"Түнгі көбелектердің" өз істерін мойындаған видеосы туған-туыстарына көрсетілуі мүмкін
Жеңіл жүрісті қыздардың туған-туыстарына олардың жезөкшелікпен айналысқанын мойындаған сәті түсірілген видео жіберілуі мүмкін. Бұл туралы Ақтау ІІБ жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Аманнилла Абдуатов айтты.
Астана вокзалында жезөкшелер ордасын құрған "жеңгетай" мен сыбайластары сотталды
"Біз деректер базасы бойынша олар туралы мәліметті қарап, мекенжайларына хат жолдаймыз. Туған-туыстарына олардың ісі туралы хабар беріп, полицейлермен сөйлескені, жезөкшелікпен айналысқанын мойындағаны бар видео дәлелдерді жолдаймыз", — деді Абдуатов.
Бұл шешімнің қаншалықты заңға сай келетіні туралы Sputnik Қазақстан агенттігіне адвокат Талғат Мылтықбаев айтып берді.
"Мәселен, сот шешімі шығып, әкімшілік айыппұл салынатын болса, хат жолдауға болар еді, дегенмен бұл оңай дүние емес. Екінші жағынан ол видеолардың қалай түсірілгенін кім білсін. Бәлкім, оларға қысым жасалған шығар. Бұл жеке мәліметті ғана емес, компроматтық ақпаратты тарату болып саналады. Полиция мұны профилактикалық шара ретінде қарастырып отырған шығар, бірақ заң жүзінде еш негіз жоқ. Ұсталғандардың жезөкшелікпен айналысқанын сот қана анықтай алады. Мұның қалай жүргізілетінін, хаттың қалай жазылатынын қарау керек. Хаттың мәтініне де көп нәрсе байланысты", — деді Мылтықбаев.
Бейсенбі күні Ақтауда рейд кезінде құқық қорғау органдары ақшаға интимдік қызмет көрсетіп жүрген алты қызды ұстады. Оларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған, яғни — 12 025 теңге.
дереккөз Sputnik Қазақстан