Жүргізуші көлігінің қаптаған құжатын өзіңмен алып жүрмейсің.
 
Енді оған тек жеке куәлігің болса жеткілікті. Ішкі істер министрлігі жақын арада заңға осындай өзгеріс енгізгелі жатыр. Тағы бір өзгеріс, енді автобөлшектердің техникалық төлқұжаты болмаса, оны сатуға болмайды. Сатса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. «Мұның барлығы айналып келгенде автокөлік нарығын реттеуге, сондай-ақ, көлік ұрлығын азайту үшін керек», - дейді министр Ерлан Тұрғымбаев.
 
Бүгінде бүкіл патрульдік полицейлерде 6 мыңдай планшет бар. Оларда еліміздегі бүкіл автокөліктерге қатысты мәлімет топтастырылған.
 
Жол полициясы жүргізушінің жеке куәлігін тексеру арқылы соның барлығына көз жеткізе алады. Сондықтан жүргізушіге енді көлікке меншік құқығын растайтын құжаттарының керегі жоқ.
 
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: - Жақын арада заңға өзгеріс енгізейік деп отырмыз. Яғни, алдағы уақытта жүргізуші көлігінің бүкіл құжатын арқалап жүрмейді. Енді тек жүргізушінің өзінің жеке куәлігі болса жеткілікті. Өйткені полиция қызметкері сол арқылы планшеттен бүкіл мәліметті көре алады. Көп ұзамай, Әкімшілік кодексте тағы бір өзгеріс болады.
 
Ол қолданылған автобөлшектерге қатысты. Автобөлшектер тек арнайы дүкендерде ғана сатылу керек деген тәртіп былтыр қолданысқа енгізілген. Енді сатушы ешқандай құжатсыз, яғни, техникалық паспорты жоқ бөлшекті саудаға шығарса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай тәртіптен хабары жоқ қара базардағыларға бұл заң қиынға соғайын деп тұр. Тек ресми құжаттарымен жұмыс істейтін орындар ғсаспайды.  
 
Әділбек Дигимбаев, автобөлшек сауда орталығының басшысы: - Бұл жергілікті көліктерді бөлшектеп сататындарға қатысты деп ойлаймын. Әрине, ол дұрыс. Ұрланған автобөлшектерді сату жойылады. Біз 2009 жылдан бері Германия мен Жапониядан тасымалдап келеміз. Бүкіл кедендік декларациямыз бар. Сондықтан заң бізге қиындық тудырмайды. Ішкі істер министрінің айтуынша, заңды бұлай қатаңдатудың астары бар. Себебі, ұрланып, шекара асып кеткен көліктердің осы күнге дейін елге қайтарылғаны үштен біріне де жетпейді. Тіпті шекарадан өтіп жатқан автокөліктер туралы ортақ ақпараттық база да жоқ екен.
 
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: - 2005 жылы келісім қабылданғаннан бастап осы кезге дейін ұрланған 220-дан астам көліктің тек 30 пайызы елге қайтарылды. Өйткені сұрау салу нормалары дұрыс жұмыс істемеген. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді.
 
Енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға  бір ай ғана уақыт беріледі. Бұдан былай ТМД елдері жол-көлік, өрт және табиғи апаттардан зақымданған автокөліктер туралы мәлімет алмасып отырады. Ал бір жыл ішінде іздеуі жоқ автокөлік анықталса, ол сол мемлекеттің меншігінде қалдырылады. Ресми құжатқа ТМД-ның алты мемлекетінің Ішкі істер министрлері қол қойған.

ktk.kz