Күні кеше ақындар «атқа қонған » күн болды.Нәзира Бердалы «Қазақ радиосының», Мақпал Жұмабай "Балапан" арнасының, Қалқаман Сарин "Шалқар" радиосының басшысы болып  тағайындалды.Осыған орай әлеуметтік желілерде достары :

    Сағыныш Намазшамова:

Назира Бердалы - өзіндік иірімі ерек, жанға жайлы, жүрекке жылы, самалдай желпитін нәзік те мінезді өлеңдерімен қазаққа етене есім. Ақындықпен қатар журналистік қабілет-қарымын теле және радиокеңістікте бүгінге дейін-ақ танытып үлгерген. Сондықтан «Қазақ радиосының» басшысы лауазымына тағайындалуы кездейсоқтық емес. Бұл мен үшін шынында жағымды жаңалық болды.

Шығармашылық адамықай арнада да - әдебиетте де, журналистикада да азаматтық болмысын,азаматтық үнін айқын білдіретін, қоғамның тынысын сезініп, тамырын дөп басатын адам. Сондықтан «Ұлттың үнжариясы» атанып отырған радионың жетекшілігінде Назираның қадамы сәтті, бастамалары баянды болатынына сенімдімін! Оған Назираның білімі мен тәжірибесі бек жетеді!

Бүгінгідей жаңа медиа жаппай дами бастаған заманда, шыны керек, дәстүрлі БАҚ-тың бәсі төмен болып бара ма деп те алаңдаймыз. Десек те «Шалқар» радиосының заман талабына қазақы қалыбынан, ұлттық ұстанымынан айнамаған қалпында бейімделіп келе жатқаны қуантады. Назираның басшылығымен радионың осы бағыты одан әрі бекемденіп, жаңа жобалар, тың дүниелермен қауышуға жазсын!

Назира, қадамыңа қуана отырып, алдағы уақытта еңбегіңе табыс, шығаршамышылық жетістік пен жарқын белестер тілеймін!

Камшат Тасболат:

Мақпал Жұмабай құрбымыздың "Балапан" арнасына  директор  болғанын есітіп, қуанышымыз  қойнымызға сыймай жатыр. Керемет жаңалық! Мақпалды көпшілік ақын, мақамды жырлардың авторы, "Ана тілі" газетінен түлеп ұшқан талантты журналист  ретінде таниды, бірақ оның  продюсерлік, телевизиялық қырлары бір төбе! "Балапан" арнасына тың серпіліс əкелеріне сенімдіміз. Алла жаңа қызметіңе берекесін бергей! Тек биіктен көріне бер, Мақпалжан! 

Сырым Абдірахманов:
Шалқар радиосының тізгіні Қазақтың  аспанында қара  өлеңмен қанат жайған қара бала Қалқаман Сарин Бауырыма бұйырыпты! Ел игілігіндегі қызметің өрге домаласын, Қалқаш! Халықтың сүйіп тыңдайтын радиосы құлағына майдай жақсын!- деп құттықтап жатыр.