Ақмола облысында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, екі адам көз жұмды және тағы бір адам зардап шекті.
Аумақтық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 ақпанда сағат 17:02 шамасында Бурабай аудандық ПБ кезекші бөліміне «Бурабай – Қымызынай» аралығында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабар түскен.
«Анықталғандай, Біржан сал ауданының 76 жастағы тұрғыны басқарған «ВАЗ-2107» көлігі жолдың қарсы бағытында жүріп келе жатқан «ГАЗ-3110» көлігімен бетпе-бет соғылған. Салдарынан «ВАЗ-2107» көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы (71 жастағы әйел) алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Ал, «ГАЗ-3110» көлігінің 53 жастағы жүргізушісі түрлі дене жарақатымен «Авиценна-Бурабай» ЖШС жатқызылды», - деді ведомстводан. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды.
Дереккөз: ҚазАқпарат