Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ҚР Парламент сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің сауалына деген жауабында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, электр самокаттарды пайдалану туралы ереже Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында қаралмақ.
Бұған қоса, ол электросамокаттарды құқықтық реттеу үшін қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамашылығымен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленгенін сөз етті.
"Осы заң жобасы электросамокаттардың жол жүрісіне қатысуын регламенттеу, "шағын электр көлік құралы" ұғымын енгізу, сондай-ақ осы құралдарды басқаратындардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу бөлігінде түзетулерді көздейді. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар осы заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын әзірлеуде. Көрсетілген актілерді қабылдау электросамокаттарды пайдалану мәселелерін құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді", - деп қосты үкімет басшысының орынбасары.