Нағашыбек Қапалбек

жазушы

– Мен түрмеде көп отырған жанмын ғой. Біреулер ізімнен қалмай аңдып, тың тыңдап тұрғандай ішімде ылғи үрей жүреді, – деп ол жан-жағына сақтана қарап, кафе ішін шолып өтті.
Екеумізден басқа асханада бөтен жан жоқ. Бұрыштағы үстелге барып жайғасып, асқа тапсырыс бердік.
Біздің аудан орталығында ең үлкен, асы да дәмді орын – осы кафе. Аты да қызық – «Голубой Дунай». Аға «Портвейн» шарабын алдыртты.
– Кел, екеуміз кішкене ішейік. Саған бүгін әлі жан баласына айтпаған бір әңгімемді айтпақшымын. Екеуміз екі қырлы стаканмен қызыл шарапты сіміріп алдық.
Бұл кісіні ойламаған жерден кездестірдім. Іссапардан кейін моншаға түсіп алайын деп кірсем, Исаев ағайым жүр. Екеуміз рахаттана шомылдық, мен алып барған қайың сыпыртқымен бір-бірімізді сабалап, піскен қызанақтай қызарып, киініп далаға шыққанда, ағай:
– Жүр «Голубай Дунайға» барып шәй ішейік, – деп шақырды. Исаев ағайыма қарсы келе алмадым. Бұл кісі – баяғыда біздің интернаттың бастығы болған, өзім ерекше құрметтейтін ұстазым. Ол кезде үстінде китель, бұтында галифе, аяғында хром етігі бар, бойы тіп-тік, жүрісі шапқан аттай жылдам жігіт ағасы еді.
Қазір, міне, алдымда беті шалбарланған әжім-әжім, толқынды бұйра шашы әбден сиреп, төбе тұсы жидіген тауықтың жүніндей тақырланып әрі бозғылданып, еңкіш тартқан арық шал отыр. Даусы – баяғыдай пәрменді, ашық емес, бәсең.
– «Жүре берсең – көре бересің, көре берсең – көне бересің» демекші қалқайып, осы күнге жеткізгеніне де шүкіршілік етемін. Суға салған қайыстай созылып әлі тірі жүрмін. Ал менің замандастарым қынадай қырылды ғой. Қайран, асыл боздақтар-ай!.. Кел, алып қояйық.
Ол темекі алып тұтатып, құшырлана сорды. Шып-шып терін беторамалымен сүрткіштеп, маған еңкейе сыбырлап:
– Мен түрмеде көп болдым ғой. Алғаш Польшада концлагерьде, одан
Германияда, одан Магаданда, кейін Мурманскіде – Баренцево деген суық теңіз жағасында болдым. Иә, әңгімемді басынан бастайын. Сен зейінді шәкіртім едің. Қазір жазушы-журналиссің. Саған келіп айтайыншы осының бәрін деп сан оқталып, жүрексініп жүр едім. Оның үстіне, көп қамалған жан қорқақ келеді, сауысқандай сақ болып үрейленіп өмірі өтеді. Сен жақсылап тыңдап ал. Саған айтпасам, бір күні миыма қан құйылып не болмаса жарылып кетермін.
Осы аудан орталығындағы интернатты Зәкір алтын медальмен бітіріп, Мәскеуге оқуға түсті. Екеуміз бір ауылда өскен доспыз. Мектепті бітірген жылы мені Зәкір шақырып алып, өзі оқитын университетке сүйреп жүріп түсірді.
Зәкір – жігіттің нағыз сұлтаны еді, мәскеуліктерді, бүкіл өз маңайындағыларды таңқалдырып, оқуда озат атанып, немісше судай ағып сөйлейтін, ақындардың өлеңін жатқа айтатын. Оны бағалап ұстаздардың ұсынуымен сталиндік стипендия алатын болды. Екеумізге жатақханадан бір бөлме берді. Біз шет тілдер университетінің неміс тілі факультетінде жарқырап көзге түстік, мен мандалинде ойнап, ән айтамын, Зәкір немісше өлең жазады.
Екінші курсты бітіріп, демалысқа ауылға барып келемін деп жүргенде соғыс басталды.
