«Қызыл» аймақтағы өңірлердің көшіне бүгін Шымкент қаласы қосылды. Елімізде ауру көрсеткіші күн сайын көбеймесе, кемімей тұр. Соңғы тәулікте елде 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды деп хабарлайды el24.kz ақпараттық порталы ktk.kz арнасына сілтеме жасап.
Кеселдің таралуын тоқтату үшін әр облыс өзінше шектеу шарасын күшейтіп жатыр. Маңғыстау облысындағы жаңа қаулыға сәйкес, спортшылардың қауіптің «қызыл» аймағындағы өңірлерге шығуына рұқсат жоқ.
Атырау облысында кесел жұқтырған жүкті келіншектер әлі көбейіп жатыр. «Сары» аймақтың сапында алты-ақ облыс қалды. «Қызыл» белдеуден бір-ақ шықпас үшін бәрі де карантин талабын күшейтіп тырысуда.
Маңғыстау облысы жаңа қаулысында түрлі нысандардың жұмысын тоқтатқаны өз алдына, спортшыларына «қызыл» аймақтағы өңірлерге аттап басуЫНА тыйым салды. Мұнайлы өлкеде ауруды осындай қадаммен ауыздықтамаса, кесел кеулеп, тізгін тартқызбайын деп тұр. Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы: - Аймақта ауру тіркелу өсіп келе жатыр.
Наурыз мерекелерін өткізгеннен, халықтың әлеуметтік арақашықтық сақтамағанынан қарқын алды. Қазір өңірімізде 4765 коронавирус жағдайы тіркелді. 646 көрсетіп отыр. 100 мың адамға шаққанда репродуктивті көрсеткішіміз тым жоғары. Біршама уақыт «жасыл» аймақта жағасы жайлауда болған Шығыс Қазақстан облысы бүгін «сары» белдеуге өтті. Індет әсіресе Семей, Аягөз бен Өскеменде өршіп, шектеу шарасын 28 сәуірге дейін созуды ұйғарды. Бірақ вирус облыстағы Ақтоғай елдімекеніне сырттан келіп жұмыс істейтіндерден жиі шығып жатыр.
Сондықтан өңір әкімі мұнда уақытша басқа жақтан жұмысшы жалдамауға пәрмен берді. Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: - Біз жыл соңына дейін 747 мың адамға вакцина салуымыз керек. Ал әзірге жағдайды бақылауда ұстау қажет. Сондықтан, Ақтоғайдағы компания сырттан жұмысшы әкелуді доғара тұрады. Әсіресе Түркістан, Қызылорда және Павлодар облыстарынан. Атыраудағы жағдай да көңіл көншітпейді. Бүгін шыққан қаулыға сәйкес, мектеп пен университет түбегейлі онлайнға ауысты.
Тек оқушы саны 300-ден аспайтын мектептердің вируспен шаруасы жоқ, бұрынғыдай жұмысын жалғастырады. Мемлекеттік және кәсіпкерлік орындардағы қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Атырауда вирус аяғы ауыр келіншектерден жиі шығып жатыр.
Облыстың бас санитар дәрігері ауруханада 23 жүкті әйел ем қабылдағанын айтып дабыл қақты. Асхан Байдуәлиев, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: - Вирус жұқтырған аяғы ауыр келіншектер ішімдегі бала да ауырып қалады деп қорқады.
Олай қауіптенудің керегі жоқ. Өйткені коронавирус құрсақта жатқан сәбидің дамуына әсер ете алмайды. Ең қорқыныштысы, баланы өмірге әкелген соң басталады. Сондықтан біз қазір облыстағы аяғы ауыр келіншектерді қатаң бақылауға алдық. Және де оларға айтарымыз: карантиндік талабын қатаң сақтаңыздар.
Аймақтардың «жасылдан» «сарыға», «сарыдан» «қызылға» өтуі бағдаршамның түсіндей ойнап тұр. Бірақ «жасылына» аялдағандары аз қалды. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент – үш қаладан бөлек, алты облыстың «қызыл» аймақта екенін ескерсек, батпаңдап кірген аурудың әзір мысқылдап шығуы екіталай.