Тергеудің біткенін ақыры түрмеде күтетін болды. Прокурорлардың талабынан соң, сот Бақытгүл Хаменоваға қатысты шешімін қайта өзгертті. Атырау облысы әкімінің орынбасары он күн бұрын ғана үйқамаққа ауыстырылған болатын.

Ал шешімнің өзгеруін соттағылар тағылған айыптың ауырлығымен түсіндірді. Оның үстіне Хаменова үйінде жүрсе қызметін, ықпалды тамыр-таныстарын пайдаланып тергеуге кедергі келтіруі ықтимал деп тауыпты.

Егер тағылған айып бойынша шенеунік кінәлі деп танылса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Атырау облысы әкімінің орынбасары Абай ескерткішіне  бөлінген 145 миллион теңгеден ауызбастырық алды деген күдікпен екі апта бұрын ұсталған болатын. Онымен қоса Атырау облысы мәдениет басқармасының басшысы да ұсталған. Бірақ Ақылбек Рысқалиев өз кінәсін бірден мойындап, тергеушілерге көмек бергені үшін қамауға алынбады. Ал Хаменова темір торға қайта қамалғанымен, қызметінен әлі ресми түрде босатылмапты.  

Ержан Төлек, Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы: - Өткен жолы айтқанымдай, қазір соттан ешқандай шешім келген жоқ. Қазір тергеу изоляторында жатқанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан жалақы жүрмейді, жұмыста болмауына байланысты. Оған қарасты басқармалар қазір әкімнің өзге орынбасарларына бөлініп берілді. Қазір сол кісілер жауапты.

Дереккөз : ktk.kz