Бір-ақ күнде заманның асты үстіне түсті, күні кеше ғана жарқырап, құлпырып тұрған Мәскеу қара жамылды. Соғыс әзірейілдей ысқырып, жиі-жиі дабыл қағылып, түн баласы бірде-бір шам жағылмай, ел аласапыран күйге еніп, бықпырт тигендей есеңгіреп кетті. Зәкірді бірден әскерге алып кетті, он күннен кейін мен де Мәскеу түбінде окоп қаза бастадым. Одан әрі пойызбен майданға аттандым. Фашистер күн өткен сайын сыпырыла жылжып жақындап келе жатты. Жаудан қорғауға жан-жақтан эшалон-эшалон жігіттерді әкеліп төгіп тастай берді. Ию-қию сапырылысқан солдаттардың көбі – өмірі қару ұстамаған, Орта Азия, Кавказдан келгендер бір ауыз орысша да білмейді.
Қойға шапқан аш қасқырдай анталап немістер келгенде біз әлі мылтық атуға үйрене де алмай жатқанбыз. Екі адамға бір винтовка, бес оқтан беріп, жауға қарсы шықтық. Жаныңдағы серігің өлсе, винтовкасын аласың, әйтпесе жалаң уралап шығасың. Ә дегеннен баудай түсірді. Екі күннен кейін біз қоршауда қалғанымызды білдік. Командиріміз Власов бәрімізге «дұшпанға беріліңдер» деген бұйрық берді. «Мәскеу жау қолында, СССР жеңілді» деп листовкалар таратты. Сап-сабымызбен қару-жарақты тастап, ақ туды көтеріп, немістерге берілдік.
Өлім мен тірлік арасындағы өміріміз өң мен түстей халде өтіп жатты. Құр сүлде, әруей елесіміз ғана жүр. Алдымен Польшадағы концлагерьге қамады. Ауру-сырқау, коммунист командирлерді атып тастай берді, газ пешіне тірідей өртеді, тұтқындар лек-легімен ажал апанына кетіп жатты. Қыстың қақаған үскірік аязында далада қатып қалғандар қаншама! «Маған қашан кезек келер екен» деп күннен-күнге әл-дәрменім бітіп, біржола өлуге бел байлаған тұста күтпеген жерден Зәкір кездесе кеткені!.. Үстінде – жаңа киім, қасында – бір топ неміс офицерлері. Казармаларды аралап жүр.
– Зәкір, – дедім жауынқұртша жер бауырлап жатқан жерімнен әрең көтеріліп. – Зәкір! Бұл мен ғой, Дәуіт Исаев, – деп дауысымды қаттырақ шығардым.
Әй, Зәкіржан өрт жігіт қой, жалт қарады да, бірден қасындағыларға менің де немісше оқығанымды, тілді жақсы білетінімді жеделдете жеткізіп, айта бастады. Аналар тілмашқа зәру екендігін аңғартып, дереу апарып моншаға түсіріп, концлагерьдегі немістерге аудармашы етіп қойды.
Зәкір бастаған аудармашылар бөлек жатамыз, тамағымыз да жақсарып сала берді. Еті тірі, көзі ашық оқыған тұтқындарды іріктеп Германияға айдады. Ол жақтағы түрмеде үсті-басы жарадан көрінбей, бір бұрышта бұралып, сасып тұра алмай жатқан Мырзалыны көріп қалдым. Зәкір, Мырзалы үшеуміз бір ауылдан быз, бірге өскенбіз. Түрмедегілерге тамақ таситынмын, анау мені тани сап жылап жіберді. Зәкірге айтып, оны емдетіп, жөндеп ас беріп, тыңайтқан соң тамақ тасушылар қатарына қостық. Аз уақытта ол өзіне келе есін толық жиып, шырайы кіріп, қалпына келіп алды.
– Сендерді бір жерге жіберткізейін деп жүрмін. Мені басқа жаққа ауыстырмақшы, – деді Зәкір.
Мырзалыны немістердің шошқа фермасына жұмысқа алдырды. Ал мені бір фабрикант байдың жалшылығына жіберді. Фабрикант – сыриған ұзын бойлы, қырым еті жоқ, отыздан асқан көзілдірікті жігіт. Мені адам деп көзіне ілмейді. Кәужіреген неміс шалынан сыпыртқы, күрек, күркедей бөлмесін өткізіп алдым. Байдың екі жылқысы мен бір овчаркасын, бір алабай төбетін күту, бау-бақшасына қарау менің мойнымда. Төңіректе қылау тұрғызбай есік алдын сыпыру, ағаштар мен гүлдерді суару, аттарды бір мезгіл далаға шығарып сейілдету , иттерге уақтылы тамақ беру… бір тыным жоқ. Мен барғаннан кейін екі айдан соң фабрикант әскерге шақырылып, бар жұмысын үлбіреген жас келіншегі қолға алды. Ол фабрикаға екі ат жеккен пәуескемен барғанды ұнататын, үй мен фабриканың арасы үш шақырымдай ғана. Күйеуі машинамен не мотоциклмен жүретін, әйелі пәуескені ұнатты. Әдемілеп пәуескенің үстіне күйме жасаттырдым. Көбіне-көп көмекші қызбен жүреді, көшірі – мен.
