Жауынгерлік оқу-жаттығуда жүрген тағы бір сарбаз жұмбақ жағдайда ауруханаға түсті. Әскерге барғанына 3 ай ғана болған Самат Нұрқожаұлына Ақтауда ота жасалып, енді Астанаға әкелгелі жатыр екен. Сарбаздың әкесі баласына әлімжеттік жасалды дегенге сенімді. Алайда, қолбасшылар жарғыға қарсы әрекет болмады деп отыр. Қос тарапты тыңдаған әріптесім жалғастырсын.
1 апта бұрын «Самат оқу-жаттығу кезінде құлап, кеудесіне ине кіріп кетті» деген хабар келгенде Нұрқожа жанын қоярға жер таппаған. Алайда, дәрігерлер алаңдайтын ештеңе жоқ деген соң әліптің артын бағыпты. Бірақ, болмашы ине кірді деген ұлдары 3 күн жансақтау бөлімінен шықпағаннан кейін дабыл қаға бастаған.
НҰРҚОЖА МЫРЗАҒҰЛОВ, жауынгер Самат Нұрқожаұлының әкесі:
– 2 инеге бола 8 сағат операция жасамайды ғой. Демек гематома болып тұр ол жерде. Соны тазалап, шлангі шығарып қойып, жазылғанша мені алдап-сулап әрі-бері сандалтып жатыр.
Самат борышын өтеп жатқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының өкілдері полигонда жүргендіктен телефон арқылы сұрақтарымызға жауап берді. Командирлер әлімжеттік болуы мүмкін емес деп отыр.
СЕРІК СЕЙІТБАЕВ, ҚР ҚК «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:
– Мен Саматпен сөйлестім ғой «Қасыңда кім болды?» дедім. «Палаткада жалғыз болдым» дейді. Полигонда бәрі сабақта болды. Ол жалғыз, қасымда ешкім болған жоқ дейді. Тергеу болып жатыр қазір. Қалай не болғанын біткеннен кейін солар айта алады. Мен қазір айта алмаймын қалай болғанын.
Қолбасшылар жауынгердің өміріне қауіп жоқ дейді. Бірақ, кеуденің жүрек жағынан кірген инені 7 күннен бері әлі ала алмай жатқанда қалай ғана сеніммен айтуға болады?
Нұрқожа баласын өзі барып көру үшін Ақтауға бармақшы болғанда дәрігерлер «сарбазды Астанаға жібереміз, сіз сол жаққа барыңыз» депті. Ертең Астанадан білікті әскери дәрігерлер келіп, Саматты алып кету мәселесін шешпекші екен.
НҰРҚОЖА МЫРЗАҒҰЛОВ, жауынгер Самат Нұрқожаұлының әкесі:
– Не Ақтауға барарымды білмеймін, не осында күтерімді білмеймін. Қазіргі әңгімелері де осындай. Ертең Астанаға алып келеді дейді. Білмеймін не істейтінімді. Ертең, арғы күні деп бала өлгенше, ине барып қадалғанша жата беру керек пе?!
БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, тілші:
– 1 ай бұрын ғана ант қабылдаған Саматтың мәселесі қалай шешілетіні ертең Астанадан барған мамандардың кесіміне байланысты болмақ. Ал, жас сарбаздың анасы осы жағдайды естігелі төсек тартып қалған. Өйткені, жуырда ғана көлік соғып тағы бір баласынан айырылыпты.