Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы орталық базардан 1,5 млн теңгенің алтын бұйымдары ұрланды. Күдіктілер сауда қатары жаймасының астында тұрған сөмкені қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті алтын ұрлығын өзінің 4 сыбайласымен бірге жасаған. Аудандағы тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында күдіктілерді жедел іздестіру шараларын жүргізді.
«Күдіктілердің біреуі Шымкент қаласынан ұсталып, қамауға алынды. Қалғандарына іздеу жарияланды. Оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 188 «Ұрлық» бабымен тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды», - делінген хабарламада.