Бүгін Алматы маңындағы ұшақ апатында қаза болғандардың бірі — талдықорғандық Бауыржан Қалиевты жақындары жер қойнына тапсырды. Марқұмның туған-туыстарына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келіп, көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бауыржан Қалиев тура бір айдан кейін 41 жасқа толар еді.
Қатарлас, сыныптас достары Бауыржанның ақ жарқын көңілін, жауапкершілігін, азаматтығын айтып, еске алуда. «Жұмыста еңбегіне адал атқаратын. Отбасын қатты жақсы көретін азамат еді. Әрқашан да бізге отбасы туралы айтып беретін. Әке-шешесін, бала-шағасын өте қатты жақсы көріп, сыйлайтын. Өзімізге қаза ауыр тиіп жатыр», деді әріптесі Данияр Махамбет. Бауыржан Қалиев Талдықорғанда туып өсіп, мектеп бітірген. Семейдің заң колледжін тәмамдаған соң еңбек жолын құқық қорғау саласында бастаған.
Бала-шаға қамымен Алматыға қызметін ауыстырып, жеке компаниялардың бірінде жұмыс істеп жатқан. «Енді ғана 15 жылға ипотекаға үй алып, баспаналы болдым деп қуанып жүрген азаматтың армандары көп еді»,- деп жақындары қимастықпен марқұмды жер қойнына тапсырды.