Күйеуі соғысқа барысымен оққа ұшыпты. Фрау Мария бір айдай қара жамылып жүрді. Берлинде әскери мектепте оқитын жеті жасар ұлы каникулға келіп, бір айдай болып кетті. Ол да – ұзын бойлы, суық өңді. Әкесін мен өлтіргендей өшпенділікпен қарайды. Жұмысымнан кінәрат тауып, шешесіне жамандап, мені күндіз-түні жұмсап кегін алады.
Фрау Мариямен немісше емін-еркін әңгімелесе береміз.
Арада жыл жарымдай уақыт өткенде жаздың тамылжыған ашық бір әдемі кешінде үйге төрт форма киген әйел келіп, Марияға күйеуінің орденін тапсырды. Бәрі далада шайханада отырып, шарап ішті. Кешқұрым фрау мені шақырып монша жаққызды. Өзі түсіп болған соң күйеуінің жаңа киімдерін беріп:
– Дик, енді сен де түсіп ал,– деп ерекше ықылас білдірді. Мені «Дик» деп атап кеткен. Өзінің моншасына бөтен жан адамды өмірі жақындатпайтын.
Несін жасырайын, моншадан кейін шайханада отырып екеуміз шарап іштік, артынан ол бір кішкентай құмыра алып шығып:
– Бұл – емдік шөп салынған таза спирт. Содан іш сен, Дик, – деп жарты стақан жұтқызып жіберді. Мені дереу дедектете жетектеп үйге кіргізіп, шешіне сап төсегіне гүмп құлады. Моншадан бұрқырап шығып, ішімде шарап бар, дәрі қосылған спирті бар, ежелгі патша көңілім шаттанып, гүл-гүл жайнап қанаттанып шыға келдім. Жаңа жауған ақша қар үстінде бұлаң қаққан тундраның ақ түлкісіндей келіншектің балауса, балғын денесі ойнақ қақтырып, арбап жатыр. Өлі денеге жан кіргізердей. Өлердей бір ынжық неме болмасаң, қалғаны жетіп тұр. Қалай шешініп, қалай құшағымыз айқасқаны есте жоқ. Өзге бір дүниеге еніп кеткенбіз. Іңкәр сезімдер ақтарыла, асауша бұлқынғанымыз, бәрі – бұлдыр-балдыр жан шымырлатар тәтті елес…
Күздегі күйі келген кер маралдай керілген жұмыр, жұмсақ ақ келіншек пен екеуміздің құшақтарымыз ажырамаған күйі қылықты да қызықты түннің тез сырғып, әппақ таңның қалай атқанын да байқамай қалыппыз. Ол кезде мен үйленбегенмін, әйел тәнін тұңғыш рет тұшынып, хор қызындай әппақ болып жатқан фрауға сұқтана қараймын кеп. Құшаққа толымды денесіндегі тікірейген тығыз төсіне дейін – мен ойлап көрмеген жұмбақ дүние.
Жалпы неміс әйелдерінің біразы көріксіз, сұңқиған, дәу мұрын, кәрі тауықтай қу сүйек, тыриған арық келеді. Ал фрау Марияның он екі мүшесінде қылаудай мін, кінәрат жоқ, аршын төсі мен аққу мойны, құлын мүшесі есті алып, құшырландыра түседі. Оның үстіне, жұқалап әтір себінген жұпар иісі қандай. Қай жерін сүйсем де, сипаласам да, жесір келіншек наздана еркелей нәзік ыңырсиды, жасамасыз бал сезімі бар. Маған жауап ретінде кірпігі ашылмаған күйі ол да бас салып, өліп-өшіп сүйе бастайды.
Қалың батпақтың ішінде де саф алтын жарқырап жатады, тікеннің де әдемі гүлі болады. Махаббат деген – нәзік, әсем сезім, адам жанының ең ардақты, ең аңсарлы түпкірінен бастау алатын тіл жеткізгісіз әлем.
Несін жасырайын, ондай тылсымы бар бейнені ғұмыры көргем жоқ. Жылдар жаңғырып, дүние сапырылысып қанша заман өтсе де, фрау Марияның елестей ғажап түр-тұлғасы әлі көз алдымда. Есіме түссе, ауырып қалардай болам.
