Астанада коронавирустың аздап өскені байқалады
Елордада коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты. Бұл жайында Астана қаласының бас мемлекеттік санитария дәрігері Сархат Бейсенова айтты.
«Қалада коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп санаймыз. Біз жасыл аймақта тұрмыз. Дегенмен, науқастанғандар тіркеліп жатыр. Біз апта сайын мониторинг жүргізіп, сырқаттану статистикасын тапсырамыз.
Егер статистиканы қарайтын болсақ, желтоқсанда — 61, қаңтарда — 74 жағдай тіркелді. Соңғы апталарда 21 және 25 жағдайдан тіркеліп отыр. Яғни, желтоқсанда аптасына шамамен 13-15 жағдай болса, қаңтарда тіркелген науқастар саны 18 жағдайға артты.
Ал ақпанда аздап өсім байқалып, аптасына 25 жағдайға дейін жетті», — деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Оның атап өтуінше, коронавирусқа шалдыққандар бір-бірімен байланыста болмаған. «Бүгінде стационарда 3 науқас ем алып жатыр. Қалған науқастарда клиникалық белгілері жоқ, амбулаторлық ем алу үстінде. Мұның үстіне мониторинг міндетті түрде жүргізіледі», — деді Сархат Бейсенова.