Өзінің қолынан келетін кәсіппен айналысуды алдына мақсат қойып, жарқын болашаққа ұмтылған жандардың бірі Жаңаөзен қаласының тұрғыны Олег Берсенев.

Оның таңдаған кәсібі темірден түйін түю. Негізі, бұл жолды Олег Берсенев бекер таңдамаған. Өйткені оның негізгі мамандығы дәнекерлеуші, ал темірден алуан түрлі бұйымдарды жасауды ол бала кезінен бастаған. Ең алғаш мектеп жасында сымнан себеттегі раушан гүлін жасап анасына сыйлаған. Олегтің айтуынша бұл өнер оған атасынан дарыған.


Олег Леонидович 2020 жылы жеке бизнес жоспарын дайындап, 500 мың теңгелік грантқа қатысуға құжат тапсырып, нәтижесінде комиссияның оң қорытындысын алған. Осылайша, қайтарымсыз қаражатына қажетті материалдарын алып, бүгінде ол шағын шеберханасында жаны қалаған дүниесін жасаумен айналысады. 


Ол шеберханасында көптеген темірді кәдеге жаратып,  өздіндік қолтаңбасы арқылы өнер туындысына айналдырған. Олегтің қолынан шыққан өнімдердің сапасы өте жоғары. Жаңа үлгімен дайындалған үлкен темір қақпалар, әткеншектер, шатырлар, орындықтар, ерекше дизайндағы гүл қоятын тіреуіштер, қоқыс жәшіктері, құстардың, жануарлардың бейнесі секілді тағыда басқа дайын болған өнімдер тез арада өз иелерін табуда. Әсіресе, өндіретін өнімі үй тірлігіне, тұрмысқа қажетті заттар болғандықтан, сұраныс та көп. Тапсырыс берушілердің әрбір өтініш, қалауы ескеріледі екен. 


Шебердің қолынан шыққан кейбір дүниелерді қала, облыс орталықтарындағы сауда орындары, мейрамхана, дәмхана иелері тапсырыспен алдыратын көрінеді. Темір ұстасы Олег тек қана кәсіпкерлікке бой ұрмай, жай темірге екінші өмір беріп, темірді иіп, кесіп, жалғап, өрнектеп, сырлап, қажет дүниеге айналдырып отыр.


- Қолымнан келгенше бұйымдарды шын ниетпен жасауға тырысамын. Содан болар, жасаған дүниелерім көпшілікке ұнап жатады. Темір технологиясы басқа материалдарға қарағанда өте ауыр. Мысалы қағаз, ермексаз, майлы бояуды алған мезгілде ойға келген фантазияңды жасай бересің. Ал, темірде олай болмайды, темірде бәрі тәртіппен жасалынады. Қазір тапсырыспен бүркіттің мүсінін жасап жатырмын. Оның әрбір қауырсынын бірнеше мәрте өлшеп, пішіп жасаймын. Сәл қателессең еңбегің зая кетеді. Бұндай тапсырысқа үш айдан астам уақыт кетеді. Бұл жұмыс кейбіреулер үшін елеусіздеу көрінетін шығар. Шын мәнінде, оған ептілік пен шыдамдылық қажет. Өйткені бір темір мен екінші темірді дәнекерлеп, одан әдемі бұйым шығаруды үлкен өнер деп білемін. Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Менің арманым алдағы уақытта өз кәсібімді ары қарай дамытып, шеберханамды кеңейтіп, жастарға өз кәсібімді үйретіп оларды жұмыспен қамту, - деді Олег Берсенев.