– Дик, таң атып қалды. Тұра ғой, бүркітім! – деді соңғы рет құшырлана аймалап жатып. – Моншаға барып, өз киіміңді қайта ки. Бұл ісімізді ешкім білмеуі керек.
Үстіме суық су құйып жібергендей есімді жиып, таз қалпыма келдім. Өзімнің ескі киімімді киіп, енді малай ретінде пәуескені дайындадым. «Жазған құлда шаршау жоқ» деген.
Бал түндер, балауса күндер сырғып өте берді. Кештерде махаббаттың шырын сөлін бірге ішіп, бұла келіншекпен ақ төсегінде айқасып ұйықтап, күндіз тұтқын – жалшы болып жүре бердім. Махаббат, бұл – адам жанын нұрландырып, жанын жаңғырыққа бөлеп, шешек атып гүлдетеді. Фрау Мария да құлпырып, жайнап, толқынды шашын желкесіне түйіп, өзіне сай талғаммен киініп шыға келгенде, «шын соның өзі ме» дегендей аузым ашылып, таңырқай қалғанымды өзім де байқамаймын. Түн баласы сары алтындай жарқыраған жібек талды қолаң шашы тарқатылып мойнын, омырауын жеп-жеңіл жауып, наздана еркелейтін.
Ұзақ түндерде кейде түрегеп, жеңіл-желпі жамылғы жамыла салып шәй ішеміз, қызулы ыстық көңілмен бал жаласқандай әңгіме-дүкен құрамыз. Қызығымыз күн санап артып жүрген сәтте бірде ол:
– Мен жүкті болып қалдым. Не істесем екен? – дегені. Не дерімді білмедім.
Мария тосылып қалған түріме қарап:
– Саспа, Дик. Сендей бүркіттен ұрпақ алып қаламын. Сұрағандарға «соғыста кеткен таныс немістің біреуінен» дей саламын. Өзің білесің бе, бізде неміс қатындары бала тапса, үкімет қатты көмектеседі, – дегені.
* * *
Совет әскері фашистерді қирата жеңіп келе жатты. Фрауым толысып, әдеміленіп, ежелгісінен де ажарлы келіншекке айналған сияқты. Шашы толқындана сары алтындай сырғып, сусып төгіліп тұрады.
Ақыры жеңіс келді. Біздің фабрикамызда, қалаға іргелес поместьемізде ешбір өзгеріс бола қойған жоқ. Америкалықтар келіп «бұл неғып жүрген азиат?» деп мені тергеп, фотоға түсіріп, жазып алып кетті.
Ең қызығы енді басталды.
Америкалықтар жиі-жиі келіп менімен әңгімелесіп, Америкаға кетуге үгіттейді. «Ғажап өмір, тамаша тұрмыс құрасың» деп уәде берді. «Тіпті сол құрлықтағы таңдаған мемлекеттің қайсысына барсаң да рұқсат» дейді.
Біз тұрған жерді америкалықтар басып алған, мұнда ФРГ мемлекеті құрылды. Совет әскері алған жерде социалистік ГДР орнады.
Маған пакетпен хаттар келе бастады. Совет елшілігінен, жоғары қолбасшыдан, тағы басқа құзырлы жерлерден туған елге қайтуға шақырған хаттар алдым.
Жүріп-тұруы ауырлап, толысқан фрау Мария:
– Дик, сен осында, жанымда қал. Ұзамай балалы боламыз. Саған осы елдің азаматтығын алып беремін. Тамаша өмір сүреміз, екеумізге ғұмыр бойы жететін байлық, дүние бар, – деп, түнде көзі жасқа шыланып жалынып, жалбарынады.
Қайсысына сенерімді білмеймін. Елімді, қазағымды аңсаймын. Алып қашпа әңгімелер көп. Біреулер «соғыста фашистерге тұтқынға түскендерді Совет өкіметі аямайды», – дейді. Фрау Марияға да бауыр басып қалдым, біреулер байлығы тасыған Америкаға пароходқа отырып кетіп жатты.
Күз әлі бола қоймаған қоңыржай бір салқын күні аттарды өзеннен суарып, сейілдетіп келе жатсам, есік алдында совет машинасы тұр. Жүрегім зырқ ете түсті. Үйден үш советтік әскери шыға келді. Біреуі – Зәкір, көзіме оттай басылды. Үстінде «СССР-дің лейтенанты» деген погон таққан жап-жаңа әскери киім. Құшақтасып, көрісіп жатырмыз, көзімнен жасым ытқып кетті.
