Зорлықшы үш баланың анасын еденге атып ұрып, жастықпен тұншықтырған. Медбике амалын тауып қашып құтылған.

Шығыс Қазақстан облысының Зубаир ауылында жергілікті тұрғын үйге шақырумен келген медицина қызметкерін бірнеше сағат бойы зорлаған, деп хабарлады Еуразия бірінші арнасы.

30 жастағы Жанар 10 жылдан бері медбике болып жұмыс істейді. Ол үш баланың анасы. Өткен жылдың қазан айында ауылдасы оны үйіне шақырған. Медбике дәрі (система) егуге келген, алайда 45 жастағы науқас ішімдік ішіп, зорлықшыға айналып шыға келген.

"Ол мені шалт қимылмен еденге атып ұрды. Жылап, тимеші деп жалынып-жалбарындым. Үстімде отырған күйі диваннан жастық алып, мені тұншықтыра бастады. Дәрменсіз күйде едім, ауа жетпеді. Қатты қорқып кеттім. Ол пышақ немесе балта алып, шауып тастайтын шығар деп ойладым", - деп еске алды келіншек.

Ол үй иесі бірдеңеге алдана бергенде үйден қашып шыққан. Қаскөй оның артынан жүгіріп, 10 мың теңге ұсынып, ренжімеуін өтінген көрінеді.  

"Жанарды әкімдіктің алдында көрдім. Шақырып едім, қаша жөнелді. Оны қуып жеттім. Ол мені құшақтап жылады. Не болғанын бастан-аяқ айтып берді. Оны үйіме алып бардым", - дейді жергілікті тұрғын Үміт Жүсіпова.

 

Ауылда бар-жоғы 60 түтін бар, барлығы бір-біріне көмектесуге тырысады. Әлгі оқиғадан кейін медбике жұмысқа баруға қорқып жүр, ал жергілікті тұрғындар зорлықшыны қатаң жазалауды талап етіп отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, күдіктінің ата-анасы кетіп қалған, ал жұбайы жәбірленушіге бірнеше рет келіп, кешірім сұрапты.

"Оқиғадан кейін бір аптадан соң біз жиналып, хат жаздық. Оған барлығы – жас та, кәрі де қол қойды. Әділ жазалануын талап етеміз", - деп мәлімдеді Зубаир ауылының тұрғыны Болатхан Төкешов.

Ауыл ақсақалдары бұл адам бұған дейін қитұрқылық жасады деген күдікке бірнеше рет ілінгенін айтады, бірақ әрдайым кешірім беріп, жібере салған.

Зорлау оқиғасынан кейін медбикеге пәтер де, ақша да ұсынылды. Бірақ әйел бәрінен бас тартты. Барлығы сот тергеуінің сапасына алаңдайды. Өйткені ветеринарлық дәрігердің прокуратурада ықпалды туыстары бар көрінеді.

Облыстық соттың өкілі Назгүл Рахметуллинаның айтуынша, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сот отырысы жабық өткізілуде.  



   Дереккөз : sputniknews.kz