға болды. Үйге бір топ жалаңдаған адамдар кіріп келіп, бәрімізді даладағы автобусқа апарып отырғызып, ауылдың сыртына алып шығып кетті.
Отбасымызды көрсетпеу үшін КГБ қызметкерлері көзімізді жоғалта тұруға сыртқа әкеткен екен.
Үйімізге өздерімен келген бір әйелді кемпірше киіндіріп отырғызып қойыпты. Мені баяғыда өліп қалған деп, ал мына кемпір әйелі, балалары жоқ депті.
Бірақ Фатима елеусіздеу рамада тұрған менің суретімді фотоаппаратымен түсіріп алыпты да, жылап қайтыпты. Үйіме бір бума ақша – марка тастап кетіпті.
Мұның бәрін сол бойда мені алып кетіп, тергеген кгбшниктер айтып берді. Қызымның жүрген-тұрғанын, бәрін-бәрін суретке түсіріп алыпты, соны көрсетті. Әкеліп берген ақшаны өздері алды.
Ақыры мені бес жылға Түркменстанға жер аударды, бүкіл отбасымды көшіріп алып кетіп, сол жақта болып қайттым.
Құдайдың берген үш ұл, екі қызым бар. Әйелім жуас, шаруаның адамы. Олар ештеңе білмейді де, сезбейді. Мен бұл жайлы тіс жарып жан баласына айтпадым, айтуға хақым да, хұқым да жоқ.
Кеше Алматыға КГБ тағы шақырыпты. Баяғы фрау Мария маған сыйлаған портсигар мен кішкентай алақандай суретін көрсетті. Фатима Мюллер «жол апатынан қайтыс болыпты» деп хабарлады. Мен селт етпедім, олардың өтірік айтып тұрғанын анық білдім. Іс-әрекеттерін көре берген соң солардың өздеріндей қуланып, дағдыланып алады екенсің.
Фатима қызым тірі, ол Мария екеумізден туған, өткірлігі тас жарады. «Ірі бай, буржуй, шіріген капиталист, ел қанаған фабрикант өліпті», – деп соғып отыр. Іштен тынып, үндемедім.
Өзім үйренген сұрғылт үйдің подвалындағы абақтысына үш күн түнетіп, бүгін жіберді. Сол жаққа барып шыққаннан кейін денем қышып, үстіме керосин жаққандай жаман әсер аламын. Моншаға әдейі келіп түскенім ғой.
Екі күннен кейін Ұлы Жеңістің отыз жылдығы, соғыс біткеніне міне отыз жыл. Мен замандастарым секілді көшеге ол күні шықпаймын, үйде тығылып отырамын.
* * *
Ол кісі тағы темекісін алып тұтатып, құшырлана сорды. Екеуміз екі бөтелке «Портвейн» шарабын тауыстық. Ол төңірегіне күдіктене қарап шықты. Терін асықпай сүртінді.
– «Мұны маған неге айтты?» деп отырсың ба? Ішім тола жасырын шер мен зар ғой. Алтын құрсақ әйелдің ішінде бесігімен ұл жатады, арманда жүрген еркектің ішінде ат басындай шер жатады. Тұңғыш рет өмірімді айтып, шерімді тарқаттым. Тұншығып өліп кете жаздаймын. Тек түсімде көріп шығамын, немісше сөйлеп жатамын. Фрау Мария екеуміздің мәңгілік махаббатымыздың айғағы – Фатима қызым алғыр боп өсті. Ол талай жерді жарып шығады, сендер көресіңдер соны, әлі.
– Иә, мұның бәрін, сырым мен шынымды, қара тас боп қалған шер-шеменімді саған айтып отырғаным – сенің зейінің бар. Адам танысам, әлі талай-талай асуларды асып, биіктерге шығасың, қарағым. Тек бұл сырымды жан баласына айта көрмегін. Жарай ма?
– Ешкімге айтпаймын аға. Мырзалы қайда қазір?
– Қойға шығып кеткен. Құм ішінде жеке отырады, қой бағады. Жас әйел алған.
– Кейін көрдіңіз бе?
– Көрмегенде ше? Түк болмағандай арсалаңдап амандасып, жырқ-жырқ етеді. Әлі күнге дейін үстінен күлімсі жаман иіс шығып тұрады. Әлде маған солай көріне ме!? Қай заман келсе, сол заманның иті болып үретіндер ғой. Тұншықтырған шерімді бір шығарып, жасап босап қалдым-ау… Мен татып алмаймын ғой, ауырмайтын жерім жоқ, қауқиып жүрген құр кеудем, сүлдем ғана.
Бүгін сенімен ішкім келгенін, бәрін ақтарып айтқым келгенін қарашы. Сәтті болды, қасіретімен буындыра буып қамаған қайғым сейіліп, бір рахатқа түскенімді қарашы. Қой, мен ауылға қайтайын, автобус кетіп қалар.
Ол екі ұмтылып, орнынан әзер тұрды.
–Нариман, қайыр-қош. Жаман ағаң бірін айтам деп бәрін айтты. Пенде ғұмыр деген осы-ау, сірә…Шығарып салмай-ақ қой.
Ол қолымды алып, қоштаса бастады. Алақаны өрттей ыстық, ылжырап терлеп тұр. Қалың ой қамалаған мен орнымда балбал тастай қатып қалдым.
Арада екі айдай уақыт өткенде Дәуіт Исаев ағайдың қайтыс болғанын естіп, қатты қайғырдым.
* * *
Кеше үйіме келіп қонып кеткен, баяғыда интернатта бір сыныпта бірге оқыған Айқымбай досыма осыны айтып беріп едім, ол мұңға бата, тіпті көзіне қайта-қайта жас алып, шексіз әсерлене тыңдады.
– Сен мұны жаз. Тағдыр ғой, заман басқа салған қасіретті қарғыс өмір ғой, – деді ол үніне діріл араласып.
Адам қартайғанда көңілі бос, жылауық келеді-ау.
Ол кеткен соң түні бойы тапжылмай отырып, осыдан қырық бес жыл бұрын «Голубой Дунай» деген кафеде Дәуіт ағамның айтқандарын мұртын бұзбай түгел қағазға түсіре бастадым.
Адам өмірі бір тал оқпен өлшенетін соғыс қасіреті мен оның тыртығы мәңгі-бақилық жүректерде шер болып қатып қалған зауал шақтар-ай…
 
Соңы...