Қостанайлық тәртіп сақшылары облыс орталығы мен Рудный қаласында жезөкшелікке тарту деректерін анықтады.
Қостанай облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс орталығы мен Рудный қаласында заңсыз іс-әрекет жүргізіп отырған тай массажы салондарының қызметін тоқтатты. «Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Қостанай қаласының 30 жастағы және 35 жастағы тұрғындары ұсталды. Тәртіп сақшылары аталған салондарда тай массажымен қатар, ақшалай сыйақы үшін жыныстық сипаттағы қызметтер көрсетілгенін анықтады. Сонымен қатар, интим қызмет көрсетіп келген 15 қыз тексеруге алынды», - деп хабарлады полиция департаментінен. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК 309-бабының 2-бөлігімен («Жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық») сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.