– Дәуіт, елге қайтамыз. Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас. Міне, Сталин жолдастың бізге деген үндеуі мен жарлығы. «Отандастарым, елге оралыңдар. Бейбіт еліміз соғыстан қалжырады. Соны көркейтейік, бауырларым», – депті Сталин жолдас, – деп орысша сөйлеп, маған парақ-парақ қағаздар берді.
Қасындағы екі капитан да жылы жүзді, жайдарлы жандар екен. «Правда» газеті мен журналдарды ашып тұтқыннан қайтқандардың бүгінгі жақсы тұрмысы жайлы фотосуреттерді көрсете бастады.
– Оқуымызды жалғастыруға да мүмкіндік беріп отыр. Міне қарашы, оқышы өзің, – деп Зәкір де тықпалап қоймайды.
– Дәл қазір өзіңе Совет солдаты формасын кигіземіз. Сталин жолдас барлығымызға кешірім жариялады, – деп тапалдау капитан рюкзакты қолыма ұстатты.
Зәкір мені шешіндіріп, форманы киіндіре бастады. Үр жаңа киім құйып қойғандай тұп-тура.
– Бір минут үйге кіріп, қоштасып шығайын, – деппін сасқанымнан.
Совет солдаты киіміммен кіріп келгенде фрау Мария жылап жіберді.
– Кетеріңді білгенмін. Қайтемін, Дик. Аман-сау бол. Бекер сенесің, радиода, газетте күнде айтып жатыр ғой ол жақты. Үй-жайың, адресің қалай?
– Жамбыл ата ауылы. Ақын.
– Джамбул ата, – деп күбірледі ол.
Еңкейіп, үстелдің астынан подсигар және екі қорап сигарет алып берді. Подсигардың бетіне «Мариядан ескерткіш, 1945 жыл. Август»– деп жазылыпты.
– Балаң дүниеге келгенде осыны саған сыйлайын деп едім… Перзентіңнің атын кім деп қояйын?
– Ұл болса – Бүркіт, қыз болса Фатима деп ата.
Машина бипілдеп, мені шақыра бастады. Айна алдында тұрған Марияның алақандай ғана кішкентай суретін алып, қатты қағазға орап төсқалтама салдым.
Ол көзі боталап, далаға да шығарып сала алмай құшақтап сүйіп:
– Даут, қош бол, қош! – деп нағыз атымды енді атап, жылап қалды.
Сырттағы үшеуі үш жағымнан қаумалап, машина қорабына секіріп міндім. Қасыма мені құшақтап Зәкір отырды.
– Біз Мәскеуде оқимыз, Дәуіт. Әлі алдымызда тамаша уақыт бар, – деп ол мәз болып, болашағымызды қиялдап кетті.
Фрау Марияның әппақ үйі бұлдырап, қалың ағаштан көрінбей қала берді.
Пойызға мінер тұста Мырзалыны жолықтырдық. Екі бетінің ұшы қызарып, үстінен жаман күлімсі иіс кетпейді. Бізді көріп еңіреп жылап жіберді.
Әр-әр жерден тоқтап өзіміздей тұтқындарды теріп, жуындырып, киіндіріп, ұзын эшалон ысқыра қозғалып, шығысқа қарай бет түзеді.
«Туған елге жетсек» деген көңіліміз алып ұшады. Зәкір, Мырзалы үшеуміз бір вагондамыз. Орысша, қазақша ән саламыз. Бүкіл эшалондағы қазақтармен шұрқырасып, танысып мәре-сәре мәзбіз.
Баяғы екі капитан тоқтаған жерде жинап, әңгіме өткізеді. «Бәріне кінәлі сатқын генерал Власов, сендердің түк кінәларың жоқ. Өз ауылдарыңа, үйлеріңе барып, туған-туыстарыңмен қауышып, жұмысқа тұрасыңдар. Оқып жүргендер оқуларын жалғастырады», – деп, Зәкір екеумізге қарап жымиып қояды.
СССР шекарасынан өткенде шуылдасып, жүрегіміз жарылардай қуанғанымыз-ай! Совет жеріндегі алғашқы станцияға тоқтағанымызда, автомат асынған, овчарка иттері арпылдаған солдаттар әр вагонның есігінің екі жағына тұра қалып:
– Қолдарыңды көтеріп, бір-бірлеп өтіңдер, – деп әрқайсымызды жеке-жеке тексеріп, алдын-ала дайындаған түрмеге қамады.
Баяғы бізді алып келген екі капитан формаларын өзгертіп киіп келгенде білдік – НКВД-ның офицерлері болып шықты. Бізді алдап қақпанға түсіріпті...
(жалғасы бар)