Тамыздың 3-іне қараған түні Ақтаудағы 17-шағын ауданда полиция қызметкерін пышақтап кетті. Ол ауруханаға түсіп, сол жерде көз жұмды.

Маңғыстау облысының полиция департаменті марқұмның шынымен де полицей екенін растады. "Сағат 03:50-де кезекші бөлімге мойын тұсынан пышақ жарақатын алған 26 жастағы жігітті жедел жәрдем көлігі 17-ші шағын аудандағы бір үйдің ауласынан Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізгені туралы ақпарат түсті.

Ол есін жимастан жансақтау бөлімінде қайтыс болды", - деп хабарлады полиция. Марқұм еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері екені анықталды. Жедел іздестіру шаралары барысында 27 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.

Кісі өлтіруге не себеп болғаны айтылмады. Аталған факті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша Ақтау полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, тергеу жүріп жатыр.


КТК жаңалықтары