Мемлекет басшысы халыққа жәрдемақы берудің негізгі шартын атады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында халыққа атаулы әлеуметтік көмек беру мәселесін қозғады, деп хабарлайды Sputniknews.kz тілшісі.
"Үкімет атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесін түзетуі тиіс. Ондай көмек ашық, әділ және жұмыс істеуге мотивация жасауы қажет. Осы көмек көбінесе жұмыс істейтін адамдарға берілуі шарт. Үкімет пен Атамекен шұғыл бір айдың ішінде көпбалалы аналарды микро және шағын бизнеске тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуі тиіс. Үйде жұмыс істеуге де жағдай жасауымыз қажет", - деді Тоқаев.
Осы орайда президент тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға көмек беру мәселесін қозғады. Ондай балалар үшін кепілдендірілген мемлекеттік көмек енгізілуі керек.
"Мектепке дейінгі жастан бастап оқушы болғанға дейін көмек беріп отыру қажет. Тегін тамақ, оқу құралы және формамен қамтамасыз ету, медициналық көмек, соның ішінде стоматологиялық қызметті төлеу, қоғамдық көлікке кеткен шығындарды өтеу сияқты шаралар бар. Осының барлығы 2020 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс", - деп атап көрсетті Тоқаев